Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"59 миллион табыспен, 30 мың теңге төлеген": Қазақстанда әкелер алименттен қалай жалтарады және оларды қалай анықтауға болады

Фото: proregion24.by

Қазақстанда алимент өндіру мәселесі сот шешімімен аяқталмайды. Кейбір ата-ана баласына тиесілі қаражатты толық төлеудің орнына ресми табысын аз көрсетуге, жалақысының бір бөлігін қолма-қол алуға немесе жұмысын басқа адамның атына рәсімдеуге тырысады. Ал кей жағдайда сот шешімі болғанымен, алимент өндірудің өзі бірнеше жылға созылады. Мұндай әрекеттерді анықтау қаншалықты қиын? Алимент алатын аналар бұрынғы жұбайының нақты табысын қалай тексере алады? Сот орындаушысы қандай мәліметтерді сұратуға құқылы және міндетін орындамаса, қандай жауапкершілікке тартылады? Stan.kz тілшісі мәселені зерттеді.

 

"Он жыл бойы баласына бір тиын да бермеген"

Желі қолданушысы бұрынғы күйеуімен ажырасқанына он жыл болғанын, осы уақыт ішінде ұлына алимент төлемегенін айтады. Анасының сөзінше, баланың әкесі екінші рет отбасын құрғанымен, алғашқы некесінен туған ұлының алдындағы жауапкершілігін орындамай жүр. Оның үстіне, баланың аутизмі бар, сондықтан ерекше күтімді қажет етеді.

"Ұлымның аутизмі бар. Әкесімен ажырасқанымызға он жыл болды. Осы уақыт ішінде баласына бір тиын да берген емес. Себебі жұмыс істемейді. Ұлымның әкесі екінші рет үйленген. Енді екінші отбасын асырауы керек қой. Бірақ бірінші отбасындағы баласына алимент төлемеу үшін әдейі жұмысқа шықпай отыр екен. Оған қанша рет хабарластым. Баласының жағдайын айтып, көмек сұрадым. Сонда: “Ең бастысы, сен менен ақша алмасаң болды, маған сол жеткілікті”, – деді. Баласына деген жауапкершіліктен осылай қашып отыр. Қазір ұлыма алимент бойынша жиналған қарызы шаш етектен.  Прокуратураға да бардым, eOtinish арқылы да өтініш жаздым, бірақ ешкім қимылдайтын түрі жоқ. Сот орындаушысы қазір ісімді қарамайды. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Енді: “Алматыда жүрген күйеуіңді қай жерінен іздеймін?” – дейді. Сот орындаушылар палатасына да бардым. Ондағылар да: “Іште сен сияқты қаншама әйел жүр. Бәрібір өндіре алмайсың”, – деп ашық айтты.  Он жыл бойы баласының қажетіне бір тиын шығармаған адамның істеп отырғаны – осы", – дейді ашынған ана.

"Бір жылда банк шотына әртүрлі адамдардан 59 миллион теңге табыс түскен"

Алимент мөлшерін қайта қаратуға мәжбүр болған тағы бір әйел бұрынғы күйеуінің табысын әдейі төмен көрсеткенін айтады. Оның сөзінше, заңгердің көмегімен жүргізілген тексеру барысында ер адамның бір жыл ішінде банк шотына түрлі адамдардан 59 миллион теңге түскені анықталған.

"Қызымның әкесімен ортақ екі қызымыз бар. Ол видеограф болып жұмыс істейді. Тойлар мен сұхбаттарды түсіреді, арасында кино да түсіріп тұрады. Ажырасқалы бері екі баласына 30 мың теңгедей төлеп келді. Биыл үлкен қызымды байқауларға қатыстыру керек болып, әкесінен қосымша ақша сұрадым. Шыны керек, жылдар бойы ештеңе сұрамағандықтан беретін шығар деп ойладым. Алайда ол 5 мың теңге де бере алмайтынын айтты. Осыдан кейін ашуланып, бір жағы қыздарыма жаным ашып, білікті заңгер жалдадым. Оның банктік шоттары мен мүлкіне тексеру жүргіздік. Нәтижесінде бір жыл ішінде шотына әртүрлі адамдардан 59 миллион теңге түскені анықталды. Үй мен жеке көлік те алған екен. Жеке кәсіпкерлігін де анасының атына тіркеп қойыпты. Сонша жыл бойы бұған мән бермегеніме таңғаламын. Сот бұрынғы жолдасымның табысының тұрақты екенін, Алматы қаласындағы мүліктерін ескеріп, екі қызымызға ай сайын 510 мың теңге көлемінде алимент тағайындады. Қыздар, міндетті түрде шоттарына тексеру жүргізіңіздер", – деп жазған желі қолданушысы.

"Айына 1,5 миллион теңге табады, бірақ қызына 68 мың теңге ғана төлейді"

Тағы бір желі қолданушысының айтуынша, бұрынғы жұбайының айлық табысы 1,5 миллион теңге болғанымен, ресми құжаттарда жалақысы 200 мың теңгеден сәл асатын мөлшерде көрсетілген. Соның салдарынан қызына ай сайын небәрі 68 мың теңге алимент төленеді.

"Қызымның әкесі Кентау қаласындағы екі медициналық мекемеде хирург болып жұмыс істейді. Он жылдық еңбек өтілі бар. Жарты жыл бұрын ғана ай сайын қолына 1,5 миллион теңге жалақы алатын. Бұдан бөлек, қосымша кәсібі де бар. Балаларды сүндетке отырғызады, өт шаю қызметін көрсетеді. Алматы қаласында үш бөлмелі пәтері де бар. Алайда ол белгісіз ЖШС-ға тіркеліп, ресми жалақысын 200 мың теңгеден сәл асатын мөлшерде көрсеткен. Оның басқа балалары жоқ. Сот отырысы өтті. Сот 68 мың теңгені бір балаға жеткілікті деп есептеген болуы керек. Ақырында осындай шешім шығарды. Өзі сотқа екі қорғаушысымен қатысты. Қорғаушылардың сотқа қатысуының өзі кемінде 300 мың теңге тұратын шығар. Сонда адвокаттарға ақша төлеуге дайын, бірақ өз баласына келгенде қаражат таба алмай ма? Әкесі балқып-шалқып өмір сүріп жатқанда, бір балаға 68 мың теңге жетеді деп есептей ме? Әділеттілік қайда?" – дейді ашынған ана.

Қазақстанда алимент мөлшері қалай есептеледі?

"Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодекстің 139-бабына сәйкес, сот шешімі бойынша алимент мөлшері ата-ананың табысына қарай есептеледі:

  • Бір балаға – табыстың төрттен бірі;
  • Екі балаға – табыстың үштен бірі;
  • Үш және одан көп балаға – табыстың жартысы.

Бұл ретте алимент ұсталатын табыс пен заңда көзделген міндетті ұсталымдар ескеріледі.

Әкелер табысын жасырудың қандай жолдарын пайдаланады?

Заңгер Алмас Беріковтың айтуынша, алимент төлеушілердің табысын толық көрсетпеуіне байланысты бірнеше жағдай кездеседі.

1. "Жасырын жалақы": бір бөлігі ресми, қалғаны қолма-қол

Қызметкер еңбек шарты бойынша 150-200 мың теңге алатын болып рәсімделгенімен, іс жүзінде 450–500 мың теңге табуы мүмкін. Қалған ақша қолма-қол беріледі.

Мұндай тәсіл жұмыс берушіге де тиімді болуы мүмкін. Себебі қызметкердің ресми жалақысы неғұрлым төмен көрсетілсе, жұмыс беруші соғұрлым аз міндетті зейнетақы жарнасын, әлеуметтік аударымдар мен медициналық сақтандыру жарналарын аударады. Яғни еңбекақының ресми көрсетілмеген бөлігіне байланысты жұмыс берушінің еңбекке ақы төлеуге жұмсайтын жалпы шығыны да азаяды. Бұдан бөлек, жалақы қоры төмен көрсетілгендіктен, жұмыс берушінің салықтық және әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелері де азаюы мүмкін.

2. Жұмысты басқа адамның атына рәсімдеу

Азамат іс жүзінде бір кәсіпорында жұмыс істеп, ресми құжаттарда туысының немесе танысының аты көрсетілуі мүмкін. Кей жағдайда еңбек шарты да басқа адамның атына рәсімделеді.

Мұндайда алимент төлеушінің нақты еңбек қатынасын анықтау күрделене түседі. Оның жұмыс орнын, атқаратын міндеттерін және жалақының кімге төленетінін қосымша тексеру қажет.

3. Жалақыны қолма-қол алу

Кейбір әкелер алимент мөлшерін азайтып көрсету мақсатында қысқа мерзімді қызмет көрсетсе, аударым немесе қолма-қол төлем қабылдайды. Оның суммасы жоғары болғанымен, сот орындаушысының нақты тексеруінсіз табысты анықтау мүмкін емес.  

4. Кәсіпкерлік кірісті толық көрсетпеу

Жеке кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтың бірнеше табыс көзі болуы мүмкін. Алайда оның есептілігінде кірістің бір бөлігі ғана көрсетілуі ықтимал.

Бұл жерде кәсіпкерлік айналым мен таза пайданы ажырату қажет. Шотқа түскен барлық қаражат кәсіпкердің жеке табысы болып саналмайды. Шығындар, салықтар және өзге міндетті төлемдер де ескеріледі.

Жасырын жалақыны қалай дәлелдеуге болады?

Егер жұмыс беруші қызметкердің жалақысының бір бөлігін қолма-қол төлесе, мұны дәлелдеу үшін бірнеше дереккөзді қатар қарастыру қажет.

ҚР Еңбек кодексінің 113-бабына сәйкес, жұмыс беруші қызметкерге ай сайын жалақысының құрамдас бөліктері, ұсталымдар мен төленуге тиісті жалпы сома туралы ақпарат беруге міндетті.

Сондықтан ресми есепте көрсетілген жалақы мен нақты төленген қаражат арасында айырмашылық болса, мынадай дәлелдер маңызды болуы мүмкін:

  • Еңбек шарты мен оған жасалған қосымша келісімдер;
  • Жалақы есептеу ведомостары және бухгалтерлік құжаттар;
  • Банк аударымдары мен төлемдердің мақсаты;
  • Жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы хат-хабарлар;
  • Қолма-қол ақша алғанын растайтын қолхаттар;
  • Жалақы мөлшерін білетін куәлардың айғақтары;
  • Зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар туралы мәліметтер.

Бұларды анықтау сот орындаушының немесе заңгердің міндетінде. 

Сот орындаушысы борышкердің табысы мен банк шоттарын қалай тексереді?

"Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" заңның 126-бабына сәйкес, сот орындаушысы атқарушылық құжатты орындау үшін қажетті ақпаратты мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және өзге де тұлғалардан сұратуға құқылы.

  • Біріншіден, банктерге сұрау салу арқылы борышкердің банктік шоттарының бар-жоғын және олардағы ақша қаражатын анықтауға болады. Заңда көзделген тәртіп пен қажетті санкциялар сақталған жағдайда, шоттардағы ақша қозғалысы туралы мәліметтер де сұратылады. 
  • Екіншіден, мемлекеттік кірістер органдарынан борышкердің жеке кәсіпкер ретінде тіркелген-тіркелмегенін, салық есептілігін және ресми көрсетілген кәсіпкерлік кірістерін анықтау үшін ақпарат сұратылады.
  • Үшіншіден, мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар, ресми жұмыс орны, жылжымайтын мүлік пен көлік туралы мәліметтер тексеріледі.
  • Төртіншіден, жұмыс берушіге сұрау жіберіледі. Заңның 100-бабына сәйкес, борышкерге табыс төлейтін ұйымдар мен тұлғалар оның табысы және алимент бойынша ұсталған қаражат туралы ақпарат беруге міндетті.
  • Сонымен қатар борышкер интернет-платформалар арқылы табыс тапса, оның платформалық жұмыстан түсетін кірістерін де анықтау мәселесі қарастырылған.

 

Сот орындаушысы алимент төлеушіні қаншалықты тексеруге міндетті?

Алимент өндіру туралы атқарушылық іс жүргізу басталғаннан кейін сот орындаушысы борышкердің жұмыс орнын, табысын және мүлкін анықтауға тиіс.

Оның міндетіне борышкердің ресми кірістерін тексеру, берешегін есептеу, банктік шоттары мен мүлкіне қатысты шаралар қабылдау және алименттің уақытылы аударылуын бақылау кіреді.

Алимент бойынша берешек тоқсан сайын есептеледі. Егер борышкер жұмыс істемесе немесе оның жалақысы мен өзге кірісін растайтын құжаттар болмаса, берешек Қазақстандағы орташа айлық жалақы мөлшеріне сүйене отырып есептеледі. Ал Қазақстандағы орташа айлық жалақы 2026 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша 486 388 теңге. Демек бір балаға 117 097 тг өндірілуі керек.

Борышкер ресми түрде жұмыссыз болып көрінгенімен, оның алимент төлеу міндеті тоқтамайды.

Егер алимент үш ай бойы жалақыдан немесе өзге кірістерден өндірілмесе, сот орындаушысы берешекті айқындау және мәжбүрлеп орындату шараларын қабылдауы керек. Қажет болған жағдайда борышкердің мүлкіне қатысты шектеулер қойылып, елден шығуына уақытша тыйым салу және әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік мәселесін қарау шаралары қолданылуы мүмкін.

Сот орындаушысы екі жыл бойы алимент өндірмесе, қандай жауапкершілікке тартылады?

Егер сот орындаушысы екі жыл бойы алимент өндіру бойынша нақты шаралар қабылдамаса, оның әрекетсіздігіне құқықтық баға беріледі. Алайда алименттің өндірілмеуі автоматты түрде сот орындаушысы заң бұзды дегенді білдірмейді. Оның атқарушылық іс жүргізу барысында қандай әрекеттер жасағаны, қандай сұраулар жібергені және қандай шешімдер қабылдағаны тексерілуі керек.

Егер жеке сот орындаушысы өз міндеттерін тиісінше орындамағаны анықталса, оған тәртіптік жауапкершілік қолданылады. Оның ішінде ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс сияқты шаралар қарастырылған. Заң бұзушылықтың сипатына қарай лицензиясына қатысты мәселе де көтеріледі.

Егер оның заңсыз әрекеті немесе әрекетсіздігі салдарынан нақты материалдық залал келсе, оны өтеу мәселесі де заң аясында қаралады. Ал қылмыстық жауапкершілік тек қылмыс құрамының белгілері анықталған жағдайда туындайды.

Сот орындаушысының әрекетіне немесе әрекетсіздігіне заңның 127-бабына сәйкес шағымдануға болады.

Алимент өндіре алмай жүрген ана мынадай қадамдар жасай алады:

  1. Жеке сот орындаушысынан атқарушылық іс жүргізу материалдарының көшірмесін және борышкерді іздестіру бойынша қабылданған шаралар туралы жазбаша ақпарат сұрату.
  2. Борышкердің жұмыс орны, табысы, банктік шоттары мен мүлкі туралы мәліметтерді тексеруді талап ету.
  3. Алимент бойынша жиналған берешекті қайта есептеуді сұрау.
  4. Өңірлік жеке сот орындаушылары палатасына және аумақтық әділет департаментіне шағымдану.
  5. Сот орындаушысының әрекетіне немесе әрекетсіздігіне әкімшілік сот тәртібімен шағым беру.

Мұнда шағымдану мерзімін ескеру маңызды. Сот орындаушысының нақты әрекеті немесе әрекетсіздігі белгілі болған күннен бастап заңда белгіленген мерзімде шағым беру қажет.

Сондықтан екі жыл бойы алимент өндірілмеген жағдайда барлық кезеңді қамтитын атқарушылық іс материалдарын алып, сот орындаушысының әрбір әрекетіне немесе әрекетсіздігіне құқықтық баға берген дұрыс, дейді заңгер Алмас Беріков.

Алиментті тұрақты сомамен өндіріп алуға бола ма?

Егер борышкердің табысы тұрақсыз болса, әр айда өзгеріп отырса немесе оның бір бөлігін заттай алса, алиментті тек жалақының үлесімен есептеу тиімсіз болуы мүмкін.

Осы жағдайда "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодекстің 141-бабы қолданылады. Заңға сәйкес, сот алиментті тұрақты ақша сомасында немесе табыстың белгілі бір үлесімен бірге тұрақты сомада өндіріп алуға құқылы.

Мысалы, әкенің табысы маусымға қарай өзгеріп отырады немесе ол жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істейді делік. Мұндай жағдайда сот баланың бұрынғы қамтамасыз етілу деңгейін, ата-аналардың материалдық және отбасылық жағдайын ескеріп, тұрақты төлем белгілеуі мүмкін.

"Алиментті тұрақты сомада белгілеудегі негізгі мақсат – баланың бұрынғы материалдық жағдайын мүмкіндігінше сақтау. Алайда әкенің табысы жоғары болғаны ғана тұрақты мөлшерде алимент тағайындауға негіз болмайды. Сот табысқа үлес ретінде алимент өндіру баланың немесе тараптардың бірінің мүддесін елеулі түрде бұзатынын анықтауы керек", – дейді заңгер.

Демек, алиментті тұрақты сомада өндіріп алу үшін баланың ай сайынғы шығындарын, әкесінің табыс көздерін және отбасылық жағдайын растайтын дәлелдерді ұсыну маңызды.

 

Басқа елдерде алимент төлеуден жалтарғандарға қандай шара қолданылады?

1. Аустралия: алимент қарызы болса, шетелге шығуына тыйым салынады

Аустралияда алимент төлеуден жүйелі түрде жалтарған адамның шетелге шығуына арнайы тыйым салынады. Ол үшін сот шешімі міндетті емес. Мемлекеттік Services Australia мекемесі борышкер қарызын өтемесе немесе төлеу туралы келісімге келмесе, Departure Prohibition Order шығара алады.

Сонымен қатар алимент қарызы жалақыдан, банк шотынан және басқа кірістерден өндіріліп алынады. Егер өзге тәсілдер нәтиже бермесе, борышкердің мүлкіне қатысты сот арқылы шара қолдануға болады.

2. Германия: мемлекет баланы алиментсіз қалдырмайды

Германияда екінші ата-ана алимент төлемесе, мемлекет балаға Unterhaltsvorschuss деп аталатын арнайы қаржылай көмек береді. Бұл төлем бала 18 жасқа толғанға дейін белгілі талаптармен тағайындалады.

Маңыздысы – мемлекет берген ақшаны борышкерден кейін қайтарып алуға құқылы. Ол үшін оның жұмыс берушісінен, салық органдарынан және басқа мекемелерден табысы туралы ақпарат сұратылады. Қажет болса, берешек сот арқылы өндіріліп алынады.

3. Канада: төлқұжат пен жүргізуші куәлігінен айырылады

Канадада алимент бойынша үш немесе одан көп төлемді өткізіп алған не кемінде 3 мың канадалық доллар қарызы бар азаматтың төлқұжатын тоқтату немесе жаңасын беруден бас тарту шарасы қолданылады.

Бұдан бөлек, мемлекеттік органдар борышкердің жұмыс орны мен табысын арнайы ақпараттық базалар арқылы анықтай алады. Оның кейбір федералдық төлемдерінен ақша ұсталып, мүлкі тәркіленуі мүмкін. Жүргізуші куәлігі мен кейбір кәсіби лицензияларына да шектеу қойылады.

4. Өзбекстан: алимент төлемегені үшін қылмыстық жауапкершілік бар

Өзбекстанда сот шешімімен белгіленген алиментті төлемеген азамат алдымен әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Егер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін де кәмелетке толмаған баласын асырауға міндетті қаражатты екі айдан астам уақыт төлемесе, қылмыстық жауапкершілік қарастырылады.

Сонымен қатар алимент бойынша берешек кінәлі тұлғаға әр кешіктірілген күн үшін төленбеген соманың 0,1 %-ы мөлшерінде өсімпұл есептеу арқылы өндіріліп алынады.

5. АҚШ: 2 500 доллардан асқан алимент қарызы төлқұжатқа кедергі болады

АҚШ-та алимент бойынша 2 500 доллардан астам берешегі бар азаматқа жаңа төлқұжат берілмейді. Қолданыстағы төлқұжаты да қайтарылып алынуы мүмкін. Қарыз толық өтелгеннен кейін ғана төлқұжат рәсімдеу мүмкіндігі қалпына келеді.

Бұдан бөлек, алимент борышкердің жалақысынан, салықтан қайтарылатын ақшасынан және кейбір федералдық төлемдерінен ұсталады.

6. Жаңа Зеландия: төлеуден бас тартқан адам қоғамдық жұмысқа тартылады

Жаңа Зеландияда алимент төлемеген азаматтың қаржылық жағдайын тексеру үшін оны отбасылық сотқа шақыруға болады. Егер сот оның төлеуге мүмкіндігі бола тұра әдейі жалтарып жүргенін анықтаса, қоғамдық жұмысқа тарту туралы шешім шығара алады.

Ал сотқа шақыртуға келмеген жағдайда қамауға алу туралы ордер берілуі мүмкін. Егер азамат алимент төлемеу үшін елден кетуді жоспарласа да, сот оны қамауға алу туралы ордер шығара алады.

Еске сала кетейік, бұған дейін ондаған миллион теңге айналымы болған қазақстандық кәсіпкер баласына 20 мың теңге алимент төлеп келгенін жазған едік. Бұл қаражаттың бір бөлігі мемлекеттік сатып алуларға қатысу арқылы түскен.

Ақгүл Айдарбекқызы
Бейсенбі, 05 Қараша, 2026 09:00