Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда сүт пен айранның кейбір түрін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізімінен алып тастау ұсынылды

Сүт өнімдері
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда сүт пен айранның кейбір түрін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімінен алып тастау ұсынылды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қолданыстағы тізімге сүт өнімдерінің тым көп түрі енгізілгенін айтып, бағаны реттеу тәсілін қайта қарауды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары – халыққа қолжетімді болуы үшін бағасына мемлекеттік шектеу қойылатын негізгі өнімдер. Қазақстанда мұндай тауарлардың 31 түрі бар. Олардың қатарында нан, ұн, жарма, макарон, көкөніс, жеміс-жидек, ет, балық, сүт өнімдері, жұмыртқа, қант, май, шай және тұз бар.

Бұл өнімдердің сауда үстемесі өндірушінің босату бағасынан немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасынан 15%-дан аспауы керек.

24 қарашада бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі сүт пен айранды көтерме сату нарығындағы 2024–2025 жылдардағы бәсекелестік жағдайына жүргізілген талдау нәтижелерін жариялады. Агенттік мәліметінше, Қазақстанда сүт өнімдерін өндіру көлемі артқанымен, кейбір кәсіпорындар шикі сүт тапшылығына байланысты өндірістік қуатын толық пайдалана алмай отыр.

 

Сүт пен айранның қандай түрлері тізімнен шығарылуы мүмкін?

Қазір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне майлылығы 2,2–6% болатын пастерленген, ультрапастерленген және стерильденген сүт, сондай-ақ майлылығы 2–3%-дық айран кіреді. Олардың құрамында дәмдік қоспалар болмауы керек. Ал лактозасыз сүт өнімдері бұл тізімге енгізілмеген.

Агенттік қолданыстағы талаптар сүт өнімдерінің өңдеу тәсілі мен қаптамасына қарамастан, тым кең ауқымды қамтитынын атап өтті. Мәселен, қымбат картон қаптамадағы өнімдер де мемлекеттік баға реттеуіне жатады. Агенттік мұндай тәсіл кәсіпкерлердің шығынын арттырып, мемлекеттік реттеуді халыққа ең қолжетімді өнімдерге бағыттауға кедергі келтіреді деп есептейді.

Осыған байланысты агенттік сүт пен айранның қолданыстағы тізімін қайта қарауды ұсынды. Егер өнімнің жекелеген түрлері тізімнен шығарылса, оларға қойылған 15%-дық сауда үстемесі шектеуі де жойылады. Бұл баға міндетті түрде өседі дегенді білдірмейді, алайда дүкендерге өнімнің үстеме бағасын белгілеуде көбірек еркіндік беріледі.

Әзірге нақты қай өнім түрлері тізімнен шығарылуы мүмкін екені айтылған жоқ. Бұл – агенттіктің ұсынысы ғана, түпкілікті шешім әлі қабылданбаған.

Агенттік мәліметінше, 2024–2025 жылдары өндіріс көлемі артқанына қарамастан, сүт пен айранның бөлшек саудадағы бағасы өскен. Бұған шикі сүт, газ, су, электр энергиясы мен жанар-жағармай құнының қымбаттауы әсер еткен.

Сондай-ақ өнімді делдалдар арқылы өткізу де соңғы бағаға ықпал етеді. Өндіруші сүтті дистрибьютор арқылы сатса, тасымалдау, сақтау және қайта сату шығындары қосылады. Бұған дүкендердің сауда үстемесі де әсер етеді.

Екі облыста заңбұзушылық белгілері анықталды

Агенттік Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында сүт нарығына қатысты бірқатар заңбұзушылық белгілерін анықтаған.

Ақтөбе облысында "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жеңілдетілген несие алуға өтінім қабылдау кезінде қосымша шектеу енгізген. Атап айтқанда, қаржыландыруды тек 1 500 басқа дейін малы бар сүт-тауар фермаларына беру көзделген. Алайда қолданыстағы ережелерде мұндай жоғарғы шек қарастырылмаған.

Агенттік бұл талап өндірушілер арасындағы бәсекелестікті шектеуі мүмкін деп санайды. Қазір жағдайды ведомствоның аумақтық департаменті тексеріп жатыр.

Ал Батыс Қазақстан облысында “AQJAIYQ” ӘКК тарапынан жекелеген кәсіпкерге артықшылық беру белгілері анықталған. Мәселе сүт бағасын тұрақтандыру бағдарламасына қатысты.

Бағдарлама аясында кәсіпкерлер қаржыландыру алып, нарықтағы баға өскен жағдайда әлеуметтік маңызы бар сүтті белгіленген бағамен жеткізуге міндеттенеді. Алайда қатысушылардың бірі 2024 жылы қаржы алғанымен, бағдарламаны іске қосуға қажетті жағдай туындағаннан кейін де өнім жеткізуді бастамаған. Соған қарамастан, оның міндеттемелерін орындау мерзімі 2026 жылдың соңына дейін ұзартылған.

Ал нарықтағы басқа қатысушымен жасалған келісімшарт комиссия шешімімен бұзылған. Агенттік мұны жекелеген кәсіпкерге негізсіз артықшылық беру белгілері ретінде бағалады.

Агенттік қандай өзгерістер ұсынды?

Талдау қорытындысы бойынша агенттік мемлекеттік органдарға бірнеше ұсыныс жолдаған. Олардың қатарында:

  • субсидия көлемін шағын шаруашылықтардың мүддесін ескере отырып қайта қарау;
  • жеңілдетілген несиеге қолжетімділікті кеңейту;
  • ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өзара ынтымақтастығын дамыту;
  • субсидия төлеу кезегін автоматтандыру;
  • әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімін қалыптастыру тәсілін өзгерту бар.

Жалпы, талдау нәтижесінде агенттік нарық қатысушыларына қатысты баға және шарттық кемсітушілік, сондай-ақ жекелеген кәсіпкерлерге артықшылық беру белгілеріне байланысты сегіз хабарлама жолдаған.

Еске салсақ, бұған дейін Бектенов азық-түлік бағасын бақылауды күшейтіп, қысқа дайындалуды тапсырғаны туралы жазған едік. Үкімет басшысы ең алдымен инфляцияны төмендетіп, халықтың табысын арттыру мәселесіне тоқталды. Ол бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін барлық мемлекеттік орган бірлесіп жұмыс істеуі керек екенін айтты.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 24 Қараша, 2026 19:52