Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыда автобус жүргізушісі зейнеткерді автобустан шығарып жіберіп, көкөнісін көлікпен мыжып кеткен

Қарағанды
Фото: скриншот

Қарағандыда автобус жүргізушісі зейнеткерді көкөнісімен бірге автобустан түсіріп тастап, кейін оның тауарын басып кеткен. Әлеуметтік желіде жарияланған видеода егде жастағы ер адамның жол жиегіне шашылған көкөністерді жинап жүргені көрінеді. Автопарк жүргізушіні жұмыстан уақытша шеттеткенін мәлімдеп, оқиғаны тексеріп жатырқандарын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға туралы Threads желісінде dr.angelina.dmitrievna есімді қолданушы хабарлаған. Ол Қарағанды тұрғындарынан зейнеткерді тауып, оған қаржылай көмектесуді сұрап, жазба қалдырған.

"Қарағандылықтар, бүгін атаны көкөнісімен автобустан түсіріп, көкөнісін басып кеткенін көрдіңіздер ме? Атаны тауып, көмектесейік. Байғұс зейнеткер", – деп жазды ол.

Желіде тараған кадрларда ер адамның жол бойына шашылған көкөністерді жинап жүргені байқалады. Автобус дөңгелегінің жанында жаншылған қызанақтар мен басқа да көкөністер, қорап пен пакет жатыр. Желі қолданушыларының бірі жүргізушінің әрекетін сынаса, енді бірі оқиғаның мән-жайын анықтамай тұрып қорытынды жасауға асықпауға шақырған. Кейбірі зейнеткердің автобуста көп тауар алып жүргені жанжалға себеп болуы мүмкін деген болжам айтқан.

"№5 автобус паркінде" оқиғаға қатысты қызметтік тексеру басталғанын хабарлады.

“Қазір салон ішіндегі және сыртындағы камералардың жазбаларын тексеріп жатырмыз. Жүргізуші жұмыстан уақытша шеттетілді. Тексеру аяқталып, қабылданған шаралар белгілі болған соң ресми түсініктеме береміз", – деп мәлімдеді автопарк.

Оқиға туралы ақпарат жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтыру үшін полицияға да берілген. Ал әлеуметтік желі қолданушылары зейнеткерді тауып, бүлінген тауардың ақысын өтеуге және оған қаржылай көмектесуге тырысып жатыр.

Еске салсақ, бұған дейін астаналық әйел қоғамдық көлік бақылаушылары жолаушыларға дөрекілік танытып, жеке шекарасын сақтамайтынына шағымданғанын жазған едік. Оның айтуынша, бақылаушылар жолақы төлеуге ақшасы жетпеген балалар мен қарттарды автобустан түсіріп жібереді. Әйелдің өзі де бақылаушы қолын қатты қысып, телефонын тартып алмақ болғанын айтқан. Салдарынан қолы қызарып қалғанын жеткізген ол мұндай жағдайға алғаш рет тап болмағанын мәлімдеді.

 

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 24 Қараша, 2026 17:13