Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Димаш Құдайбергенге Мексикада WBC-дің құрмет белдігі табысталды

Димаш Құдайберген
Фото: Dimash News

Әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Мексика астанасы Мехикода Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) құрмет белдігімен марапатталды. Беделді ұйым өнер иесінің әлемдік музыкадағы жетістіктері мен халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі DimashNews-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Марапаттау рәсімі 19 қарашада өтті. Димашқа құрмет белдігін WBC өкілдері Эктор Сулейман-кіші, Хосе Антонио Арреола Сулейман, Виктор Сильва және Қазақстанның аталған ұйымдағы өкілі Әлихан Жарылғапов табыстады.

Дүниежүзілік бокс кеңесі – кәсіпқой бокстағы ең беделді халықаралық ұйымдардың бірі. Оның әйгілі жасыл чемпиондық белдігін Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Рой Джонс, Флойд Мейвезер және Геннадий Головкин секілді спортшылар иеленген.

Ал Димашқа берілген белдік спорттық жетістігі үшін емес, халықаралық деңгейдегі шығармашылық табысы мен қоғамдық қызметіне орай табысталған құрмет марапаты саналады.

“Димаш – музыка әлемінің аңызы”

WBC өкілдері мұндай марапаттың сирек берілетінін атап өтті. Олардың айтуынша, жасыл белдік – ұзақ жылғы еңбек пен табандылықтың, әлемдік мойындаудың символы.

“Димаш – ерекше тұлға, музыка әлемінің аңызы. Ол әлемдік деңгейде танылды. Көпшілік оны шығармашылығы мен өмірлік құндылықтары үшін құрметтейді. Сондықтан біз оған осы белдікті табыстауды жөн көрдік”, – деді ұйым өкілдері.

Олар Димаштың бокс тарихына қызығушылығын қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинмен де байланыстырды.

Димаш Құдайберген
Фото: Dimash News

Марапат WBC президентінің бастамасымен берілген

Димашқа арнайы белдік табыстау туралы ұсынысты Дүниежүзілік бокс кеңесінің президенті Маурисио Сулейман жасаған. Ұйым өкілдерінің айтуынша, ол денсаулығына байланысты салтанатты рәсімге қатыса алмаған. Алайда Димашпен кездесуді ерекше күткен.

“Ол апта бойы осы шара туралы айтып жүрді. “Мен Димаштың жанында болғым келеді. Ол – менің жақсы досым” деді. Өкінішке қарай, келе алмағанына қатты қынжылды”, – деп бөлісті WBC өкілдері.

Кездесу барысында тараптар Дүниежүзілік бокс кеңесінің қоғамдық бастамаларын және Димаштың БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымы аясындағы қызметін талқылады. WBC өкілдері музыка мен спортты адамдарды біріктіретін, бейбітшілік пен өзара құрметті дәріптейтін маңызды күш деп бағалады.

Олар Димаш шығармашылығы арқылы халықтар арасындағы достықты нығайтуға ұмтылса, WBC спортшылардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауды басты міндеттерінің бірі санайды.

“Музыка мен спорт адамдарды біріктіреді. Біздің ортақ мақсатымыз – адамдар бір-бірін құрметтейтін, бейбіт өмір сүретін әлем қалыптастыру”, – деді ұйым өкілдері.

Қазақстандық әнші өзіне көрсетілген құрмет үшін Дүниежүзілік бокс кеңесінің өкілдеріне ризашылығын білдірді. Өнер иесі бұл оқиғаның Қазақстан мен Мексика арасындағы достық пен мәдени байланысты нығайту тұрғысынан ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Айта кетейік, WBC бұған дейін спорттан тыс саладағы еңбегі үшін Нельсон Мандела мен Турки Әл аш-Шейх секілді танымал тұлғаларды да арнайы марапаттаған.

Еске салайық, бұған дейін Мексикада Димаш Құдайбергенге арналған мурал пайда болғаныхабарланған еді. Димаштың алып бейнесі Монтеррей қаласының орталығындағы ғимараттардың бірінің қабырғасына салынған. Бұл бастаманы Dimash&DearsRegiasMty жанкүйерлер клубы Мексикадағы Dears por Dimash қауымдастығының қолдауымен жүзеге асырған. Ал суретті Antonio Art Mural есімімен танымал суретші Антонио салған.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 20 Қараша, 2026 13:15