Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Батыс Қазақстанда әлем чемпиондарын ешкім күтіп алмаған: Бапкер елге қайту үшін несие алған

Виталий Бырко бапкер
Фото: Видеодан скрин

Латвияда өткен әлем чемпионатында жүлде алған Батыс Қазақстан облысының спортшыларын туған жерінде ешкім күтіп алмаған. Жарысқа бару шығынын негізінен бапкер өз қалтасынан төлесе, елге қайту үшін тіпті несие рәсімдеуге мәжбүр болған. Ал спортшылар әлі күнге дейін талапқа сай емес залда жаттығып жүр екен. Осыған байланысты Stan.kz туризм және спорт министрлінен мәселінің мән-жайын сұрап көрді. 

"Біздің спортты шетте ме?"

14-18 қараша аралығында Латвия астанасы Рига қаласында гір спортынан әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге Батыс Қазақстан облысынан екі спортшы – Виталий Бырко мен Милана Махновская қатысқан. 40-44 жас санатында өнер көрсеткен Виталий Бырко "қос гірді серпе көтеру" жаттығуында алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ үш жаттығудың қорытындысы бойынша қарсыластарынан озып, әлем чемпионы атанды. Ал U-18 санатында сынға түскен Милана Махновская "қос гірді серпе көтеру" және "ұзын цикл" жаттығулары бойынша екі күміс медаль иеленіп, әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері атанды.

Әлемдік додада ел намысын қорғап, жүлдемен оралған спортшыларды қарсы алуға жергілікті спорт басқармасы мен өзге де жауапты органдар өкілдерінің келмеуі бапкердің көңіліне қаяу түсірген.

"Кеше әлем чемпионатынан оралдық. Әуежайда бізді өте салқын қарсы алды. Тіпті, күтіп алатын бірде-бір адам болмады. Басқа спорт түрлерінің өкілдерін жарыстан оралғанда салтанатты түрде қарсы алған жағдайлар болды. Ал неге гір спортына келгенде мұндай кездесу ұйымдастырылмады? Бұл жерде қандай да бір кемсітушілік бар ма, әлде бізге қатысты теріс көзқарас қалыптасқан ба? Әзірге түсініксіз", – дейді Виталий Бырко.

Бапкердің айтуынша, оны әсіресе аудандық спорт саласы өкілдерінің спортшыларды қарсы алуға келмегені қынжылтқан.  Жаттықтырушы Виталий Бырко Милана Махновскаяның шәкірті екенін айтып, өзі екі алтын, ал шәкірті екі күміс медаль жеңіп алғанын жеткізді.

Милана Махновская
Фото: Видеодан скрин

Алайда оны аудандық спорт саласынан бірде-бір өкілдің спортшыларды қарсы алуға келмегені таңғалдырған.

"Меніңше, ең алдымен жергілікті атқарушы орган – Дарьин ауылдық округі назар аударуы керек еді. Біз олардан ешқандай көмек көрмедік. Үйірмені өзім аштым, спорттық құрал-жабдық та берген емес. Жалпы, қолдау жоқтың қасы. Мені қарсы алмаса да болады, бірақ жастарға деген көзқарас қандай болуы керек? Шенеуніктер спортты дамыту үшін жұмыс істеп жатқанын айтып, кеуде соғады. Бірақ онда неге нақты іс-әрекет жоқ?" – дейді бапкер Виталий Бырко.

Қай ақшаға барып келді?

Спортшылардың жарысқа баруына қажетті қаражаттың басым бөлігін жаттықтырушы өз қалтасынан төлеген.

"Шығынның басым бөлігін өз ақшамнан төледім. Адамдар аздап көмектесті, кәсіпкерлер де қаражат берді. Сөйтіп, ақшаны әр жерден жинап, жолға шықтық. Виза алу да оңай емес. Ол үшін Астанаға барып, құжаттарды дайындап, виза рәсімдеу керек. Одан кейінгі жол шығыны тағы бар", – деп түсіндірді бапкер. 

Жаттықтырушы жарыстан кейін елге оралу кезінде де қиындықтарға тап болғанын айтады. 

"Кері қайту да оңай болған жоқ. Ыстамбұлға дейін ұшып келдік, одан Оралға баратын соңғы рейске билет алған едік. Бірақ рейстердің біреуі кешігіп, ұшаққа үлгермей қалдық. Содан Ақтау арқылы билет іздеп, әйтеуір жол таптық. Әуежайда 12-13 сағат отырдық. Ақшамыз таусылған еді, билет алу үшін тағы несиеге ақша алуға тура келді. Қазір кейбір адамдар хабарласып, өздерінде де бір нәрсе дұрыс болмағанын айтып жатыр. Менің ешкімге жеке өкпем жоқ. Меніңше, мәселе жүйенің дұрыс жұмыс істемеуінде. Мұндай жоғары деңгейдегі жарысқа қатысқанда бір ғана адам емес, әкімдік, аудандық спорт бөлімі, тіпті облыстық басқарма да атсалысуы керек еді", – дейді жаттықтырушы.

Жаттықтырушының айтуынша, гір спорты федерациясының жұмысы да жүйеленбеген. Қазір федерация екіге бөлініп жатыр, ал президенті негізінен армрестлинг бағытына көңіл бөледі. Батыс Қазақстан облысы бойынша гір спортынан аға жаттықтырушы болғандықтан, жарыстарды көбіне өзі ұйымдастырып келген. Бұл жолы жарыста болмағандықтан, федерация тарапынан да тиісті жұмыс жүргізілмеген.

Оның сөзінше, спортшылар жаттығатын залдың жағдайы да көңіл көншітпейді. Балалар үшінші жыл қатарынан екі шағын бөлмеден тұратын залда жаттығып жүр. Ал құны 1 миллиард теңгеден асатын дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылғанына бір жыл болса да, әлі жұмыс істемей тұр. Нысан қабылдау комиссиясынан өтпеген, балансқа қою мәселесі шешілмеген, қызметкерлер де жоқ.

Жаттықтырушы гір спортынан балаларды жаттықтыру оның негізгі міндетіне кірмейтінін, бұл жұмысты өз бастамасымен ұйымдастырғанын айтты. Қазір үйірмеге негізінен 4-5-сынып оқушылары қатысады.

"Біз мұндай чемпионатқа алғаш рет бардық. Ең қиыны жарысқа жетудің өзі болды. Ең арзан билеттерді алдық, жолға шамамен 24 сағат кетті. Қаржы шектеулі болғандықтан, бір ай бойы барамыз ба, бармаймыз ба деп алаңдадым. Мұның бәрі моральдық тұрғыдан қатты қажытты", – дейді Виталий Бырко.
Виталий Бырко бапкер
Фото: Видеодан скрин

 

“Басқарма ешкім назардан тыс қалмайтынын айтты”

Туризм және спорт министрлігі редакциямыздың ресми сауалына берген жауабында Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының гір спортына қатысты ұстанымын жеткізді.

"Бұл спорт түрі басым бағыттардың қатарына кірмегеніне қарамастан, басқарма Қазақстан Республикасының чемпионаттарына қатысу үшін қаражат бөледі. Ал әлем чемпионаттарына шетелге шығу және қатысу мәселесінде демеушілік қаражат тарту арқылы көмек көрсетіліп келді. Алайда бұл жолы жаттықтырушы мен спортшы чемпионатқа өз қаражаты есебінен және аудан әкімдігінің қолдауымен барған. Олардың тарапынан басқармаға қаржылай көмек сұрап ешқандай өтініш түскен жоқ", – деп жауап берді спорт басқармасы.

Басқарманың мәліметінше, келесі айда облыс әкімі әлем чемпиондары мен жүлдегерлерін, сондай-ақ Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдауды жоспарлап отыр.

"Бұл спортшылар да қабылдауға шақырылатындар тізіміне енгізілген. Батыс Қазақстан облысында ешкім назардан тыс қалмайды және болашақта да қалмайды!" – деп хабарлады басқарма.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 24 Қараша, 2026 17:26