Кенесары хан туралы айтқан Қырғыстан азаматтарына қатысты қылмыстық іс тіркелді – ІІМ
Астанада академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алып жүрген Қырғызстанның екі студентіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Заңгер Мейірман Шекеев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында екі шетел азаматының үстінен арыз түсіргенін айтты.
"Екі Қырғызстан азаматының біздің ата-бабамыздың рухына, елімізге, ұлтымызға тиіскен бейнежазбалары тараған еді. Осыған қатысты мен әлеуметтік желіге шығып, сіздерге бейнеақпарат беріп, өзімнің бұл азаматтарға қатысты құқықтық баға берілуі бойынша арыз түсіргенімді айтқан едім. Қырғызстан азаматтарына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғаны туралы хабар алдық", – дейді заңгер Мейірман Шекеев.
Еліміздің Ішкі істер министрлігі заңгерге берген ресми жауабында болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес процесстік шешім қабылдауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Редакция істің қалай жүріп жатқанын анықтау үшін министрлікке ресми сауал жолдады.
“Өтiнiште көрсетiлген мән-жайлар бойынша ұсынылған материалдарға зерделеу жүргiзiлiп, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиiстi құқықтық баға беру мәселесi қарастырылып жатыр”, – делінген министрлік жауабында.
Сондай-ақ ведомство тексеру нәтижелерi бойынша шетелдіктердің әрекетінен заң бұзушылық белгелерi анықталған жағдайда, Қазақстан
Республикасының заңнамасына сәйкес тиiстi шаралар қабылданады деп сендірді.

Істің мән-жайы
Еске салайық, Pan VASYL YouTube арнасының авторымен Чат-Рулетка платформасындағы қырғызстандық екі қыздың қазақ халқының тарихына байланысты даулы әңгімесінен үзінді жарияланды. Олар қырғыз халқының Кенесары ханның басына шарап құйып ішу керегін айтқан еді. Желіде кеңінен тараған бейнежазбадан кейін шетелдік студенттер бұл әңгімесі үшін сынға қалды. Кейін студент қыздар кешірім сұрап, бейнеүндеу жасады. Олар айтқан сөздерінің дұрыс болмағанын және қазақ халқының ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиуі мүмкін екенін мойындады.
Алаяқтар қазақстандық әйелдің атынан банк картасын ашып, заңсыз аударымдар жасаған: Енді өзі күдікке ілігуі мүмкін