Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда автобус күтіп отырған әйелдің үстіне аялдаманың әйнегі құлап кеткен

Сынған әйнек
Фото: Threads

Алматыда аялдамада автобус күтіп отырған әйелдің үстіне аялдаманың сынған әйнегі құлаған. Оқиғаға қатысты Алмалы ауданының әкімдігі түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы қаласының тұрғыны Threads желісіндегі парақшасында аялдамада болған келеңсіз оқиға туралы жазба жариялады. Оның айтуынша, оқиға Мақатаев көшесіндегі (Назарбаев көшесімен қиылысында) аялдамада болған.

Әйел автобус күтіп отырған сәтте аялдама павильонының әйнегі кенеттен үстіне құлаған. Ол оқиғаның суреттерін де жариялады. Кадрлардан аялдаманың жанында сынған әйнекті және бірнеше жерінен жыртылған күртешені көруге болады.

"Абырой болғанда, үстімде күртешем болды. Мұндай жағдайға кім жауап береді? Аялдамадағы әйнектерді дұрыстап бекітуге болмай ма? Бұл – адам көп жиналатын орын. Бұл жерде кішкентай бала болуы да мүмкін еді", – деп жазды желі қолданушысы.

Жазбаға Алмалы ауданының әкімдігі жауап берді. Әкімдік өкілдері аялдама павильонының зақымданған әйнегін ауыстыру үшін жауапты RTS компаниясымен байланысқанын мәлімдеді.

Әкімдік мәліметінше, аялдама павильонының зақымданған әйнегі ертеңге дейін ауыстырылады. Сонымен қатар оқиға орнында әйнектің зақымдану себептері де тексерілетіні атап өтілді.

"Компанияның ақпараты бойынша, аялдама павильонының зақымданған әйнегі ертеңге дейін ауыстырылады. Сонымен қатар мамандар оқиға орнында әйнектің зақымдану себептерін тексереді. Жұмыс аяқталған соң фотоесеп ұсынылады. Жұмыстың орындалуы бақылауда", – делінген әкімдік жауабында.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы тұрғыны  аялдама маңына жуырда төселген тақтайшалардың қайта ауыстырылып жатқанына шағымданған еді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 04 Қараша, 2026 20:08