Наурыздағы кездейсоқ кадр: Қазақстандық апа итальяндық Vogue журналына қалай шықты
Ақтауда өткен Наурыз мерекесінде әдемі кадрларды түсіруге барған Адам Шаповалов есімді жігіт, ақжаулықты әжейді суретке түсірген. Нәтижесінде ол кадр италиялық Vogue журналының PhotoVogue плафтормасында жарияланған. Stan.kz тілшісі фотографтың өзімен тілдесіп, оның бұндай жетістікке қалай жеткенін сұрап білді.
Адам Шаповалов 27 жаста. Ол Ресейдің Адыгея Республикасындағы Майкоп қаласында дүниеге келген. Кейін Ақтауда білім алып, Ақтау технологиялық сервис колледжін тәмамдаған. Қазір фотографиямен айналысады. Отбасында анасымен бірге тұрады, анасы – зейнеткер. Ол бірнеше жылдан бері PhotoVogue платформасына фотоларын жіберіп келеді. Бір аптада оның екі жұмысы, келесі аптада тағы екі фотосы редакторлардың мақұлдауын алған. Сол жұмыстардың бірі Vogue басылымында жарияланды. Фотографтың айтуынша, Наурызда түсірілімге арнайы идеямен шықпаған.
“Нақты мақсат болған жоқ. Мен жай ғана Наурызда камера алып шықтым. Әдеттегідей қала аралап, суретке түсірдім. Белгілі бір серия түсіруді немесе нақты сюжет іздеуді жоспарламадым. Жай ғана айналамда болып жатқан нәрселерді бақылап, назарымды аударған сәттерді түсірдім”, — дейді ол.
Адамның айтуынша, Vogue-ге шыққан кадр да кездейсоқ түсірілген. Ол бастапқыда қыздың костюмін арт жағынан суретке түсіргісі келген. Алайда қыз бұрылып қалған сәтте фотограф кадр жасап үлгерген.
“Біз тіпті сөйлесіп те үлгермедік. Бастапқыда оның костюмін артынан түсіргім келген. Бірақ бәрі кездейсоқ болды. Ол маған бұрылып қарады, сол сәтте кейін Vogue қабылдаған кадр түсірілді. Мен бұл сәтті алдын ала жоспарлаған жоқпын”, – деді фотограф.
Ол коммерциялық түсіріліммен айналыспайды, фотосуреттерін табыс табу немесе жарияланымға шығу мақсатында түсірмейтінін айтады. Фотографияны бес жыл бұрын хобби ретінде бастаған, қазір де солай қабылдайды.
“Маған түсіру процесінің өзі ұнайды. Адамдарды бақылау, қызықты көрінген сәттерді сақтап қалу – мен үшін маңыздысы осы. Фотографияны медитацияның бір түрі деп қабылдаймын. Түсіріп жүрген кезде процестің өзінен ләззат аламын”, — дейді ол.
Фотограф Наурыз мерекесінде түсірілген кадрлардан бірден серия жасауды көздемеген. Төрт сағаттай жағалауды аралап, өзіне ұнайтын кадр таба алмаған. Кейін әдемі киім мен бас киім киген қыздың бейнесіне назар аударып, оны көк аспан аясында түсірген. Оның шаш өрімі де композицияға ерекше көрік берген.

Осыдан кейін фотограф айналасындағы басқа адамдарды да түсіре бастаған. Жігіттерді, қыздарды, әйелдер мен әжелерді камераға түсіріп, біртіндеп серия қалыптасқан. Сөзінше, дайын концепция жоқ, идея сол жерде табады. Адам Шаповалов кадрларда адамның бет-әлпетінен гөрі киіміне, силуэтіне, әшекейлеріне және мәдени болмысына назар аударған. Ол мерекеде адам көп болғандықтан, фондағы артық детальдарды азайту үшін төменнен түсіру тәсілін таңдаған. Осылайша аспанды фон ретінде пайдаланып, адамның бейнесін алдыңғы қатарға шығарған.
“Бұл серияның ерекшелігі – оның түрлі-түсті әрі концептуалды болуында. Кейбір адамдар идеяны түсінбей, “Неге адамдардың арқасын түсіресің?”, “Неге бөтен адамдардың мойнын суретке түсіресің?” деп сұрайды. Бірақ мен үшін мәселе мойында емес. Маған адамның образы, оның киімі, әшекейлері мен басқа жерлері арқылы көрінетін болмысы қызық. Адамды тек бет-әлпеті арқылы таныту міндетті емес. Кейде киімі, силуэті немесе белгілі бір мәдени ортадағы бейнесі ол туралы көп нәрсе айта алады”, – дейді ол.
PhotoVogue-ге төрт фотосы қабылданған
Адам Шаповалов PhotoVogue платформасына 2022 жылдан бері фотоларын жіберіп келеді. Сөзінше, фотографтардың редакторларға аптасына бір рет, дүйсенбі күні екі жұмыс ұсынуға мүмкіндігі бар.
“Бұл мен үшін апталық ритуалға айналды. Әр дүйсенбі сайын екі жұмыс жіберемін. Кейде бір жыл бойы бірде-бір фотосурет қабылданбауы мүмкін. Сонда да жіберуді жалғастыра беремін. Осы сериямен бәрі күтпеген жерден болды: бір аптада екі фотомды қабылдады, келесі аптада тағы екеуін мақұлдады. Екі аптада төрт фотосурет қабылданды. Мұндай нәтиже болады деп ойламадым”, – дейді фотограф.
Оның айтуынша, редакторлар мақұлдаған фотосуреттер PhotoVogue портфолиосына Vogue сутаңбасымен автоматты түрде орналастырылады. Алайда редакторлар қабылданбаған жұмыстардың себебін түсіндіріп, жеке пікір білдірмейді.
“Қымбат камера қызықты фото түсіруге кепіл емес”
Адам фотографияны Маңғыстауға сапарларынан кейін бастаған. Ол жақтың табиғаты мен көрікті жерлерін суретке түсіргісі келген. Кейін телефон камерасының мүмкіндігі жеткіліксіз екенін түсініп, алғашқы зеркалкасын сатып алған. Уақыт өте табиғатпен қатар адамдарды, қалалық ортаны, күнделікті өмір мен мәдени болмысты түсіруге қызыға бастаған.
Фотографтың камерасы ескі әрі бюджеттік болғанымен, ол техникадан бұрын фотографтың көзқарасы, идеясы мен түсіруге деген ықыласы маңызды деп есептейді.
“Әрине, камераның маңызы бар. Бірақ қымбат техника өздігінен қызықты фото түсірмейді. Менің камерам ескі, бюджетке сай. Коммерциялық түсіріліммен айналыспаймын, фотографиядан табыс таппаймын. Сондықтан жаңа техника алу әзірге қаржылық тұрғыдан қиын. Грант немесе қолдау көрсететін меценаттарым да жоқ. Сол себепті қолымда бар техникамен жұмыс істеймін. Мінсіз жағдайды күтпей, түсіруді жалғастырып, өз көзқарасыңды дамыту маңызды деп ойлаймын”, – деді ол.
ЮНЕСКО көрмесіне де жұмысы қабылданған
Адам Шаповалов алдағы уақытта Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде өтетін көрмеге қатысады. Оның бір жұмысы ЮНЕСКО Алматы ұйымдастырған open call аясында іріктелген. Фотографтың айтуынша, арнайы шақырту болмаған. Өтінім қабылдаудың соңғы күні түнде жобаны көріп, өз жұмыстарын жіберген. Қазір нақты қай фотоларын ұсынғанын есіне түсіре алмайды, бірақ бір жұмысы көрмеге қабылданған.

Адам болашақта көбірек жарияланым мен көрмеге қатысуды, документалды фотография бағытында дамуды қалайды. Дегенмен, ол үшін фотосуреттерінің саны немесе көрмелерге қатысу ғана маңызды емес.
“Фотоларым біреуге әсер етіп, ойландырса немесе әдеттегі нәрселерге басқаша қарауға көмектессе деймін. Мен үшін фотографияны жалғастырудың маңызды себептерінің бірі осы. Ең бастысы, жасаған жұмысыңның біреуге әсер еткенін сезіну. Сонда оның бәрі бекер емес екенін түсінесің”, – дейді Адам Шаповалов.
Еске сала кетейік, танымал қазақстандық фотограф Дмитрий Доценко Алматы маңындағы тауларда қар барысын түсіріп үлгерген. Әлеуметтік желідегі парақшасында қар барысын жақыннан түсірген кадрларын бөлісті. Ол қар барысын көру арманы болғанын, ал бүгін оны көріп қана қоймай, жақын қашықтан түсіру бақыты бұйырғанын жазды.
Наурыздағы кездейсоқ кадр: Қазақстандық апа итальяндық Vogue журналына қалай шықты