Маңғыстауда иіс тиіп, үш баласынан айырылған отбасының шаңырағында қыз бала дүниеге келді
Маңғыстау облысының 51 жастағы тұрғыны Күмісай Пәлекиева облыстық “Ана мен бала” перинаталдық орталығында қыз босанды. Нәресте экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) бағдарламасы арқылы дүниеге келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Медициналық мекеме мәліметінше, сәби 17 қарашада туған. Салмағы – 3400 грамм, бойы – 52 сантиметр. Күмісай Пәлекиева кесарь тілігі арқылы босанды. Ота жасаған дәрігер – Жапырақ Епенова. Дәрігерлердің айтуынша, жүктілік кезеңі еш қиындықсыз өткен.
Қазір ана мен нәрестенің жағдайы жақсы.
Күмісай Пәлекиева жолдасымен бірге қайтадан ата-ана болуға қалай шешім қабылдағанын айтып берді. Әйел өз жасында бала көтеріп, дүниеге сәби әкелемін деп ойламағанын жеткізді. Дәрігерлердің көмегімен ерлі-зайыпты көптен күткен сәбиін құшағына алып, ата-ана болу бақытын қайта сезінді.
Күмісай алғаш рет 1995 жылы ана атанған. Кейін отбасында тағы екі бала дүниеге келген. Алайда былтыр болған қайғылы оқиғадан кейін ерлі-зайыпты үш баласынан айырылып, шаңырағы қаңырап қалған. Арада біраз уақыт өткен соң олар ЭКО жасатып, қайтадан ата-ана болуға бел буған.
“Үйіміз қаңырап бос қалған соң, ең болмаса ЭКО арқылы бала көтеріп, дүниеге сәби әкелсем деп шештім. Қасымда сүйенішім, қамқорлығым болатын бір жан болса, соның қызығын көріп, сол үшін өмір сүріп, алға ұмтылар едім”, – дейді Күмісай.
Жақындарының қолдауы мен дәрігерлердің кәсібилігінің арқасында ЭКО бағдарламасы сәтті өткен. Алғашқы доплерографиялық ультрадыбыстық зерттеу кезінде-ақ ерлі-зайыптыға қызды болатыны хабарланған. Сәбиге Ария деген есімді әкесі таңдаған.
Әйел қызының алғаш жылаған дауысын естіген сәтте ерекше сезімге бөленгенін айтады. Қазір Күмісай бар ықыласын сәбиінің күтіміне арнап, осы қиын кезеңде жанынан табылған жандарға жылы лебізі мен қолдауы үшін алғыс білдіріп отыр.
Отбасы ЭКО-ның тегін қызметін Ecomed клиникасының арнайы сертификаты арқылы алған. Биыл медициналық мекеме осындай сертификатты 30 отбасына табыстаған.
Айта кетейік, отбасының тағы бір қуанышы бар. Қыркүйек айында ерлі-зайыпты 13 жастағы ұл баланы асырап алған.
Еске салайық, былтыр Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданына қарасты “Қаламқас” тұрғын алабында үш бала иіс тиіп, көз жұмған еді. Қайғылы оқиғадан қаза тапқандар – 1995 жылы туған үлкен қызы, 2009 жылы туған ұлы және 2012 жылы туған кіші қызы.
Осы қайғылы жағдайдан кейін ерлі-зайыптыға ЭКО процедурасынан тегін өтуге мүмкіндік беретін сертификат табысталған.
"Балалардың қызуы 40°C-қа дейін көтеріліп, ауруханаға түсіп жатыр": Алматыда қандай инфекциялар таралып жатқаны белгілі болды
