Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

KIMEP университетінде жыныстық қысым жасады деп айыпталған профессор ақпаратты теріске шығаруды талап етті

KIMEP-тегі дау профессор
Фото: 2gis.kz

KIMEP университетінің профессоры Надим Накви желі мен студенттер арасында тараған "сексуалдық қысым көрсетті" деген айыптауларды жоққа шығарды. Ол бұл ақпаратты таратқан бұрынғы декан Джейсон Гейнус-тен 14 күн ішінде ресми түрде теріске шығару жариялауды талап етіп, егер орындамаса, сотқа жүгінетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Накви бұл айыптаулардың студенттерге әдейі таратылуын қатаң сынға алады. Оның пікірінше, мұндай әрекет ресми тексеру немесе заңды жолмен емес, сырттан ықпал ету арқылы жасалып отыр.

"Бұл айыптауларды барлық студенттерге әдейі тарату – университеттің ішкі тәртібімен немесе ресми тексеріс жолдарымен емес, басқа жолмен жасалған. Мұның ешқандай заңды мақсаты жоқ. Керісінше, бұл профессор Наквидің беделін түсіруге, студенттер алдындағы абыройын бұзуға және сырттан тексеріс бастатуға бағытталған. Мұндай әрекет дұрыс қорғанысқа жатпайды және зиянды түрде жариялау болып саналады", – деп жазды Накви.

Профессор өзіне қарсы айтылған үш ақпараттың жалған екенін алға тартты. 

  • Біріншісі — 2013 жылы кампуста ақша үшін жыныстық қызмет көрсететін адамдарға қатысты оқиғаға байланысты айыптау. Накви ол кезде кампустан тыс жерде тұрғанын айтады. Ол университеттің жатақханасына тек 2015 жылы ғана көшкен. Оның айтуынша, бұл оқиға басқа адамға, қазір қайтыс болған Дональд Хоскинске қатысты болған.
  • Екіншісі – Гейнустың Гаутам Бхаттачарья деген біреудің жеке блог жазбасына сілтеме жасауы. Накви бұл тексерілмеген, редакциялық бақылауы жоқ дереккөз дейді.
  • Үшіншісі – Джорджия университетіндегі жағдай. Наквидің пікірінше, оны "жыныстық қудалау бойынша ресми тергеуден кейін жұмыстан шығарылды" дегенге Гейнус ешқандай дәлел келтірмеген.

Накви Гейнусқа 14 күн ішінде айыптауларды тоқтатуды талап етті. Ол сондай-ақ бұл туралы барлық тараптарға – студенттерге, университет президентінің кеңсесіне және Білім министріне ресми түрде теріске шығару жариялауды сұраған. Сонымен бірге, медиаға берілген материалдар мен анонимді Telegram-ботқа жіберілген мәліметтерді кері қайтарып алуды талап еткен.

Егер бұл талаптар орындалмаса, Накви Қазақстан сотына жүгінетінін айтып, ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау үшін заң бойынша талап қоятынын ескерткен (Қылмыстық кодекстің 143–145-баптары).

Сондай-ақ ол жаңа дәлелдер пайда болған жағдайда өз талаптарын өзгертуге немесе толықтыруға құқығы бар екенін айтқан. 

Еске салсақ, желіде KIMEP университетінің басшылығы сексуалды қылмысы бар мұғалімді жұмысқа алды деген ақпарат тараған еді. Әлеуметтік ғылымдар колледжінің деканы Джейсон Гейнос қызметінен кетіп, студенттерді оқытушылар тарапынан жыныстық қысым көрсету (харассмент) фактілері болса, оларды жасырмай, жария етуге шақырған болатын.

Stan.kz
Сейсенбі, 09 Маусым, 2026 17:17