Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Балаларын көруге келген: Малайзияда бұрынғы ерлі-зайыпты түнде оңаша қалғаны үшін ұсталды

Полиция
Фото: via Kisah Lampu Suluh/Facebook

Малайзияда ажырасқан ерлі-зайыпты түнде бір үйде болғаны үшін ұсталды. Ер адам балаларын көруге келгенін айтқанымен, діни полиция қызметкерлері олардың шариғат талаптарын бұзды деген күдіктеніп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Mothership мәліметінше, оқиға 21 қарашада Джохор штатындағы Понтиан ауданында болған. Діни полиция қызметкерлері анонимді хабарлама негізінде түнгі сағат екі шамасында жергілікті тұрғынның үйіне барған.

Тексеру барысында үйден әйелдің бір жылдан астам уақыт бұрын ажырасқан күйеуі табылған.

Діни полиция бұрынғы ерлі-зайыптыны “халуат” талабын бұзды деп күдіктенген. Ислам құқығында бұл ұғым некеде тұрмайтын әрі жақын туыстық байланысы жоқ ер мен әйелдің оңаша қалуын білдіреді.

Ер адам бұрынғы жұбайының үйіне ортақ балаларын көру үшін келгенін түсіндірген. Расында, тексеру кезінде полиция қызметкерлері қонақ бөлмеде ұйықтап жатқан екі баланы көрген. Алайда ер адамның түн ішінде бұрынғы әйелінің үйінде болуы діни полиция қызметкерлерінің күдігін сейілтпеген. Салдарынан екеуі де ұсталған.

Басылым ақпаратына сүйенсек, діни полиция қызметкерлері олардың арасында әлі де сезім бар деп пайымдап, қайта некеге тұруға кеңес берген.

Бұрынғы ерлі-зайыптыға қандай жаза қолданылатыны әзірге белгісіз.

Малайзияда ер мен әйелдің оңаша қалуына неге тыйым салынған?

Малайзияда қосарлы құқықтық жүйе қолданылады. Елде зайырлы соттармен қатар, құзыреті тек мұсылмандарға жүретін шариғат соттары да жұмыс істейді.

Басылым мәліметіне сәйкес, Малайзия штаттарында некеде тұрмайтын және бір-біріне жақын туыс болып саналмайтын мұсылман ер мен әйелдің жабық кеңістікте оңаша қалуына тыйым салатын заңдар бар. Бұл талап пәтерге, қонақүй бөлмесіне, тіпті автокөлікке де қатысты.

Шариғат құқығы бойынша ажырасқан ерлі-зайыпты белгілі бір мерзім өткеннен кейін бір-біріне бөгде адам саналады. Сондықтан олардың куәгерлерсіз оңаша кездесуі де құқық бұзушылық ретінде қарастырылуы мүмкін.

Мұндай жағдайда хаттама толтырылып, азаматтар сотқа шақырылады. Оларға 3 мың ринггитке дейін (шамамен 300-350 мың теңге) айыппұл салынуы, ал сирек жағдайда қысқа мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 24 Қараша, 2026 17:56