"Алтын бұйымдар, iPhone, оқу ақысы мен қалың мал": Ақтөбелік бойжеткен қытай азаматын тұрмысқа шығамын деп алдап 30 миллион теңгесін алған
Қытай азаматы ақтөбелік бұрынғы қалыңдығы өзін алдап, 30 миллион теңгесін және отбасына тиесілі алтын бұйымдарды алып қойғанын мәлімдеді. Ер адамның сөзінше, ол болашақ жарының оқуына, отбасына және тойына қомақты қаражат жұмсағанымен, үйлену тойы өтпей қалған. Енді ол ақшасы мен алтындарын қайтаруды талап етіп, істі қайта қарауды сұрап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қытай азаматы Лю жазда ақтөбелік Полинамен шаңырақ көтеруге дайындалып, Қытайда құда түсу рәсімін өткізген. Екі жақтың туыстары бас қосып, жас жұбайларға ақ тілектерін айтқан. Ал қарашада қалыңдықтың туған қаласы Ақтөбеде 150 адамға арналған үлкен той жасау жоспарланған. Алайда белгіленген күні той өтпей қалды. Қазір Лю соңғы үш айдан бері құқық қорғау органдарына жүгініп, бұрынғы қалыңдығын жауапқа тартуды талап етіп жүр. Ер адамның айтуынша, Полина оның сеніміне кіріп, ақшасын алған.
Желідегі таныстықтан қаржылай көмекке дейін
Людің айтуынша, олар үш жыл бұрын VK желісінде танысқан. Біраз уақыт сөйлесіп жүргеннен кейін жүздесуге келіскен. Мұнай саласында жұмыс істеп, магистратурада білім алып жүрген ер адам Полинаны алғаш көрген сәттен ұнатып қалғанын айтады.
Көп ұзамай Лю қызға қаржылай көмектесе бастаған. Полина оған әкесі өзін кішкентай кезінде отбасымен тастап, шетелге кеткенін айтқан. Отбасының тұрмысы да оңай болмағандықтан, Лю қолынан келгенше қолдау көрсеткен. Оның сөзінше, қыз одан ақша сұрап отырған.
Ер адам қарым-қатынастарын бірден асықтырмаған. Бір жылдан кейін екеуі жақын араласып, бірге бола бастаған. Сол уақытта Полинаның отбасында қайғылы жағдай болған. Қыздың анасы жол апатынан кейін комаға түсіп, дәрігерлер ота жасағанымен, көз жұмған. Осыдан кейін отбасы қиын кезеңді бастан өткерген.
Лю сүйіктісіне осы кезде де қолдау көрсеткенін айтады. Оның сөзінше, Полинаның оқу ақысын, ипотекасын, бауырының операциясына кеткен шығынды және отбасының басқа да қажеттіліктерін төлеп берген.
“Биыл жазда оған үйленуге ұсыныс жасадым. Полина келісіп, ата-анаммен танысу үшін Қытайға бірге бардық. Сол жерде құда түсу рәсімі өтті, – дейді Лю.
Қалыңдық қалыңмал сұрап, отбасылық алтын бұйымдарының барлығын берген
Ер адамның айтуынша, қалыңдық қалыңмал сұраған. Нәтижесінде оның ата-анасы отбасылық алтын бұйымдарының барлығын Полинаға берген.
“Ол екі алтын әшекей, алтын шынжыр және болашақ немересіне арнап "Бақыт" деген жазуы бар 999 сынамалы алтын тұмар алды. Оған қоса Қытайда iPhone 17 Pro, Apple Watch, AirPods, цифрлық камера, жасанды интеллект көзілдірігін және басқа да қымбат заттарды сатып әпердім. Бұдан бөлек, алдағы тойға деп қыздың шотына бірнеше миллион теңге аудардым. Шығындарды Полинаның өзі есептеп отырды. Ол маған әжесі тойды ұйымдастыруға көмектесетінін, соның ішінде қазақтың ұлттық той көйлегіне тапсырыс беретінін айтты”, – деп еске алды Лю.
Алайда той күні жақындаған сайын Полина мазасыздана бастаған. Ол шаршағанын, демалғысы келетінін жиі айтқан. Сүйіктісіне салмақ салмау үшін Лю тойды ұйымдастыруға көмектеспек болады. Ол үшін қыздан әжесінің телефон нөмірін сұрайды. Бірақ кейін бұл нөмірдің жалған екенін білгенде таңғалған. Ер адам той өтетін орынмен де байланысқа шыққан. Алайда 14 қарашаға 150 адамға арналған банкетке ешқандай тапсырыс берілмегені анықталған.

Лю үшін ең үлкен соққы Полинаның әкесі отбасын ешқашан тастамағанын, ал анасының тірі екенін білгенде болған. Ер адам қыздың ата-анасымен кездескен. Оның айтуынша, болашақ енесі бұл әңгімені естігенде ыңғайсызданғандай көрінген. Ал әкесі "барлық қызға ақша керек" дегенге ұқсас пікір айтқан. Полина қымбат сыйлықтар мен отбасылық алтын бұйымдарды есептемегенде, одан жалпы 30 миллион теңге алған.
“Әкесінің отбасымен бірге екеніне, анасының аман-есен болғанына қуанамын. Бірақ мені аяусыз пайдаланғанын түсініп, қатты күйзелдім. Адамға бұлай жасауға бола ма?! Менің отбасым қарапайым тұрады, ата-анам зейнеткер. Біз үшін 30 миллион теңге – өте үлкен ақша. Оны адал еңбекпен таптым. Ата-анам мені ешкімге жамандық жасамауға, адал болуға тәрбиеледі. Қазір жақсы ойластырылған алаяқтықтың құрбаны болғанымды түсіндім”, – дейді ол.
Шетел азаматын тағы бір жайт таңғалдырған. Оның полицияға жазған арызы бойынша іс тоқтатылған. Құқық қорғау органдары бұл мәселені азаматтық-құқықтық қатынас деп бағалап, сотқа жүгінуге кеңес берген. Алайда Лю мұндай шешіммен келіспейді.
“Менің құқықтарым ескерілмеді. Қыз жауап алу кезінде ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсағанын жазбаша түрде мойындаған. Ендеше, бұл қаражат қайда кетті? Кімнің қолында? Полина жалғыз әрекет етті ме? Сұрақ көп. Бұл жағдай туралы Қазақстанның Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурасы біліп, тиісті шара қабылдағанын қалаймын”, – дейді ол.
Қытай азаматы қылмыстық істі қайта қозғап, бұрынғы қалыңдығын алаяқтық үшін жауапқа тартуды және той өткізу сылтауымен алдана берген 30 миллион теңгесін қайтаруды талап етіп отыр.
Еске салсақ, Шымкентте бойжеткенді өз келісімінсіз алып қашып, некеге тұруға мәжбүрлеу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Алайда жігіттің туыстары қыздың бастапқыда өз еркімен келгенін, өздерінен ақша талап етілгенін айтып отыр. Ал бойжеткен бұл нұсқаны жоққа шығарып, өзін еркінен тыс алып қашқанын мәлімдеді.
Алматыда қандай діни ұйымдар бар? Олардың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық (Фоторепортаж)