Шымкенттегі алып қашу оқиғасы: Жігіттің туыстары оқиғаның мән-жайын айтып берді, ал қыз оны жоққа шығарып отыр
Шымкентте бойжеткенді өз келісімінсіз алып қашып, некеге тұруға мәжбүрлеу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алайда жігіттің туыстары қыздың бастапқыда өз еркімен келгенін, өздерінен ақша талап етілгенін айтып отыр. Ал бойжеткен бұл нұсқаны жоққа шығарып, өзін еркінен тыс алып қашқанын мәлімдеді. Жалпы, оқиға қалай болды? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі баяндайды.
Оқиға қалай басталды?
Редакция тілшісі айыпталушы Нұрсұлтан Жолдыбайдың туысынан осы оқиға бойынша мән-жайды сұрады. Туысының айтуынша, алып қашу оқиғасы шілде айында болған.
“Нұрсұлтан екеуінің сөйлесіп жүргеніне 9 айдың көлеміндей болған. Ара-қатынастарының жақсы болғаны сонша, қыз жігіттің үй ішімен емін-еркін араласатын. Бірнеше рет жігіттің достарының тойына барған, Жезқазған қаласында Нұрсұлтанның әжесі тұрады, Нұрсұлтан да әжесімен бірге тұрып, оны бағады. Қыз да әжесінің үйіне барып, шай құйып жүретін. Жалпы, екеуінің ара қатынасы тамаша болған”, – деді Алтай Қожахметов.
Туысқанының сөзінше, қыз колледж бітірген соң Жезқазған қаласына ЖОО-ға түсемін деп жоспарлап, кейін оған тұрмысқа шығатынын жеткізген, ал әзірге ол өзінің туған ауылына қайтатынын айтқан. Кейін қыз Жезқазған қаласына емес, Шымкентке оқуға түсетін болып шешім қабылдаған.
“Кейін қыз Жезқазғанға емес, Шымкентке оқуға түсетін болып, әке-шешесі қазір сол қаладан үй қарап жатқанын жеткізген. “Мен енді Жезқазғанға қайтып бармаймын” деген. Содан Нұрсұлтан бұл туралы өзінің анасына айтқан, ал анасы болса, барлық туысқандармен ақылдасып, 1 тамыз күні келін түсіретін болып шешкен. Кейін ол күн 15 шілдеге ауысып кетті”, – деді жігіттің туысы.

Айыпталушының қарындасының сөзінше, сол уақытта Аида жігітті Шымкентке шақырып, өзіне сөз салып, Жезқазғанға алып кетуін ұсынған. Шілденің 13-і жігіт 2 досымен және қыз жолдаспен бірге Шымкент қаласына аттанды.
“Сөз салу кезіндегі әрлеу жұмыстарының барлығын қыз өзі жасаған, Нұрсұлтан тек ақшасын төлеген. Қыз жолдас та сол уақытта Жезқазғанда болуы керек, өйткені жазған хаттарында құрбысын өзімен алып келуін сұраған. Сөйтіп, 4 адам болып Шымкентке шығып кетті. 14 шілде күні кешке қарата қызға сөз салды. 15 күні кешке Қарсақбай кентіне келді. Қыз артынан қуғыншы болып ата-анасы келмейінше, бет ашпайтынын, ондай салт Шымкентте бар екенін айтты. Оған біз келісіп келген қонаққа жай ас беріп қайтардық. Қыздың әкесінің інілері Сәтбаев қаласында тұрады, олар жағдайды ести сала бірден келген. Алайда олар келе сала, бізге жылы қабағын танытпады”, – деді жігіттің туысы.
Болған оқиғадан кейін қыз қорқып бірден жылап жіберген. Туысқанының айтуынша, қыздың туыстары үйге кірмей, бір ауыз дәм татпай, әке-шешесі келгенше сыртта көлікте күтіп отырған.
“16 шілде күні таңғы уақытта қыздың әке-шешесі келіп бірден алып кетті. Біздің түсінбегеніміз – қыздың Сәтбаев қаласындағы туыстары келгенде бірден полицияға хабар берген. Сол екі ортада Жезді кентінен полиция қызметкерлері келіп, бірден қызға: “егер сені қинап алып келсе, жүр сені алып кетейін. Туған жеріңе қайта апарып тастайық” дегенде, қыз полиция қызметкеріне: “сіз мені тыңдасаңызшы. Мен кәмелеттік жасқа толған адаммын, мына жерге мен өз еркіммен келдім деді. Сіздер әлеуметтік желіде көріп жүрген бейнеролик сол полиция қызметкерлерінің түсірген бейнеролигі”, – деп мәлімдеді жігіттің туысы.
Нұрсұлтанның туысының айтуынша, ертесі күні әкесі келгенде қыз жылап әкесін құшақтап алған және әкесіне өз еркімен келгені туралы мүлдем айтпаған.
“Келесі күні қыздың ата-анасы келді. Қыз әкесін көре сала құшақтап жылады. Бірақ өз еркімен келгені туралы бір сөз айтпады. Қыз жолдасты өзі тастап кетті. Кейін Ұлытау ауданынан полиция қызметкерлері келіп, аудандық департамент шақырып жатқаны туралы хабарлады. Қыз жолдасты да, Нұрсұлтанды да алып кетті”, – деді Нұрсұлтанның туысы.
Нұрсұлтанның туысқанының айтуынша, осыдан кейін жағдай тынышталған. Бәрі шешілді деп ойлағанымен, арада шамалы уақыт өткеннен кейін шамамен шілденің соңы мен тамыздың басында қыз қайтып жігітке хабарласып, Шымкентке келуін сұраған. Қыздың сөзінше, оның әкесі жігітті арнайы Шымкентке шақырған.
“Нұрсұлтан туысқандармен ақылдасып, әке шешесімен бірге Шымкентке аттанады. Қалың малға сұрап қалар деп ақша алып шыққан. Бірақ барғанымен олар Созаққа жолатпады. Қыздың ата-анасымен кездескеннен кейін қалың малға деген соманы көрсеткен кезде “бұл ақшаны қай бетіңмен әкеп тұрсың” деп ол жақта тағыдай айғай болды. Кейін ортаға сол жақтың бір адам араласты, кейін сол адам бізге 5 млн теңге туралы айтты. Бірақ осы кезде бір қызығы ол бізге 5 млн деген емес, жай ғана “бесеу” деп айтылып тұр”, – деді Нұрсұлтанның туысы.
Туысының айтуынша, қыз жақтағылар бұл туралы ешкім білмеуі керек екенін жігіттің ата-анасына айтқан. Ал ата-ана ол соманы таба алмаған. Іс қаралып бастағанда жәбірленуші олардың “Love Story” бейнеролигін түсіріп, монтаждаған мобилографқа да жазып, ол бейнероликті тұп тамырымен жоюды сұраған.

Қыз не дейді?
Stan.kz ақпарат агенттігі осы оқиға бойынша қарсы тарап, жәбірленуші Аидадан да пікір алды. Өз сөзінде ол Нұрсұлтанмен махаббат дастанын құрғанын мойындады. Ал 5 млн мәселесі жала екенін айтты.
“Мен өз еркімсіз алып қашты. Мен арыз жаздым, тергеу жұмыстары енді басталды. 5 млн теңге талап етті деп маған жала жауып отыр. Маған сөз салды, мен онымен қыз-жігіт болып жүргенім рас. Бірақ сіздер оның маған қандай сөздер айтты, не істегенін білмейсіздер”, – деді Аида.
Аида тергеу амалдары жүріп жатқандықтан Нұрсұлтанның оған не істегенін ашып айтпайтынын алға тартты.
“Жоқ, мен бұл туралы ештеңе айтпаймын. Мен ешкімнің алдында ақталғым келмейді. Оқиғаны сот біткен соң салаңыздар түсінер едім, қазір сіздердің салып жатқандарыңыз – дұрыс емес”, – деді Аида.
Сондай-ақ Аида алып қашу кезіндегі құрбысы туралы да тілге тиек етті. Оның сөзінше ол қызбен онша қатты жақын құрбысы емес.
"Ол менің қатты жақын құрбым емес, жай ғана араласатын адамым. Ол қызға арыз-жаздым ба, жазбадым ба барлығын сіздерге айта алмаймын. Мен нақты шындықты айтып тұрмын, шындықты айтып шырылдаған ешкімге жақпайды дейді ғой. Мені қорқыту мақсатында, үркіту мақсатында алып тастасын деп маған қысым көрсетіп жатыр. Сіздер де соған атсалысып жатырсыздар, қазір "Барни үшін қайтыс болған қыз" секілді маған сондай бір жағдай болып қалса, сіздер жауап бересіздер ме? Әр салынған видео маған психологиялық қысым. Ертең маған бірдеңе болатын болса сіздер жауап бересіздер. Мен бар шындығымды тергеуде айтып жатырмын, ал мен сіздерге ешқандай ақпарат бере алмаймын”, – деп сөзін аяқтады.
Шымкент қаласының полиция департаменті қызды некеге тұруға мәжбүрлеу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Алдын ала мәлімет бойынша, арызданушыны қаладағы демалыс орындарының бірінен еркінен тыс алып кетіп, некеге тұруға мәжбүрлеуге әрекет жасаған. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде екі күдіктінің жеке басы анықталды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", – деп жазылған полиция хабарламасында.
Шымкенттегі алып қашу оқиғасы: Жігіттің туыстары оқиғаның мән-жайын айтып берді, ал қыз оны жоққа шығарып отыр