Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мыңдаған колумбиялық Димаш Құдайбергенмен бірге қазақ тілінде ән шырқады

Димаш Құдайберген
Фото: Instagram.com/kudaibergenov.dimash

Әлемге танымал қазақстандық әнші, Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген Колумбия астанасы Боготада өткен ауқымды концертінен бейнежазба жариялады. Онда мыңдаған колумбиялық әншінің “Ұмытылмас күн” әнін қазақ тілінде қосыла шырқаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

32 жастағы өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасына концерттен видео жариялап, өзін ерекше ықыласпен қарсы алған Колумбия халқына алғыс білдірді.

“Рақмет, Колумбия! Бұл шынымен де ұмытылмас күн болды. Барлығыңызды жақсы көремін. 10 сағаттан кейін Чилиде кездескенше!” – деп жазды Димаш.

Әншінің жариялаған бейнежазбасы көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Концертті тамашалаған көрермендер алған әсерлерін бөлісіп, өнер иесіне алғыс жаудырды.

Ал қазақстандықтар мыңдаған шетелдіктің қазақ тілінде ән шырқауын тарихи оқиғаға балап, Димаштың ана тілімізді әлемге танытуға қосып жүрген үлесін жоғары бағалады.

“Бұл керемет хор мен кемеңгер әншінің үйлесімі болды”, “Димаш, құттықтаймын! Чили мен Перудегі концерттерің де сәтті өтсін!”, “Димаш, саған рақмет! Енді әлемнің қай бұрышына барсақ та, қазақша сөйлей алатын сияқтымыз”, “Тарихи оқиға! Димаш, сен нағыз қаһармансың!” – деп жазды желі қолданушылары.

Шетелдік тыңдармандар да әншінің өнеріне тәнті болып, оның Латын Америкасына сапарын көптен күткендерін жеткізді.

“Колумбия сені жүрегіне қабылдады, Димаш! Енді сен сол жүректе мәңгі қаласың. Концерт ғажап болды. Көрермендер сені ерекше ықыласпен қолдады. Өзіңнің де осындай ыстық қабылдауға қуанғаның көрініп тұрды”, – деп жазды тыңдармандарының бірі.

Айта кетейік, бұған дейін Димаш Құдайберген Мексиканың бірқатар қаласында концерт берді. Гвадалахарада жергілікті музыканттар әншінің “Ұмытылмас күн” әнін мексикалық дәстүрлі марьячи стилінде орындап, ерекше құрмет көрсеткен еді. Әнші Латын Америкасындағы концерттік сапарын Чили мен Перуде жалғастырады.

Еске салайық, бұған дейін Димаш Құдайберген Мексика астанасы Мехикода Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) құрмет белдігімен марапатталғаны хабарланған еді. Беделді ұйым өнер иесінің әлемдік музыкадағы жетістіктері мен халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 24 Қараша, 2026 11:26