Қостанайда аграрлық колледжде бірден 45 студент оқудан шығарылды: Оған не себеп
Қостанай облысында 45 студент сабаққа мүлде қатыспаса да, колледжде оқитындардың тізімінде тұрған. Соның салдарынан бюджет қаржысы негізсіз жұмсалған. Прокуратура тексерісінен кейін колледж директоры қызметінен босатылып, жеті оқытушы жауапқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қарабалық ауданы прокуратурасы Қазақстан агротехникалық колледжіне тексеріс жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Атап айтқанда, оқу процесін ұйымдастыру, мемлекеттік мүлікті басқару және студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде кемшіліктер болған.
Тексеріс барысында 45 студенттің сабаққа қатыспағанына қарамастан, колледжде оқитындардың қатарында тіркеліп келгені белгілі болды. Осыған байланысты бюджет қаражаты негізсіз жұмсалған.
Бұдан бөлек, колледжде бес жыл бойы қалдық құны нөлге тең көлік құралдарын есептен шығару шаралары қабылданбаған.
Прокурорлар 65 студент тұратын жатақхананың техникалық жағдайынан да кемшіліктер анықтаған. Тексеріс қорытындысы бойынша сабаққа қатыспаған 45 студент оқудан шығарылды. Жеті оқытушы қатаң тәртіптік жауапқа тартылып, колледж директоры қызметінен босатылды.
Қазір пайдаланудан шығарылуға тиіс мүлікті есептен шығару жұмыстары басталған. Оған қоса жатақхананы жөндеу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Прокуратура білім беру саласындағы заң талаптарының сақталуын қадағалау, студенттердің құқығын қорғау және бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуына жол бермеу бағытындағы жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістанда колледж студенттеріне 6,4 миллион теңгеге балалар ойыншығы сатып алынғаны күмән тудырған еді. Түркістан облысының Сарыағаш қаласындағы №12 колледжге кішкентай балаларға арналған робототехника жиынтықтары сатып алынғаны қоғамда сұрақ туғызды. Журналист Ләззат Асанова колледж студенттеріне мұндай жабдықтардың қаншалықты қажет екенін және бюджет қаржысының тиімді жұмсалған-жұмсалмағанын көтерді.
Қазақстандық ана жоғары сынып оқушылары ұлына жыныстық сипаттағы әрекет жасағанын айтты: Ол оқиғаның мән-жайын баяндады
