Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сал ауруына шалдыққан жаяу курьердің оқиғасын көрген қазақстандықтар оған көмектесіп, несиесін жауып берді

сал ауруы
Фото: скриншот

Сал ауруына шалдыққан Дидархан Тоқтарбаевтың жаяу курьер болып жұмыс істейтіні туралы "Отырар" телеарнасы сюжет дайындаған еді. Жарияланымнан кейін қазақстандықтар ер адамның несиесін өтеуге көмектесу үшін ақша аудара бастаған. Дидарханға қанша қаражат жиналды? Ол түскен ақшаны неге жұмсамақ? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Отырар" телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Әрине, жанашыр жандардың көмегі Дидарханның қарызын өтеуін жеңілдеткен. Ер адам өмірі қалай өзгергенін айтып беру үшін "Отырар" телеарнасының редакциясына өзі барыпты.

"Ақша түсіп жатыр, барша қазақстандықтарға рақмет. Қаражат жіберіп жатқан әр адамға ризамын. Хабарлама арқылы блогерлер мен еріктілер хабарласып жатыр. Кеше бір ерікті үйіме келіп, жағдайымды көріп кетті", – деді Дидархан Тоқтарбаев.

Ер адам жиналған көмектің нақты сомасын айта алмады. Түскен қаражаттың барлығын қарызын өтеуге жұмсап жатқан көрінеді.

Ескеретіні, Дидархан несиесін толық өтегеннен кейін де жұмысын жалғастырмақ. Ол жаяу курьер болып еңбек етіп, нәпақасын әрі қарай да өзі таба бермек.

Еске салсақ, бұған дейін қара бетперде киген белгісіз жігіт ата-ана қамқорлығынсыз қалған төрт балаға пәтер сыйлаған еді. Отбасындағы үлкені, 18 жастағы Шахзота жүрек дертіне шалдыққан. Әкесі екі жыл бұрын қайтыс болған, ал анасы кейін басқа отбасын құрған. Балалардың заңды қамқоршысы болмағандықтан, кәмелетке толмаған екі інісін балалар үйіне орналастыру мәселесі де көтерілген еді.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 24 Қараша, 2026 14:41