Қазақстанда тыңшылық жасады деген айыппен Өзбекстан профессоры 10 жылға сотталды
Қазақстанда Өзбекстан азаматы, 46 жастағы ғалым Икболжон Корабоев тыңшылық жасады деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Мұны оның туыстары мәлімдеді. Сот отырысы да жабық режимде өткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Профессор Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабы (Тыңшылық) бойынша кінәлі деп танылған. Бұл бапта 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ғалымның отбасы сот үкімі туралы сот өкілдерінен немесе басқа мемлекеттік органдардан емес, өздерінің жеке дереккөзінен білген.
Туыстарының айтуынша, оларға әлі күнге дейін тергеу материалдарымен танысуға мүмкіндік берілмеген. Сонымен қатар профессордың қай мемлекеттің мүддесіне жұмыс істегені де айтылмаған.
Отбасы сот үкіміне шағым түсіріп, ғалымды толық ақтауға қол жеткізуді көздеп отыр.
Ғалымның туыстары Қазақстан президентіне, Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге және құқық қорғау ұйымдарына жүгінген. Алайда әзірге нақты жауап алмаған.
Ғалым немен айналысқан?
Икболжон Корабоев – Өзбекстан азаматы, Әндіжан қаласының тумасы. Ұсталғанға дейін ол Астанадағы Maqsut Narikbayev University-де халықаралық қатынастар пәнінен сабақ берген. Ғалым жұбайымен және кәмелетке толмаған үш баласымен бірге Астанада тұрған.
Оның ғылыми зерттеу бағыттарына өңірлік интеграция, геоэкономика және Орталық Азиядағы стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар мәселесі кірген.
2025 жылы сәуірде профессор Қазақстан мен Өзбекстанның стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбаларға қатысты құқықтық, саяси және стратегиялық ұстанымдарын зерттеген ғылыми жұмысын аяқтаған. Зерттеуде ұлттық және халықаралық деңгейдегі 20 құжатқа талдау жасалған. Алайда бұл еңбек әлі жарияланбаған.
Ғалымның әріптестерінің айтуынша, ол зерттеулерінде ашық дереккөздердегі ақпараттарды пайдаланған.
Бұған дейін не белгілі болды?
Еске салайық, 2026 жылы 27 тамызда Икболжон Корабоевтың ұсталғаны туралы хабарланды. Ол кезде профессордың қамауда отырғанына екі айға жуықтаған. Туыстарының мәліметінше, оны 3 шілдеде Астанада ұстаған.
Ғалымның ұсталуына қатысты екі болжам айтылған. Біріншісі – оның Өзбекстанның мүддесі үшін әрекет етуі мүмкін деген күдік. Екіншісі – профессордың стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар саласындағы ғылыми зерттеулері.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдары жария етілмейтінін мәлімдеген. Сонымен қатар Өзбекстан тарапы дипломатиялық арналар арқылы ресми түрде хабардар етілген.
Алайда ведомство сол кезде Корабоевтың процестік мәртебесін, қылмыстық істің қандай бап бойынша тергеліп жатқанын және оған тағылған күдіктің мән-жайын нақтыламаған.