Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер АҚШ-тың делдалдығымен Әбу-Дабиде өтеді
АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф АҚШ, Украина және Ресей арасындағы үшжақты келіссөздер 10-11 қарашада Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дабиде өтетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Іnterfax.ru порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Стив Уиткофф желідегі парақшасында АҚШ-тың Дональд Трамптың соғысты тоқтату жөніндегі миссиясын ілгерілету мақсатында 10-11 қарашада Әбу-Дабиде Украина мен Ресей арасында жұмыс деңгейіндегі келіссөздерге араағайындық жасайтыны туралы жазды.
“Талқылау барысында соғыстан кейінгі қауіпсіздік шаралары, шиеленісті бәсеңдету, гуманитарлық бастамалар және бейбітшілікке жету жолындағы келесі қадамдар қарастырылады”, – деп жазды Стив Уиткофф.
Сонымен қатар оның сөзінше, америкалық келіссөз жүргізушілер осы аптада Брюссельде Франция, Германия, Ұлыбритания, Еуропалық одақ және НАТО өкілдерімен кездеседі. Тараптар Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктерін, соғыстан кейінгі Еуропаның қауіпсіздік жүйесін және Украинаны қалпына келтіруге бағытталған экономикалық мүмкіндіктерді талқылайды.
АҚШ президентінің арнайы өкілі Киев, Осло және Санкт-Петербургте жеткен ілгерілеуді одан әрі дамытып, болашақ ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жан-жақты әрі ұзақ мерзімді бейбіт келісімнен үмітті екенін жеткізді.

Еске салсақ бұған дейін Дональд Трамп Владимир Зеленскийдің президенттік қызметінен кететін уақыты келгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Украина басшысы соғысты аяқтау туралы келісімге бірнеше рет келе алатын еді, бірақ бұл мүмкіндікті пайдаланбаған. Сонымен қатар Трамп Киевтен Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына соққы беруді тоқтатуды талап етті. Ол мұндай шабуылдарды жанармай бағасының өсуімен байланыстырды.
11 қазандағы мәлімдемесінде АҚШ президенті Ресей мен Украина энергетикалық нысандарға шабуыл жасамау туралы уағдаласты деп хабарлады. Оның сөзінше, екі тарап та бір-бірінің энергетикалық нысандарына соққы беруді дереу тоқтатуы керек.
Алайда Зеленский бұл келісімнің нақты шарттарынан әзірге хабарсыз екенін айтты. Ол Ресей де шабуылдарын тоқтатқан жағдайда энергетикалық бітімді қолдауға дайын екенін жеткізді. Ал Мәскеу тарапынан толыққанды келісімге келгенін растайтын мәлімдеме әзірге жасалған жоқ.
Қазақстандық бір кездері бәліш сатып, бүгінде жасанды интеллект көмегімен миллиондаған табыс тауып отыр