Әбу-Дабидегі үшжақты келіссөздің алғашқы күні: Тараптар не талқылады?
Ресей, Украина және АҚШ өкілдері Әбу-Дабиде бірнеше айлық үзілістен кейін қайта келіссөз жүргізіп жатыр. Жабық форматта өтіп жатқан кездесуде соғысты тоқтату, қауіпсіздік кепілдіктері талқылануда. Алайда Мәскеу мен Киевтің ұстанымдары әлі де алшақ. Ресей атысты дереу тоқтатуға келіспесе, Украина бейбіт келісімнің басты шарты ретінде соғысты аяқтауды талап етеді. АҚШ екі тарапты ортақ шешімге келтіруге күш салып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Келіссөздердің алғашқы күні төрт жарым сағатқа созылған. Кездесудің екінші кезеңі 11 қараша күні өтеді.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио алғашқы күнгі кездесуді “өте нәтижелі” деп бағалады. Дегенмен Рубионың өзі Әбу-Дабиде емес, Парижде G7 елдерінің сыртқы істер министрлері бас қосқан жиынға қатысып жүр.
Әзірге Әбу-Дабидегі америкалық келіссөзшілер де, Ресей мен Украина делегацияларының өкілдері де кездесудің қорытындысы туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Келіссөздер қалай басталды?
Әбу-Дабиге келген Ресей делегациясының құрамы ақпан айындағы кездесумен салыстырғанда едәуір кеңейген. Жаңа қатысушылардың қатарында Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің Бесінші қызметінің басшысы Алексей Комков пен оның орынбасары Дмитрий Минаев бар. Бұл құрылым Федералдық қауіпсіздік қызметінің шетелдегі қызметіне жауап береді.
Сонымен қатар Ресей делегациясының құрамына алғаш рет Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков пен Михаил Галузин, Бас штабтың ақпарат басқармасы бастығының орынбасары Александр Зорин қосылған.
Ресей делегациясының басшысы Владимир Мединский құрамның кеңейгенін растады.
“Делегация құрамы кеңейіп, кәсіби деңгейі одан әрі артты”, – деді ол.
Алайда келіссөзге жаңа қатысушылардың не себепті қосылғанын түсіндірмеді.
Украина делегациясын бастап барған Рустем Умеров кездесудің басында Киевтің ұстанымын жеткізді.
“Украина президенті Владимир Зеленский бізге соғысты аяқтау үшін қажет барлық мәселені талқылауды тапсырды. Халқымыз да соғыстың тоқтағанын күтіп отыр. Келіссөздер нәтижесінде ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткіземіз деп үміттенеміз”, – деді ол.
АӘбу-Дабидегі кездесулер жабық форматта өтіп жатыр. Ресей мен Украина өкілдері ақпаннан бері алғаш рет бір үстел басына жиналды. Келіссөз үстелінің ортасында АҚШ президентінің арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер отыр. Олар қазан айында алдымен Украина президенті Владимир Зеленскиймен, кейін Ресей басшысы Владимир Путинмен кездескен еді.
Кездесу басталғанда Джаред Кушнер АҚШ-тың бейбіт келісімге қол жеткізуге бағытталған бірнеше сындарлы ұсынысы бар екенін айтты. Сонымен қатар Дональд Трамптың соғысты тоқтатуға ниеті берік екенін жеткізді.
“Президент Дональд Трамп бізге соғысты тоқтатумен шектелмей, екі тараптың да болашағын нығайтуға мүмкіндік беретін ортақ шешім табу үшін бар күшімізді салуды тапсырды”, – деді Кушнер.
Қазан айында Стив Уиткофф АҚШ делдалдарының соғысты бейбіт жолмен шешуге қатысты жаңа ұсыныстары бар екенін айтқан еді. Алайда олардың қандай ұсыныстар екенін нақтыламады. Ал өткен аптада Джаред Кушнер бастаған америкалық делегация Брюссельде Украина, НАТО және Еуропалық одақ өкілдерімен кездесті. Жиыннан кейін Кушнер Еуропадағы қауіпсіздік мәселесін кеңінен қарастырып, жаңа жүйе қалыптастыру қажет екенін мәлімдеді.
Мәскеу бұл бастаманы қолдағанымен, Еуропа елдері оған күмәнмен қарады. Әбу-Дабидегі келіссөздер басталмай тұрып, Украина делегациясы Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, НАТО және Еуропалық одақ өкілдерімен жеке кездесу өткізді. Оған АҚШ-тың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер де қатысты.

Кездесуден кейін Уиткофф X әлеуметтік желісіндегі парақшасында тараптар Украинадағы соғыс аяқталғаннан кейінгі қауіпсіздік мәселелерін талқылағанын жазды. Оның айтуынша, қатысушылар соғыстан кейін Еуропада берік әрі ұзақ мерзімді қауіпсіздік жүйесін құруға дайын екенін растаған.
Ал Ресей делегациясының Әбу-Дабидегі өкілі журналистерге аты-жөнін жарияламау шартымен пікір білдіріп, Украинадағы соғысты тоқтату мәселесі үлкен келіссөздердің бір бөлігі ғана екенін айтқан.
Оның сөзінше, келіссөздердің түпкі мақсаты – Еуропа құрлығындағы барлық елдің қауіпсіздігін қамтитын ортақ жүйе қалыптастыру.

Украинаның “Украинская правда” басылымына пікір білдірген, ел делегациясына жақын дереккөз де келіссөздің алғашқы күнінде қауіпсіздік кепілдіктері, Ресейдің талаптары және соғыстан кейінгі жағдай талқыланғанын растады. Оның айтуынша, тараптар алдымен Украина мен Еуропаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдарын қарастырған. Сонымен бірге Ресейдің өз қауіпсіздігіне қатысты талаптары да сөз болған.
“Украина тарапының ұстанымы өзгермейді: алдымен соғыс тоқтауы керек. Содан кейін ғана Еуропада жаңа қауіпсіздік жүйесін құру мәселесін талқылауға болады. Бұл жүйе ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етіп, жаңа басқыншылыққа жол бермеуі тиіс”, – деді басылым дереккөзі.
Кешке қарай Украина президенті Владимир Зеленский келіссөздердің алғашқы күнін “сындарлы әрі мазмұнды” деп бағалады.
“Жаңа ғана Әбу-Дабидегі делегациямызбен сөйлестім. Ресейліктермен келісімге келу қиын. Жұмсартып айтқанда, олар біздің жақын досымыз емес”, – деді ол журналистерге.
Ал Ресей Украина мен Еуропаның соғыс қимылдарын дереу тоқтату туралы талабын қабылдамай отыр. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеу алдағы жағдайдың қалай өрбитіні белгісіз кезде тағы бір бітімге немесе атысты тоқтатуға келіспейтінін мәлімдеді.
“Бұдан кейін не болатыны белгісіз болса, кезекті бітімге немесе атысты тоқтатуға келіспейміз. Оны қалай атаса да, біздің ұстанымымыз өзгермейді”, – деді ол.
Лавровтың пікірінше, алдымен Еуропадағы болашақ қауіпсіздік жүйесінің нақты шарттарын келісіп алу қажет. Тек содан кейін Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату мәселесіне көшуге болады.
Ал Еуропалық комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен 9 қараша күні қауіпсіздік мәселелерін кеңінен талқылау үшін алдымен атысты тоқтату қажет екенін мәлімдеген еді.
Шетелдік басылымдар не жазып жатыр?
The New York Times басылымы келіссөздердің алдында тараптар қауіпсіздік кепілдіктеріне басымдық беретінін жазды.
Басылым мәліметінше, АҚШ делдалдары аумақтық дауларды талқылаудан алшақтап, Еуропадағы қауіпсіздік мәселелерін кең ауқымда қарастыруға күш салмақ. Осы арқылы келіссөздердегі тығырықтан шығудың жолын іздемек.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, АҚШ келіссөзшілері Зеленский мен Путин аумақ мәселесінде белгілі бір ымыраға келуі мүмкін деп есептейді. Агенттікке аты-жөнін жарияламау шартымен пікір білдірген америкалық шенеуніктің сөзінше, ұсынылып отырған келісім аясында екі тарап та өз ұстанымдарының бір бөлігінен бас тартуы ықтимал.
Мұндай келісім Украинаға соғысты тоқтатуға, қауіпсіздік кепілдіктерін алуға және Еуропалық одаққа қосылу жөніндегі жол картасын әзірлеуге мүмкіндік беруі мүмкін.
Алайда жоғары лауазымды украиналық шенеунік Киев билігінің мұндай жеңілдіктерге баруы мүмкін екенін жоққа шығарған.
Reuters дереккөзінің айтуынша, аумақ мәселесі тек мемлекет басшыларының деңгейінде және Украинаға тиісті қауіпсіздік кепілдіктерін беру мәселесімен қатар талқылануы мүмкін.
Әбу-Дабидегі келіссөздер қарсаңында Украина Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына соққыларын жиілетті. Ал Ресей Украина энергетикалық нысандарына шабуылын күшейтті.

Осы шиеленіске қарамастан, өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысты тоқтатумен шектелмейтін ауқымды келісімге қол жеткізу мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай келісім бүкіл Еуропаны қамтуы ықтимал.
“Тіпті бұл бүкіл Еуропаны қамтуы мүмкін деп айтуға болады. Бұл орасан зор, керемет келісім болады. Оған барлығы риза болады”, – деді Трамп журналистерге.
Алайда оның бұл мәлімдемесі Еуропаның бірқатар ресми өкілдерінің қарсылығын тудырды. Олар Еуропаның қауіпсіздігіне қатысты кез келген келіссөзге аймақ елдері тікелей қатысуы керек екенін айтты. Сонымен қатар Ресей Еуропаның қауіпсіздік саясатын қалыптастыруға ықпал етпеуі тиіс екенін ескертті.
8 қараша күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио соғыс аяқталған соң Еуропадағы қауіпсіздік жүйесі қандай болуы керегін талқылауда белгілі бір ілгерілеу бар екенін айтты.
Айта кетейік, 2022 жылы ақпанда Украинаға қарсы кең ауқымды соғыс басталғанға дейін Ресей НАТО-дан 1997 жылдан кейін альянс құрамына кірген елдердегі әскери күштерін әкетуді талап еткен. Алайда НАТО Мәскеудің бұл талабын орындаудан бас тартты.
Axios басылымының хабарлауынша, Ақ үйде Әбу-Дабидегі келіссөздердің қайта басталуына қатысты үміт бар. Дегенмен АҚШ тарапы әзірге жағдайға сақтықпен қарап отыр. Трамп пен оның командасы АҚШ-тың Ресейге қатысты кейбір шектеулерді жеңілдетуі Путинді келісімге келуге ынталандырады деп үміттенеді. Атап айтқанда, АҚШ Ресейдің дизель отынына қатысты санкцияларды уақытша тоқтатқан.
“Путинмен орнатқан қарым-қатынасымыз бұл келіссөздерде маңызды рөл атқарады”, – деген Ақ үйдегі дереккөздердің бірі.
Axios мәліметінше, бу-Дабидегі кездесулер аяқталған соң Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Мәскеу мен Киевке барып, Владимир Путин және Владимир Зеленскиймен жеке кездесуі мүмкін.
Ақ үй өкілдерінің бірі келісімге келу жолында айтарлықтай ілгерілеуге мүмкіндік бар екенін айтқан.
“Келіспеушіліктерді азайтып, ортақ шешімге келуге мүмкіндік бар. Тараптарды қайтадан келіссөз үстеліне отырғызу оңай болған жоқ. Дегенмен делдал ретінде біз үміт күттіретін белгілерді байқап отырмыз”, – деді ол.
Оның айтуынша, Уиткофф пен Кушнер Әбу-Дабидегі кездесулерде Путин мен Зеленскийдің алдында қандай шешімдер тұрғанын және қандай қадамдарға бару керегін нақтылауды көздейді.
Соған қарамастан, тараптардың ресми ұстанымдары әзірге өзгерген жоқ. Axios жазуынша, Ресей Донбасс аумағын толық бақылауына алуды талап етеді. Ал Украина аумақтарды қазіргі майдан шебінің бойымен бөлісу нұсқасын қолдайды.
Сонымен бірге америкалық шенеуніктердің айтуынша, соңғы апталарда екі тарап та аумақ мәселесінде белгілі бір ымыраға келуге дайын екенін аңғартқан. Алайда Вашингтон өкілдері бұл мәселе бойынша келісімге қол жеткізу үшін алдымен қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты ортақ шешім қажет деп санайды.
Айта кетейік, бұған дейін Әбу-Дабиде Ресей, АҚШ және Украина өкілдерінің қатысуымен үшжақты келіссөз басталғаны туралы жазған едік. Ол кезде кездесуде қауіпсіздік кепілдіктері талқыланатыны айтылды.