Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Naqty Onim мен Naqty Map: Қазақстанда тауарды тексеруге арналған қосымшаның мүмкіндіктері халықаралық форумда таныстырылды

Таңба
Фото: Stan.kz

Дүкен сөресіндегі тауардың қайдан келгенін, қашан өндірілгенін немесе дәріханада сатылып жатқан дәрінің бағасы белгіленген шектен асып кетпегенін қарапайым сатып алушы қалай біле алады? Қазақстанда мұның бәрін телефон арқылы тексеруге мүмкіндік беретін Naqty Onim қосымшасы жұмыс істейді. Астанада өткен Digital Tañba 2026 халықаралық форумында осы жүйенің мүмкіндіктері, оның халыққа қаншалықты қолжетімді екені және заңсыз тауар айналымымен күрестегі рөлі талқыланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Тауарларды таңбалаудан тұтынушылар сеніміне дейін" деген атаумен ұйымдастырылған форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, отандық және шетелдік кәсіпкерлер, сарапшылар мен цифрлық жүйелерді әзірлеушілер жиналды. Жиындағы әңгіме цифрлық таңбалаудың жетістіктерімен ғана шектелген жоқ. Кәсіпкерлердің күнделікті жұмысында кездесетін қиындықтар, көлеңкелі сауданың алдын алу және тұтынушылардың сапалы өнім сатып алу құқығын қорғау мәселелері де назардан тыс қалмады. Қатысушылардың пікірінше, цифрлық жүйенің тиімділігі оны енгізумен емес, халық пен бизнеске тигізетін нақты пайдасымен өлшенуге тиіс.

Форумда сөз алған Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Қуанышбек Есекеев те осы мәселеге тоқталып, цифрландырудың түпкі мақсаты жаңа технологияларды көбейту емес, олардың көмегімен экономикалық тұрғыдан тиімді шешімдер қабылдау екенін жеткізді. Оның сөзінше, тауарларды таңбалау арқылы жинақталған деректерді дұрыс пайдалану нарықтағы жағдайды тереңірек талдауға жол ашпақ.

"Мемлекет басшысы өз Жолдауында нақты нәтижеге қол жеткізудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Цифрландыру қолданыстағы процестерді олардың экономикалық тиімділігін ескермей автоматтандырумен ғана шектелмеуі тиіс. Цифрлық таңбалаудың стратегиялық болашағы таңбаланатын тауарлар тізімін одан әрі кеңейтуден гөрі, жүйеде жинақталатын деректерді мемлекеттің қаншалықты тиімді пайдалана алатынына байланысты", – деді Қуанышбек Есекеев.

Қуанышбек Есекеев
Фото: Қуанышбек Есекеев - ҚР Президентінің көмекшісі

Ал форумда таныстырылған жобалардың ішінде қарапайым сатып алушы үшін ең қызықтысы Naqty Onim мобильді қосымшасы болды. Өйткені тауардың қайдан жеткізілгенін, оның таңбалау жүйесінде тіркелген-тіркелмегенін анықтау үшін енді арнайы мекемеге жүгінудің қажеті жоқ. Қолында смартфоны бар кез келген адам сатып алғалы тұрған өнім туралы бірқатар мәліметті сол жерде тексере алады.  

Қазақстандықтар тауар кодын 2,2 миллионнан астам рет сканерлеген

Форум барысында тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператор Tañba компаниясының бас директоры Бикеш Құрманғалиева қосымшаның қалай жұмыс істейтінін және қазақстандықтардың оны қаншалықты белсенді пайдаланып жатқанын түсіндірді.

Бикеш
Фото: Бикеш Құрманғалиева - Tañba компаниясының бас директоры

Оның келтірген мәліметіне сүйенсек, осы уақытқа дейін қосымша арқылы тауар кодтары 2,2 миллионнан астам рет сканерленген екен.  

"Біз сатып алушылардың тауар таңбасын тексеруі жарамдылық мерзімін қарау сияқты күнделікті дағдыға айналғанын қалаймыз. Адам тауардың ақысын төлемей тұрып, ол туралы мәлімет ала алуы керек. Naqty Ónim бұл ақпаратты қолжетімді етеді: қаптамадағы кодты сканерлеу жеткілікті. Ал сәйкессіздік туралы хабарлау мүмкіндігі тұтынушыларға өз құқықтарын қорғаудың нақты құралын ұсынып, нарықтың ашықтығын арттыруға көмектеседі", – деді Бикеш Құрманғалиева.

Шын мәнінде, қосымшаны пайдалану аса күрделі емес. Оны телефонға жүктеп, сатып алғалы тұрған өнімнің қаптамасындағы Data Matrix кодын сканерлесе жеткілікті. Осыдан кейін экранда тауардың атауы, өндірушісі, сипаттамасы және таңбалау кодының жүйедегі мәртебесі көрсетіледі. Өнімнің түріне қарай оның құрамы, қашан шығарылғаны, жарамдылық мерзімі, сериялық нөмірі және нарықтағы қозғалысы жөніндегі мәліметтер де қолжетімді болуы мүмкін.

Нақты өнім
Фото: скриншот

Бір қызығы, қазақстандықтар бұл мүмкіндікті көбіне темекі өнімдерін тексеру үшін пайдаланған екен. Барлық сканерлеудің 39,7%-ы осы тауарларға тиесілі болса, екінші орында 23,4%-бен аяқкиім тұр. Ал дәрі-дәрмекке жасалған тексерулердің үлесі 18,7%-ға жеткен. 

Бикеш Құрманғалиева таныстырған мүмкіндіктердің ішінде әсіресе дәрі-дәрмекке қатысты жаңалықтар назар аудартады. Өйткені таңбалау жүйесі Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық платформаларымен біріктірілгеннен кейін препараттың дистрибьютордан медициналық мекемеге, одан науқасқа дейінгі қозғалысын бақылауға жағдай жасалған. Демек, мемлекет есебінен сатып алынған дәрінің тиісті жерге жеткен-жетпегенін анықтауға да жол ашылған.

"Біз медициналық ұйымдардың дәрі-дәрмек есебін жүргізетін жүйелерімен біріктік. Соның арқасында дәрілік препараттардың мақсатты пайдаланылуын бақылауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар мобильді қосымшада дәрінің шекті бөлшек сауда бағасын көруге болады. Егер дәріханада препарат белгіленген шекті бағадан қымбат сатылып жатса, тұтынушы бұл туралы шағым жолдай алады", – деді ол.

Қосымшада мұнымен шектелмейтін тағы бір мүмкіндік қарастырылған. Айталық, міндетті таңбалануға жататын тауардың қаптамасында код жоқ немесе оны сканерлегенде шыққан мәлімет өнімдегі жазумен сәйкес келмейді. Мұндай жағдайда сатып алушы қосымшадан eOtinish платформасына өтіп, тиісті мемлекеттік органға өтініш жолдай алады. Ал келіп түскен хабарламалар туралы мәліметтер Naqty Map сервисінде жинақталып, қай өңірдегі қандай сауда нүктесіне қатысты шағым түскенін көруге мүмкіндік бар.  

Заңсыз саудаға қатысты күмәнді жағдайларды картадан көруге болады

Naqty Map аналитикалық сервисі  ұтынушылардан түскен хабарламаларды жинақтап, оларды картада көрсетіп отырады. Мәселен, сатып алушы тауардың таңбалау кодынан сәйкессіздік байқап, бұл туралы хабарлай алады. Мұндай мәліметтер жүйеге енгізіліп, картада шағым түскен сауда орындары белгіленеді. Осылайша, қай қалада немесе ауданда тауар таңбалауына қатысты мәселелер жиі көтерілгенін көруге болады.

нақты мап
Фото: скриншот

Naqty Map-та ақпаратты тауар түрі мен уақыт аралығына қарай да қарастыруға мүмкіндік бар. Мысалы, дәрі-дәрмек, аяқкиім, темекі өнімдері, биологиялық белсенді қоспалар және басқа да таңбаланатын тауарлар бойынша түскен хабарламаларды бөлек қарауға болады. 

Мемлекеттік органдар жүйеден қандай ақпарат ала алады?

Мемлекеттік кірістер комитеті, Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті және басқа да уәкілетті органдар жүйе арқылы мынадай мәліметтерді көре алады:

  • Сауда нүктелерінің мекенжайы: тұтынушылар шағым жіберген дүкендер, дәріханалар мен сауда орындарының орналасқан жері.
  • Заңбұзушылықтар туралы ақпарат: Data Matrix кодының болмауы немесе оқылмауы, тауардың айналымнан шығарылғанына қарамастан қайта сатылуы, жүйедегі деректердің қаптамадағы ақпаратқа сәйкес келмеуі.
  • Тұтынушылардың фотодәлелдері: тауардың, қаптаманың, таңбалау кодының, сөре мен чектің фотосуреттері.
  • Шағымдар статистикасы: тауар санаттары, өңірлер мен сауда нүктелері бойынша түскен шағымдар. Бұл деректер тәуекелдерді бағалап, тексерулерді жоспарлауға көмектеседі.
  • eOtinish арқылы жіберілген өтініштер: өтініш берушінің деректері мен дәлелдері тіркелген, ресми тексеруге негіз болатын заңды күші бар өтініштер.

 

"Ең басты байлық – адам денсаулығы"

Форумға қатысқан Alma Business Solutions компаниясының бас директоры, "Денсаулық" ұлттық қауымдастығының мүшесі Ержігіт Рысымбетов цифрлық таңбалау мәселесі тек сауда саласына ғана қатысты емес екенін айтты. Оның сөзінше, шығу тегі мен сапасы белгісіз тауарлардың сатылуы ең алдымен тұтынушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.

"Біз бұл форумға азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігі мәселесіне мән бергендіктен қатысып отырмыз. Заңсыз айналымдағы тауарлармен күресуге мемлекет те, бизнес те, басқа ұйымдар да атсалысады. Өйткені ең басты байлық – адам денсаулығы. Біз бәріміз ең алдымен тұтынушымыз, сондықтан әрқайсымыздың сапалы әрі қауіпсіз тауар сатып алуға құқығымыз бар", – деді Ержігіт Рысымбетов.

Спикер заңсыз тауар айналымының мемлекетке де, кәсіпкерлерге де зиян келтіретінін атап өтті. Оның айтуынша, кейбір тауарлардың дүкендерде сатылуына шектеу қойылғанымен, олардың саудасы интернетке көшкен. Соның салдарынан мұндай өнімдер онлайн платформалар арқылы тұтынушыларға, соның ішінде жасөспірімдерге де қолжетімді болып отыр.

"Заңсыз тауар айналымының үш негізгі зардабы бар. Біріншісі – экономикаға келетін шығын. Мұндай саудадан мемлекетке салық түспейді. Ал ол қаражат мектеп, балабақша, аурухана салуға және басқа да әлеуметтік бағдарламаларға жұмсалар еді. Екіншісі – азаматтардың денсаулығына төнетін қауіп. Сапасы белгісіз өнімнің қандай зиян әкелетінін білмейміз. Үшіншісі – кәсіпкерлерге келетін залал. Заңды жұмыс істейтін бизнес өкілдері заңсыз тауар сатушылармен бәсекелесуге мәжбүр", – деді ол.

Дегенмен технологияның болғаны бір бөлек те, оның халық арасында кеңінен қолданылуы мүлде басқа мәселе. Ержігіт Рысымбетовтің пікірінше, цифрлық таңбалау жүйесін жетілдіру үшін мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері бірлесе жұмыс істеуге тиіс. Өйткені жаңа талаптарды өндірісте, саудада немесе тауар жеткізу кезінде қолданудың өзіндік қиындықтары бар, ал сол мәселелердің барлығын бір ғана мекеменің шешуі оңай емес.

"Мұндай форумдар бизнес өкілдерін, сарапшылар қауымдастығын және мемлекеттік органдарды бір үстел басына жинайды. Бірлесіп жұмыс істейтін болсақ, шешілмеген мәселелерді ортаға салып, ортақ шешімге келуге болады деп ойлаймын. Әр саланың өз қиындығы болғанымен, оларды ашық талқылаудың маңызы зор. Сондықтан цифрлық таңбалауға қатысты осындай кездесулер қажет", – деді ол.
 

 

Кәсіпкерлер де тауардың қайдан келгенін бақылауға мүдделі

Тауардың шығу тегін анықтау мәселесі сатып алушылармен қатар адал кәсіпкерлерді де алаңдатып отыр. Себебі нарыққа заңсыз жолмен әкелінген немесе шығу тегі расталмаған өнімдер түссе, барлық талапты сақтап жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін тең бәсекелестік жағдайын қалыптастыру қиындай түсетіні белгілі.

Форумда осы мәселені көтергендердің бірі – "ADAL TAUAR" кәсіпкерлер одағының төрайымы Гүлмира Уахитова. Оның айтуынша, ұйымның негізгі міндеті кәсіпкерлерді бір жерге жинаумен шектелмейді. Керісінше, нарықта қандай қиындықтар барын анықтап, оларды жүйелеп, тиісті мемлекеттік органдар мен таңбалау операторына жеткізетін ортақ алаң қалыптастыру көзделген.

"Біздің ұйым ашық нарықта жұмыс істегісі келетін, тауарын адал сататын кәсіпкерлердің басын біріктіру үшін құрылды. "ADAL TAUAR" одағы бизнес, таңбалаудың ұлттық операторы және мемлекеттік органдар арасындағы байланыстырушы буын болады. Біз көлеңкелі сауда, шығу тегі расталмаған тауарлар және жосықсыз бәсекелестік туралы ақпарат жинаймыз. Кейін осы мәселелерді жүйелеп, оларды шешу үшін таңбалау операторына жолдаймыз", – деді Гүлмира Уахитова.

Меморандум
Фото: Меморандумға қол қою сәтінен

Ол мемлекеттік органдар мен ұлттық оператордың нарықтағы барлық мәселені өздігінен анықтауы қиын екенін жасырмайды. Оның үстіне әр саланың жұмыс тәртібі, тауар жеткізу жүйесі мен кездесетін кедергілері әртүрлі. Мәселен, бір саладағы кәсіпкерлер үшін таңбалау кодтарын алу өзекті болса, басқа салада тауар қозғалысын есепке алу немесе заңсыз бәсекелестік мәселесі алдыңғы орынға шығуы мүмкін. Одақ осындай түйткілдерді ортақ белгілеріне қарай жинақтап, оларды шешу жолдарын ұсынбақ.

Гүлмира Уахитованың пікірінше, Naqty Onim қосымшасы кәсіпкерлер үшін де пайдалы құрал бола алады. Өйткені тұтынушы өз қолындағы өнім туралы неғұрлым көбірек ақпарат алса, оның тауарға және оны сататын кәсіпкерге деген сенімі де арта түспек. Ал адал жұмыс істейтін бизнес өкілдері үшін сатып алушының сенімі маңызды екені даусыз.

Дегенмен одақ төрайымы қосымшаның барлық мүмкіндігі әзірге халыққа бірдей таныс емес деп есептейді. Сондықтан алдағы уақытта оны кеңінен насихаттауға, тұрғындарға қалай пайдалану керегін түсіндіруге және тауарды тексеру мәдениетін қалыптастыруға баса назар аударылуы қажет деген ұстанымда.

"Қосымша қазір жұмыс істеп тұр, оны жүктеп алып, тауардың кодын сканерлеуге болады. Бірақ оны халық арасында кеңінен насихаттау мәселесі әлі де өзекті. Біз бұл қосымшаны кәсіпкерлерге де, қарапайым тұтынушыларға да таныстыруымыз керек. Ең бастысы, азаматтар сапалы әрі шығу тегі расталған тауар сатып алуға заңды құқығы бар екенін түсінуі қажет", – деді Гүлмира Уахитова.

Қандай тауарларды тексеруге болады?

Қазақстанда тауарларды цифрлық таңбалау жүйесі 2020 жылдан бері дамып келеді. Бүгінде оның аясында темекі өнімдері, аяқкиім, дәрілік заттар, биологиялық белсенді қоспалар, мотор майлары мен автомобильдерге арналған кейбір сұйықтықтар, сондай-ақ сыра мен сыра сусындары қамтылған. Алайда олардың барлығына бірдей талап енгізілмеген, әр өнім тобы үшін міндетті таңбалаудың басталу мерзімі бөлек белгіленген.

Мәселен, дәрілік заттарға қатысты міндетті таңбалау 2024 жылғы 1 шілдеден бастап өндірілген препараттарға қолданылса, биологиялық белсенді қоспаларға бұл талап 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап өндірілген өнімдер бойынша күшіне енген. Мотор майларына таңбалау 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап өндірілген өнімдерге міндетті болса, майлау материалдары мен автомобильдерге арналған арнайы сұйықтықтарға қатысты талап қыркүйектен бастап қолданыла бастады. Ал металл қалбырдағы сыраға міндетті таңбалау 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап өндірілетін өнімдерге енгізілмек.

Жалпы цифрлық таңбалау жүйесі іске қосылғаннан бері Қазақстанда 9 миллиардтан астам код жасалып, 100 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелгені мәлім. Ендігі мәселе осы ауқымды жүйенің мүмкіндіктерін күнделікті өмірде қаншалықты тиімді пайдалана алатынымызға келіп тіреледі. Өйткені дүкен сөресіндегі тауардың қаптамасында код болғанымен, оны ешкім тексермесе, тұтынушы үшін сол ақпараттың пайдасы шамалы. Ал сатып алушылар өнімнің қайдан келгеніне, қашан шығарылғанына және оның таңбалау жүйесіндегі мәртебесіне назар аудара бастаса, күмәнді тауарларды анықтау мүмкіндігі де кеңейе түспек.

Stan.kz
Сейсенбі, 24 Қараша, 2026 11:41