Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда күдікті аударымдарды тексеру тәртібі өзгерді

мобильді аударым
Фото: myfin.by

Қазақстанда жеке тұлғалардың мобильді аударымдарын бақылау шегі өсті. Енді үш ай ішінде жеке шотқа түскен ақшаның жалпы сомасы 1 миллион 557 мың теңгеден асса және басқа да талаптар орындалса, банк бұл туралы Мемлекеттік кірістер органдарына мәлімет береді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мобильді аударымдарға қатысты не өзгерді?

2026 жылғы 10 қарашадан бастап күмәнді мобильді аударымдарды анықтауға арналған ақша шегі өзгерді. Бұған дейін ол 12 ең төменгі жалақыға тең болса, енді 360 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін көтерілді.

2026 жылы 360 АЕК – 1 миллион 557 мың теңге. Бұрынғы шек 1 миллион 20 мың теңге болған. Осылайша, бақылау кезінде ескерілетін сома 537 мың теңгеге артты.

Бұл өзгеріс Қаржы министрінің 2026 жылғы 23 қазандағы №718 бұйрығымен енгізілді.

Қандай жағдайда банк мәліметті салық органдарына береді?

Банк азаматтың шотына түскен барлық ақшаны бірдей күмәнді деп есептемейді. Мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына беру үшін үш талап қатар орындалуы керек:

  • азаматтың жеке кәсіпкерлікке арналмаған шотына әр ай сайын 100 немесе одан да көп әртүрлі адамнан ақша түсуі керек;

  • бұл жағдай қатарынан үш күнтізбелік ай бойы қайталануы қажет;

  • үш айдағы аударымдардың жалпы сомасы 360 АЕК-тен, яғни 1 миллион 557 мың теңгеден асуы керек.

Мысалы, азаматтың шотына үш ай қатарынан ай сайын 100-ден астам адам ақша аударып, осы кезеңдегі жалпы түсім 1,6 миллион теңгеге жетсе, банк бұл ақпаратты салық органдарына жолдайды.

Ал егер адам үш айда 1,6 миллион теңге алса да, ақша тек үш адамнан түссе, бұл талаптарға сәйкес келмейді. Сол сияқты, бір айда 120 адамнан ақша түсіп, бірақ келесі айларда мұндай жағдай қайталанбаса, үш айлық шарт орындалмайды.

Мобильді аударым үшін автоматты түрде салық салына ма?

Белгіленген шектен асу азаматқа бірден салық салынады немесе оның заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып жүргенін білдірмейді.

Банктерден алынған мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдары талдап, азаматтың кірістері мен салық міндеттемелерін салыстырады. Егер сәйкессіздік анықталса, алдымен ақпараттық хабарлама жіберілуі мүмкін. Ал қосымша тексеру нәтижесінде заң бұзушылық белгілері табылса, камералдық бақылау қорытындысы бойынша хабарлама жолданады.

Туыстар мен достар арасындағы жеке мақсаттағы аударымдар тек ақша түскені үшін кәсіпкерлік табыс болып саналмайды.

Осылайша, жаңа талап мобильді аударымдарға бақылау шегін көтергенімен, жеке мақсаттағы барлық аударымдарды салық органдары тексереді дегенді білдірмейді.

Айта кетейік, жеке шоттарға түсетін мобильді аударымдарды бақылау тәртібі өзгергенімен, бұл барлық аударымға салық салынады деген сөз емес. 

Айнура Дарибаева
Сейсенбі, 24 Қараша, 2026 12:12