Әбу-Дабиде Ресей, АҚШ және Украина арасында үшжақты келіссөз басталды: Не белгілі
Әбу-Дабиде Ресей, АҚШ және Украина өкілдерінің қатысуымен үшжақты келіссөз басталды. Кездесуде қауіпсіздік кепілдіктері талқыланбақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ТАСС басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Келіссөз қалай басталды?
Келіссөз Мәскеу уақытымен шамамен сағат 11:15-те басталды. Жиын баспасөз өкілдері үшін жабық форматта өтіп жатыр. Ресей мен Украина делегациялары бір-біріне қарама-қарсы, П тәрізді үстелдің екі жағында отыр. Келіссөз өтетін залда Ресей, АҚШ, Украина және Біріккен Араб Әмірліктерінің тулары қойылған.
Бірікке Араб әмірліктері астанасындағы консультациялар екі күнге жоспарланған.
Делегация құрамында кімдер бар?
Ресейдің келіссөз тобы бес делегация мүшесі мен алты сарапшыдан құралған. Ресей делегациясын президент көмекшісі Владимир Мединский басқарып отыр.
Оның құрамына:
- Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің жедел ақпарат және халықаралық байланыстар қызметінің басшысы Алексей Комков;
- Сыртқы істер министрінің орынбасарлары Михаил Галузин мен Сергей Рябков;
- Ресей Қарулы күштері Бас штабы Бас басқармасының бастығы Игорь Костюков кірген.
Келіссөз тобына сарапшы ретінде:
- Бас штабтың Бас жедел басқармасы бастығының орынбасары Юрий Жигарловский;
- Бас штабтың ақпарат басқармасы бастығының бірінші орынбасары Александр Зорин;
- Федералдық қауіпсіздік қызметіне қарсы барлау операциялары департаментінің басшысы Дмитрий Минаев;
- Ресей президенті әкімшілігінің гуманитарлық саладағы мемлекеттік саясат басқармасы басшысының орынбасары Елена Подобреевская;
- Сыртқы істер министрлігінің ТМД елдері жөніндегі екінші департаментінің директоры Алексей Полищук;
- Қаруды таратпау мен бақылау мәселелері жөніндегі департамент директоры Олег Постников қосылған.
Украина делегациясын Сыртқы барлау қызметінің басшысы Рустем Умеров басқарады.
RBC-Украина агенттігінің мәліметінше, Украина делегациясының құрамында:
- Владимир Зеленский кеңсесінің басшысы Кирилл Буданов;
- оның бірінші орынбасары Сергей Кислица;
- “Халық қызметшісі” билік партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі Давид Арахамия;
- Бас барлау басқармасы басшысының орынбасары Вадим Скибицкий бар.
АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф, америкалық келіссөз жүргізуші Джаред Кушнер, НАТО-ның Еуропадағы күштерінің бас қолбасшысы Алексус Гринкевич және Біріккен Араб әмірліктері сыртқы істер министрі Абдалла бен Заид Әл Нахаян келіссөз басталған кезде үстел басында отырған.
ТАСС тілшісінің хабарлауынша, кездесуге Еуропа елдерінің өкілдері қатыспаған.
Тараптар не дейді?
Ресей делегациясының басшысы Владимир Мединский үшжақты келіссөз басталғанда Біріккен Араб әмірлігіне қонақжайлығы үшін, ал АҚШ-қа бейбітшілік орнатуға бағытталған күш-жігері үшін алғыс айтты. Ол Әбу-Дабидегі келіссөздер мен Ресей делегациясының жаңартылған құрамы бейбітшілікке қарай ілгерілеуге мүмкіндік береді деген үміт білдірді.
Украина делегациясының басшысы Рустем Умеров келіссөз тобына барлық мәселені талқылауға өкілеттік берілгенін айтты.
АҚШ президентінің арнайы өкілі Джаред Кушнер кездесудің алдында келіссөздер нәтижелі болады деп үміттенетінін жеткізді.
Оның айтуынша, тараптардың эмоциясы өте жоғары. Соған қарамастан, ол кездесуге келген қатысушылардың батылдығы мен көшбасшылық қасиеттерін жоғары бағалады.
Келіссөзде қандай мәселелер талқыланады?
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, Әбу-Дабидегі келіссөздердің негізгі тақырыбы – қауіпсіздік кепілдіктері.
“Үшжақты кездесу барысында қақтығыстан кейінгі кезеңде құрлықтағы қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру мәселесі талқыланады. Тараптар ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алу тетіктерін әзірлеуге және аймақтық тұрақтылықты нығайтуға басымдық береді”, – деді Песков.
Дереккөздің айтуынша, келіссөзде Украинадағы соғысты тоқтату мәселесі де талқыланады. Алайда бүкіл құрлықтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ортақ жүйе құру мәселесі басты назарда.
Келіссөзге дайындық қалай өтті?
6 қарашада Ресей президенті Владимир Путин Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді. Жиынға Ресей делегациясының мүшелері де шақырылған. Отырысқа президент көмекшісі Владимир Мединский мен Ресей Қарулы күштері Бас штабының Бас басқармасының бастығы Игорь Костюков қатысты.
Сонымен қатар сыртқы істер министрінің орынбасарлары Михаил Галузин мен Сергей Рябков, Бас штабтың Бас жедел басқармасы бастығының орынбасары Юрий Жигарловский де қатысқан.
Еуропа елдері келіссөзге қалай қатысады?
Politico басылымының мәліметінше, Украинаға қолдау көрсетіп отырған Еуропаның төрт елінің өкілдері Әбу-Дабиде болады. Алайда олар Ресей, АҚШ және Украина делегацияларымен бір үстелге отырып келіссөз жүргізбейді. Кездесу барысында келіссөздер өтетін залдан тыс жерде болады.
Германия атынан канцлердің сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Гюнтер Зауттер барады. Ол Германияның мүддесін білдіріп, Еуропа елдерінің Украина мәселесіне қатысты ұстанымын үйлестіруге қатысады.
Ұлыбритания атынан премьер-министрдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джонатан Пауэлл баруы мүмкін. Politico оның АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффпен байланысы жақсы екенін айтқан.
Италия атынан премьер-министр Джорджа Мелонидің кеңесшісі Фабрицио Саджо, ал Франция атынан президенттің дипломатиялық кеңесшісі Эмманюэль Бонн қатысуы ықтимал.
Бұған дейін Euronews НАТО атынан ұйымның бас хатшысы Марк Рюттенің кеңсесін басқаратын әрі стратегиялық мәселелер жөнінде кеңес беретін Джофри ван Левен баратынын хабарлаған.
Еуропалық комиссия да Әбу-Дабиге Еуроодақ атынан екі өкіл баратынын растаған. Олар – Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйеннің кеңсесін басқаратын Бьорн Зайберт пен Еуропалық кеңестің өкілі.
Алайда Ресей тарапы Еуропа өкілдерінің келіссөз үстеліне отыруына қарсы. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, кездесу әуел бастан үшжақты форматта, яғни Ресей, АҚШ және Украина арасында өткізуге келісілген. Сондықтан Еуропа елдерінің өкілдері негізгі келіссөздерге тікелей қатыспайды.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф АҚШ, Украина және Ресей арасындағы үшжақты келіссөздер 10-11 қарашада Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дабиде өтетінін мәлімдегені туралы жазған едік.
Еске салсақ бұған дейін Дональд Трамп Владимир Зеленскийдің президенттік қызметінен кететін уақыты келгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Украина басшысы соғысты аяқтау туралы келісімге бірнеше рет келе алатын еді, бірақ бұл мүмкіндікті пайдаланбаған. Сонымен қатар Трамп Киевтен Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына соққы беруді тоқтатуды талап етті. Ол мұндай шабуылдарды жанармай бағасының өсуімен байланыстырды.
11 қазандағы мәлімдемесінде АҚШ президенті Ресей мен Украина энергетикалық нысандарға шабуыл жасамау туралы уағдаласты деп хабарлады. Оның сөзінше, екі тарап та бір-бірінің энергетикалық нысандарына соққы беруді дереу тоқтатуы керек.
Алайда Зеленский бұл келісімнің нақты шарттарынан әзірге хабарсыз екенін айтты. Ол Ресей де шабуылдарын тоқтатқан жағдайда энергетикалық бітімді қолдауға дайын екенін жеткізді. Ал Мәскеу тарапынан толыққанды келісімге келгенін растайтын мәлімдеме әзірге жасалған жоқ.
Алтын мен әшекей бұйымдарды қалай ажыратуға болады: Зергер көпшілік біле бермейтін белгілерді атады
