Қазақстанда 10 жылда азық-түлік бағасы қалай өзгерді: Салыстырып көрдік
Stan.kz редакциясы 10 жыл бұрынғы дүкен түбіртегіндегі 48 тауардың сол кездегі және қазіргі құнын салыстырып көрді. Нәтижесінде 10 жыл бұрын 13 347 теңге тұрған сауда себетінің бағасы қазір 59 302 теңгеге жеткені анықталды. Сонымен қатар негізгі азық-түлік өнімдерінің орташа бағасы мен елдегі инфляция динамикасын зерделедік.
Қазақстанда азық-түлік бағасы 10 жылда қалай өзгерді?
Қазақстанда кейінгі он жылда азық-түлік бағасы әртүрлі қарқынмен өсті. Кейбір өнімдердің құны бірнеше есе қымбаттаса, енді бірінің бағасы салыстырмалы түрде аз өзгерген.
Бағаның ұзақ мерзімдегі өзгерісін анықтау үшін азық-түлік себетіне кіретін негізгі өнімдердің 2016 және 2026 жылдардағы орташа құнын салыстырдық. Кестеге екі кезеңде де өлшем бірлігі сәйкес келетін тауарлар енгізілді.
2016 және 2026 жылдардағы азық-түлік бағасы:

Дереккөз: 2016 жылғы статистикалық деректер және Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы қазан айындағы орташа бағалары.
Кестедегі бағалар Қазақстан бойынша есептелген орташа көрсеткіштерге негізделген. Мәселен, 2016 жылы бір келі күріш 289 теңге болса, 2026 жылғы қазанда 541 теңгеге жеткен. Осы аралықта бір келі сары майдың орташа бағасы 1 590 теңгеден 5 702 теңгеге, ал картоп 106 теңгеден 211 теңгеге өскен.
Бұл деректер азық-түлік себетіндегі негізгі өнімдердің он жыл ішінде қаншалықты қымбаттағанын көрсетеді. Дегенмен әр тауардың бағасы бірдей қарқынмен өзгермеген.
Салыстыру үшін 2026 жылғы қазандағы басқа да негізгі азық-түлік өнімдерінің орташа бағасын қарастырдық.
Ал 2026 жылғы қазанда негізгі азық-түлік өнімдерінің орташа бағасы мынадай болған:

Азық-түлік бағасы ұзақ мерзімде ғана емес, маусымға қарай да өзгеріп отырады. Мәселен, 2026 жылғы қазанда қияр, қызанақ пен мандарин қымбаттаса, жүзім, пияз және қант арзандаған.
Ресми статистикаға сәйкес, 2015 жылы Қазақстанда азық-түлік бағасы 10,9%-ға өскен. Кейінгі жылдары да қымбаттау жалғасты. Әсіресе 2022 жылы жылдық өсім 25,3%-ға жеткен. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 8,5%, 2024 жылы 5,5%, 2025 жылы 13,5% болды.
Бұл көрсеткіштер азық-түлік бағасының әр жылдағы өсу қарқынын сипаттайды. Ал нақты тауарлардың он жыл ішіндегі құнын салыстыру баға өзгерісінің күнделікті саудаға қалай әсер еткенін түсінуге мүмкіндік береді.

2015 жылғы чек: 48 тауардың бағасы қаншаға өзгерді?
Ресми статистика ел бойынша орташа бағаны көрсетеді. Ал дүкен түбіртегі белгілі бір уақытта сатып алынған тауарлардың құнын салыстыруға мүмкіндік береді.
Stan.kz 2015 жылғы 7 қарашада жасалған сауданың түбіртегін тауып, ондағы 48 тауардың қазіргі бағасын есептеді. Ол кезде сатып алынған заттардың жалпы құны 13 347 теңге болған.

Салыстыру үшін 2015 жылғы чектегі тауарлар мен Magnum супермаркеттеріндегі 2026 жылғы бағалар негізге алынды. Осылайша, бір сауда желісіндегі тауарлар себетінің 11 жыл ішінде қаншалықты қымбаттағаны анықталды.
Есеп нәтижесінде 2015 жылы 13 347 теңгеге алынған 48 тауардың қазіргі құны 59 302 теңгеге жеткені белгілі болды.
Екі кезеңдегі айырмашылық – 45 955 теңге. Яғни бірдей тауарлар себетінің құны 11 жылда шамамен 4,4 есе өскен.

Дереккөз: 2015 жылғы 7 қарашадағы Magnum дүкенінің чегі және 2026 жылғы Magnum супермаркеттеріндегі тауар бағалары. Қазіргі бағаларды редакция жинады.
Бұл салыстыру елдегі барлық дүкеннің бағасын көрсетпейді. Ол нақты бір түбіртектегі тауарлардың белгілі бір сауда желісіндегі құны қалай өзгергенін сипаттайды.
Қай тауарлардың бағасы көбірек өзгерген?
48 тауардың бағасын салыстырғанда, кейбір өнімдердің құны бірнеше есе өскені анықталды.
Мәселен, тазартқыш құрал 2015 жылы 159 теңге тұрса, 2026 жылы 2 199 теңгеге жеткен. Яғни 2 040 теңгеге немесе 1 283%-ға қымбаттаған.
Ішетін йогурттың бағасы 105 теңгеден 1 349 теңгеге дейін көтеріліп, шамамен 12,8 есе өскен. Қызыл бұрыш 35 теңгеден 435 теңгеге, ал лавр жапырағы 75 теңгеден 799 теңгеге жеткен.
Сусабын мен какао ұнтағының бағасы да 2015 жылмен салыстырғанда бірнеше есе жоғары.

Ал теңгемен есептегенде, ең үлкен айырмашылық сопақ пісіру ыдысында байқалады. Оның бағасы 1 399 теңгеден 5 455 теңгеге дейін өсіп, 4 056 теңгеге қымбаттаған.
Какао ұнтағының құны 3 540 теңгеге, кір жуғыш ұнтақ 2 883 теңгеге, ал сусабын 2 586 теңгеге өскен.
Дегенмен барлық тауар бірдей қымбаттамаған. Мәселен, тоқаштың бағасы 160 теңгеден 260 теңгеге, ал панировка ұнтағы 165 теңгеден 303 теңгеге жеткен. Ылғалды майлықтар мен гигиеналық төсемдердің бір түрі де салыстырмалы түрде аз қымбаттаған тауарлар қатарында.
Азық-түлік пен тұрмыстық тауарлардың құны
2015 жылғы түбіртектегі 48 тауарды екі санатқа бөліп қарастырдық.
Оның 37-сі азық-түлік пен ас әзірлеуге арналған заттар болса, қалған 11-і тұрмыстық және гигиеналық тауарларға жатады.
Бірінші санатқа азық-түлік өнімдерімен бірге дәмдеуіштер, ас содасы мен сірке қышқылы енгізілді. Ал сопақ пісіру ыдысы тұрмыстық тауарлар тобына қосылды.

Осылайша, 2015 жылғы бір дүкен түбіртегі күнделікті тұтынатын тауарлардың 11 жыл ішінде қаншалықты қымбаттағанын көрсетеді. Бұрын 13 мың теңгеден сәл асатын сауда себетіндегі заттарды қазір сатып алу үшін 59 мың теңгеден астам қаражат қажет.
Дегенмен нақты бір дүкендегі баға өзгерісі мен ресми инфляция көрсеткішін бірдей қарастыруға болмайды. Ұлттық статистика бюросы ел бойынша көптеген тауар мен қызметтің бағасын есептесе, дүкен чегі белгілі бір тауарлар жиынтығының құнын ғана көрсетеді.
Бұған дейін Stan.kz ресми инфляция көрсеткіші мен дүкендегі бағаның неге сәйкес келмейтінін зерттеген еді. Материалда ресми инфляцияның 500-ден астам тауар мен қызметті қамтитын тұтыну себетіне негізделетіні, ал әр отбасының шығын құрылымы мен сатып алатын өнімдері әртүрлі болатыны айтылды. Мәселен, бір отбасы азық-түлікке көбірек ақша жұмсаса, ет пен көкөніс бағасының өзгерісін қатты сезінуі мүмкін. Сондықтан ел бойынша есептелетін орташа инфляция әр адамның күнделікті шығынын дәл көрсете бермейді.
