Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Соңғы ақшам еді": Қазақстандықтар 200 теңгелік банкнотқа тілек қалдырған әйелді тапты

200 теңгелік банкнота
Фото: Threads.com/@assel.bayy

Осыдан он жыл бұрын 200 теңгелік банкнотқа тілегін жазған қазақстандық әйел араға жылдар салып, сол ақшаның суретін әлеуметтік желіден көрген. Төрт баласымен қиындықты бастан өткерген ана сол кездегі өмірі туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Threads желісінің қолданушысы 2016 жылы банкте жұмыс істеп жүрген кезінде қолына түскен ерекше банкноттың суретін жариялады. 200 теңгелік қағаз ақшаға белгісіз адам өзінің арманын жазып қалдырған.

“Бір жылдан кейін Астананың сол жағалауынан терезесі мешітке қарайтын үш бөлмелі пәтер алғым келеді. Ол жерде отбасыммен бірге тұрамын”, – деп жазылған банкнотта.

Банк қызметкері сол кезде ақшаны суретке түсіріп алған. Арада он жыл өткен соң суретті әлеуметтік желіге жариялап, бейтаныс адамның арманы орындалды ма екен деп қызығушылық танытты.

Жазба 600 мыңнан астам қаралым жинады. Желі қолданушылары да кезінде өздері ақшаға жазған немесе өзгелерден көрген тілектерін бөлісе бастады. Олардың арасында сүйген адамымен шаңырақ көтеруді армандағандар да, қолына ақша түскен бейтаныс жанға ізгі тілек қалдырғандар да болды.

“Тілектің иесі арманына жетті деп үміттенемін. Терезеңнен осындай көріністі тамашалаудың өзі керемет қой”, “Мен де бұрын қағаз ақшаға тілектерімді жазатынмын. Бірақ не жазғаным есімде жоқ”, “Арманы орындалған шығар деп сенемін”, – деп жазды желі қолданушылары.

Банкнотқа тілекті кім жазған?

Жарияланымның астына әйел банкноттағы жазудан өзінің жазуын танығанын айтты. Ол осыдан он жыл бұрын төрт баласымен өмірінің ең қиын кезеңін бастан өткерген екен.

“Бұл – менің жазуым, менің ең асыл арманым. Сол жылы бұл қолымдағы соңғы 200 теңгем, күн көруге қалған соңғы ақшамыз еді. Тағдырдың талай тауқыметін тартып, төрт баламмен тыныштық пен жақсы өмір іздеп Астанаға келдік”, – деп жазды әйел.

Оның айтуынша, сол кезде төрт ұлымен бірге жаңа өмір бастауға тырысқан. Алайда тұрмысы ауыр болып, күнкөріске қаражат таппай қиналыпты. Әйел аш күйінде ұйықтап жатқан балаларына қарап, шарасыздықтан жылаған сәтін де еске алды. Сол түні Алладан медет тілеп, қолындағы соңғы 200 теңгесіне арманын жазып қалдырған.

Қазір әйелдің төрт ұлы да ержеткен. Балалары білім алып, әскер қатарында борышын өтеген. Ең бастысы, отбасы кезінде армандаған баспанасына қол жеткізген. Әйелдің айтуынша, қазір отбасының жағдайы жақсы. Ал әлеуметтік желіден кездейсоқ көрген 200 теңгелік банкноттың суреті оған өмірінің қиын кезеңін, балаларының болашағы үшін күрескен күндерін қайта еске салған.

200 теңгеге жазылған тілектің авторы
Фото: Threads.com/@assel.bayy

Айта кетейік, Қазақстанда 200 теңгелік қағаз ақшаның орнын біртіндеп монеталар басып келеді. Ұлттық банк 2020 жылы осы номиналдағы монеталарды айналымға енгізген. Дегенмен бұрын шығарылған 200 теңгелік банкноттар тозуына қарай айналымнан біртіндеп алынады.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 24 Қараша, 2026 14:16