Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанға төртінші байланыс операторы келсе, байланыс тарифі арзандай ма

сим карта
Фото: Pexels

Қазақстанда төртінші мобильді байланыс операторын іске қосу мәселесі әлі талқылау деңгейінде. Бір тарап жаңа ойыншы тарифтерді төмендетіп, бәсекені күшейтуі мүмкін деп есептесе, екінші тарап тағы бір ұлттық желі салу көп қаражатты қажет ететінін айтады. Халықаралық тәжірибеде де екі түрлі мысал бар: кей елдерде операторлар бірігіп, нарықтағы ойыншылар саны азайса, басқа мемлекеттерде жаңа компанияның келуі бағаның төмендеуіне ықпал еткен. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

 

Қазақстанның байланыс нарығында қазір кімдер бар?

Қазір Қазақстанда үш инфрақұрылымдық мобильді оператор жұмыс істейді:

  • “Мобайл Телеком-Сервис” – Tele2 және Altel брендтері;
  • “КаР-Тел” – Beeline және izi брендтері;
  • “Кселл” – Kcell және Activ брендтері.

2025 жылдың басында Tele2 мен Altel брендтерімен жұмыс істейтін “Мобайл Телеком-Сервис” компаниясы катарлық Power International Holding компаниясына сатылды. Осылайша, нарықта әртүрлі меншік иесіне тиесілі үш дербес оператор қалыптасты.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйегінде Қазақстандағы байланыс қызметтерінің көлемі 1,18 триллион теңгеден асқан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жоғары. Қыркүйек айында ұялы байланыс абоненттерінің саны 28 миллионнан асқан.

Жаңа операторға неге көп инвестиция қажет?

Finprom жүргізген зерттеуге сай, мобильді байланыс нарығына жаңа компанияны қосу үшін оған тек бренд пен тариф әзірлеу жеткіліксіз. Оператор жиілік ресурсын иеленіп, базалық станциялар орнатуы, желінің негізгі жабдықтарын сатып алуы, елді мекендерді интернетпен қамтуы және инфрақұрылымды үнемі жаңартып отыруы керек.

Мұндай жобалардың қымбат екенін 2022 жылғы 5G жиіліктері аукционы да көрсеткен. Сол кезде екі лот бойынша жиіліктерді бөлу нәтижесінде бюджетке 156 миллиард теңгеден астам қаражат түсті. Бұл – тек жиіліктерді пайдалану құны. Ал желіні салу мен дамытуға бөлек инвестиция қажет.

Қазақстан аумағының үлкендігі мен ауылдардағы халық тығыздығының төмендігі де шығынды арттырады. Оператор тек Алматы мен Астана сияқты ірі қалаларда ғана емес, шалғай елді мекендерде, республикалық жолдар мен теміржол бағыттарында да байланыс қамтамасыз етуі керек. Сондықтан төртінші инфрақұрылымдық оператордың келуі нарыққа тағы бір тариф ұсынатын компанияның қосылуы ғана емес, тұтас ұлттық желі салатын жаңа инвестициялық жоба болмақ.

 

Халықаралық тәжірибе қандай?

Әлемде төрт оператордан үш операторға дейін қысқарған нарықтар бар. Мысалы, АҚШ-та 2020 жылы T-Mobile мен Sprint бірігіп, ұлттық деңгейде үш ірі инфрақұрылымдық оператор қалды. Ұлыбританияда Vodafone мен Three компанияларының бірігуіне де рұқсат берілді. Испанияда Orange пен MásMóvil бірлескен кәсіпорын құрды. Мұндай мәмілелердің негізгі себептерінің бірі – желіні дамытуға кететін шығынды бөлісу және инвестициялық мүмкіндікті арттыру.

GSMA Intelligence зерттеуінде Еуропада үш инфрақұрылымдық операторы бар нарықтарда бір қосылымға шаққандағы инвестиция төрт оператор жұмыс істейтін нарықтармен салыстырғанда орта есеппен 48%-ға жоғары болғаны көрсетілген. Зерттеу авторлары мұны операторлардың ауқымы мен инвестиция салу мүмкіндігі арасындағы байланыспен түсіндіреді.

Алайда бұл барлық елде үш оператор болғаны тиімді дегенді білдірмейді. Нарықтың көлемі, халық тығыздығы, жиілік ресурстары мен реттеу талаптары әр мемлекетте әртүрлі.

Төртінші оператор келсе, тариф арзандай ма?

Жаңа компанияның нарыққа келуі баға бәсекесін күшейтіп, тұтынушыларға тиімді болуы мүмкін. Мұндай жағдайдың халықаралық мысалдары да бар.

Internet Society жариялаған зерттеуде 2008–2022 жылдары 31 елдегі тоғыз жаңа мобильді оператордың нарыққа шығуы қарастырылған. Зерттеу нәтижесі бойынша, жаңа ойыншы келгеннен кейін қолданыстағы операторлардың бір абоненттен түсетін орташа табысы орта есеппен шамамен 19–20%-ға төмендеген. Мысалы, Францияда жаңа оператор нарыққа шыққаннан кейін көрсеткіш 32%-ға, Израильде 32%-ға, Венгрияда 27%-ға азайған. Бұл жаңа ойыншының бәсекені күшейтіп, операторларды тариф пен қызмет көрсету шарттарын қайта қарауға итермелеуі мүмкін екенін көрсетеді.

Бірақ оператор табысының азаюы желіні дамытуға салынатын инвестиция қысқарады деген сөз емес. Оның нақты әсері компаниялардың шығындарына, абоненттер санына және жаңа ойыншының нарықтағы үлесіне байланысты болады.

Төртінші оператордың орнына қандай мүмкіндік бар?

Жаңа ұлттық желі салмай-ақ нарыққа кіруге мүмкіндік беретін модельдердің бірі – виртуалды мобильді оператор. Мұндай компания өзінің толық инфрақұрылымын құрмайды, қолданыстағы операторлардың желісін пайдаланып, абоненттерге өз тарифтері мен қызметтерін ұсына алады.

Қазақстанда виртуалды операторларға рұқсат беру тәртібі бекітілген. Бұл модель жаңа компаниялардың нарыққа кіруіне және тарифтер мен қызметтер бойынша бәсекелес болуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстан операторлары ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды бірлесіп пайдалану тәжірибесіне ие. Мысалы, “250+” жобасы аясында үш оператор 250-ден 1000 адамға дейін тұратын ауылдарды, автомобиль және теміржол бағыттарын байланыспен қамту үшін желілерін ортақ пайдалану туралы келісім жасаған. Демек, бәсекені күшейту үшін тағы бір толыққанды ұлттық желі салу қажет болмауы мүмкін.

Қазақстанда төртінші оператор қашан пайда болуы мүмкін?

2026 жылғы 15 қыркүйекте Үкіметтегі брифингте Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков төртінші операторды құру мәселесі әзірге талдау сатысында екенін айтқан. Оның сөзінше, Tele2 компаниясының катарлық инвесторға сатылуынан кейін жасалған үкіметаралық келісімге байланысты 2026 жылдың соңына дейін жаңа операторларға 5G лицензияларын беру шектелген. Ол жаңа оператордың пайда болуы ең алдымен инфрақұрылымды жақсартуға, байланыстың қолжетімділігін арттыруға және тарифтерді төмендетуге ықпал етуі керек екенін атап өтті. Егер мұндай нәтиже болмаса, төртінші оператор құрудың мәні болмайтынын жеткізген.

Айта кетейік, бұған дейін біз неге Қазақстанда iPhone басқа елдерге қарағанда қымбатырақ екенін талқылаған едік.

Айнура Дарибаева
Бейсенбі, 05 Қараша, 2026 10:08