Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте арықтың үстіне орнатылған аялдама желіде қызу талқыға түсті (видео)

Аялдама
Фото: Видеодан скрин

Шымкентте арықтың үстіне орнатылған аялдама желіде қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әлеуметтік желілерде ашық арықтың дәл үстіне орнатылған жаңа автобус аялдамасының видеосы тарады. Видео авторы аялдаманың Шымкент қаласында екенін атап өткен. 

Кадрлардан аялдамаға баратын жаяу жүргіншілерге арналған өткел немесе көпірдің жоқ екенін, аялдама орындығының да арықтың үстінде тұрғанын байқауға болды.

Аялдама құрылысы қала тұрғындарын таңғалдырды. Олар жолаушылардың, әсіресе қарттар мен балалардың су үстіндегі орындыққа қалай қауіпсіз жететініне алаңдаушылық білдірді.

Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы аялдама видео жарияланғанға дейін екі күн бұрын орнатылғанын хабарлады. Әкімдік мәліметінше, аялдама құрылысы әлі толық аяқталмаған. 

“Тәуелсіздік көшесінің бойында "Этноауыл" кешені іске қосылып қала тұрғындары мен қонақтары көптеп келуіне байланысты және тұрғындардың өтінішіне сәйкес аялдама орнату жұмыстары жүргізілуде. Аталған аялдама павильоны 2 күн бұрын орнатылып, тіреуіш бағаналарына бетон құйылып, бетонның қатуы күтілген. Қазір аялдамадағы арықтың бетіне бетон тақтайшалары орнатылып, аялдама алаңшасына жиектастар мен өрнектастар орнату жұмыстары атқарылуда. Жұмыстар толық аяқталмауына байланысты, аялдаманы қабылдау және мердігер мекемеге қаржы төленбеген", – делінген хабарламада. 

Жұмыстарды қыркүйек айының соңына дейін толық аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар әкімдік аялдама туралы видеоны әлеуметтік желіге жариялаған тұрғынға түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. 

Еске салсақ, бұған дейін Астанада LRT астындағы автобус аялдамасында қайнатылған қазанның видеосы талқыға түскен еді.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 29 Қыркүйек, 2026 19:17