Бектенов азық-түлік бағасын бақылауды күшейтіп, екі апта ішінде қысқа дайындалуды тапсырды
Үкімет қымбатшылықты тежеу үшін шұғыл шаралар қабылдамақ. Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында азық-түлік бағасын тұрақтандыру және қыс мезгіліне жеткілікті азық-түлік қорын жинау жөнінде тапсырма берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет басшысы ең алдымен инфляцияны төмендетіп, халықтың табысын арттыру мәселесіне тоқталды. Ол бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін барлық мемлекеттік орган бірлесіп жұмыс істеуі керек екенін айтты.
"Ұлттық экономика министрлігіне Ұлттық банкпен және мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 20 қарашасына дейін инфляцияны төмендету және халықтың нақты табысын арттыруға бағытталған салық-бюджет және ақша-кредит саясатын үйлестіру жұмыстарын күшейту шараларын әзірлеуді тапсырамын", – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр әкімдіктерге азық-түлік бағасын апта сайын бақылап, нәтижесін Сауда министрлігіне хабарлап отыруды тапсырды.

Ал Сауда министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қосылатын үстеме ақының белгіленген шектен аспауын қадағалауы керек. Сондай-ақ бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін қосымша шаралар қабылдауы тиіс. Бұдан бөлек, Сауда және Ауыл шаруашылығы министрліктеріне екі апта ішінде қыс мезгіліне жеткілікті азық-түлік қорын қалыптастыру міндеті жүктелді. Олжас Бектенов тұрақтандыру қорларының жұмысын күшейтіп, азық-түлікті өндірушілерден тікелей жеткізу көлемін арттыруды тапсырды.
Еске салайық, 28 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету және халықтың табысын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударған еді. Бүгін Үкімет отырысында осы тапсырмаларды жүзеге асыру жолдары талқыланды.
"Қызымның арманы еді": Қазақстандық аналар баласын шетелге жіберуге рұқсат етпейтін әкелерге шағымданды