Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамп, Путин мен Си Цзиньпин алғаш рет ядролық қару тағдыры тақырыбында үшжақты келіссөз жүргізбек

Трамп, Путин, Си Цзиньпин ядролық қару
Фото: ТАСС / Вячеслав Прокофьев, EPA, SARAH MEYSSONNIER

АҚШ, Қытай және Ресей басшылары ядролық қаруды қысқарту мәселесін алғаш рет үшжақты форматта талқыламақ. Дональд Трамп, Си Цзиньпин және Владимир Путин келесі аптада Қытайда өтетін кездесуде ядролық қарудың таралу қаупі мен Иран мәселесін де сөз етеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CNN порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесу Қытайда өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммиті аясында ұйымдастырылады. Онда ядролық қаруды таратпау мәселесі талқыланады. Трамп бұған дейін әлемдегі ядролық қаруы ең көп елдер арасында жаңа келісімге қол жеткізуге болатынын айтқан еді.

"Президент бұл кездесуде басқа мәселелермен қатар әлемдегі ядролық қару көлемін қысқарту мәселесін де талқылайтынын нақты айтты. Президент Трамп ядролық қарудың таралуын өте қауіпті деп санайды", – деді Ақ үй өкілі Оливия Уэйлс журналистерге.

АҚШ пен Ресей арасындағы ядролық қаруды шектеу жөніндегі соңғы келісімнің мерзімі биыл ақпанда аяқталған. Ал Қытай өз ядролық арсеналын қарқынды түрде ұлғайтып келеді.

Алайда АҚШ шенеуніктері ядролық қару мәселесі бойынша жаңа келісімге бірден қол жеткізу мүмкіндігін төмен бағалап отыр. Олардың айтуынша, алдағы кездесу тараптар арасындағы диалогтың бастамасы болмақ.

"Біз қандай да бір келісімге қол жеткіземіз деп күтпейміз. Мен бұл кездесуді аталған елдер басшылары арасындағы алғашқы әңгіме, диалогтың басталу нүктесі деп сипаттар едім", – деді АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеуніктерінің бірі.

Оның сөзінше, бұл кездесу алдағы уақытта нәтижелі келіссөздер жүргізуге негіз қалауы мүмкін. Сондай-ақ шенеуніктер үш ел басшысы Иран мәселесін де талқылауды жоспарлап отырғанын айтты.

АҚШ өкілінің мәліметінше, Трамппен бірге Қытайға сапарға Илон Маск та баруы мүмкін. Алайда ол үшжақты кездесуге қатыспайды.

Әзірге Бейжің мен Мәскеу үшжақты саммитке қатысатынын ресми түрде растаған жоқ.

Еске салсақ, қазір Ресей, Украина және АҚШ өкілдері Әбу-Дабиде бірнеше айлық үзілістен кейін қайта келіссөз жүргізіп жатырғанын хабарлаған едік. Жабық форматта өтіп жатқан кездесуде соғысты тоқтату, қауіпсіздік кепілдіктері талқылануда. Алайда Мәскеу мен Киевтің ұстанымдары әлі де алшақ. 

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 14 Қараша, 2026 12:45