Қазақстанда 24 миллион шаршы метр үй салынады: Баспана арзандай ма
Қазақстанда биыл 24 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Алайда құрылыс көлемінің артуы баспана бағасы төмендейді дегенді білдірмейді. Құрылыс және өнеркәсіп министрі Ерсайын Нағаспаевтың мәлімдеуінше, мемлекет жеке құрылыс компанияларының баға белгілеуіне араласа алмайды. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Журналистер министрден алдағы жылдары құрылыс көлемі артып, тұрғын үй бағасы арзандай ма деп сұрады. Өйткені жаңа үйлер көптеп салынып жатқанына қарамастан, баспанаға сұраныс та, шаршы метрдің құны да өсіп келеді. Ал жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар бұл сұранысты толық өтей алмай отыр.
Үйдің шаршы метрі қанша тұрады?
Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, мемлекет әлеуметтік тұрғын үйдің құнын ғана реттейді. Қазақстан бойынша мұндай баспананың сметалық құнының ірілендірілген орташа көрсеткіші бір шаршы метрге 335 мың теңгені құрайды.
“Әлеуметтік тұрғын үйге қатыстының бәрін мемлекет, біздің министрлік реттейді. Бұл көрсеткішті бақылауда ұстаймыз және бағаның негізсіз өсуіне жол бермейміз. Ал жеке бизнеске қанша баға қою керегін айта алмаймын. Мұнда бәрі әр адамның мүмкіндігіне байланысты”, – деді министр.
Сонымен қатар министр құрылыс компанияларына қойылатын талаптарды күшейту қажеттігін атап өтті. Оның сөзінше, барлық құрылыс салушы бірдей талаптарды сақтай бермейді. Сондықтан мемлекет олардың жұмысына бақылауды күшейтіп, тұтынушылардың құқығын қорғауға бағытталған талаптарды қатаңдатпақ.
870 мың адам баспана кезегінде тұр
Министрдің айтуынша, Отбасы банктің жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары тұрғын үйге деген бүкіл сұранысты өтей алмайды. Қазір банк арқылы баспана алуға кезекте тұрғандар саны 870 мың адамға жеткен.
“Өкінішке қарай, осынша адамды бірден баспанамен қамтамасыз ететін көлемде үй салып жатқан жоқпыз. Бірақ менің ойымша, мұндай бағдарламалар қажет. Тұрғын үй сатып алуға арналған арзандатылған несиелер болуы керек”, – деді Ерсайын Нағаспаев.
Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылды Жалпыхалықтық құрылыс жылы деп жариялауды ұсынған еді.
