Трамп АҚШ-тың банкротқа ұшырау қаупі барын ескертті
АҚШ президенті Дональд Трамп мемлекеттік қарыздың жоғарғы шегіне қатысты мәселе шешілмесе, ел банкротқа ұшырауы мүмкін екенін мәлімдеді. Осыған байланысты ол мемлекеттік қарыз алу лимитін заң жүзінде белгілеу тәртібін мүлдем алып тастауды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Егер біз мемлекеттік қарыздың шекті мөлшері мәселесін шешпесек және бәрін бұрынғы күйінде қалдырсақ, ел банкротқа ұшырайды. Бұған дейін мұндай жағдай ешқашан болған емес", – деді Дональд Трамп.
Ақ үй басшысы заңмен бекітілген қарыз алу лимитінен бас тарту қажет деп санайды. Оның айтуынша, бұл шектеу ел экономикасына үлкен қауіп төндіреді.
Трамп бұл мәселеде демократ-сенатор Элизабет Уорреннің ұстанымын да қолдады. Сенатор бұған дейін де мемлекеттік қарыздың жоғарғы шегін алып тастауды ұсынған.
2025 жылғы маусымда Элизабет Уоррен Трамптың қарыз алу лимитін жою туралы пікірін қолдайтынын мәлімдеген. Оның сөзінше, мемлекеттік қарыздың шекті мөлшері шығындарды азайтпайды және мемлекеттік қарыздың өсуіне кедергі келтірмейді. Керісінше, азшылық партияға саяси талаптарын орындату үшін елді экономикалық дағдарыспен қорқытуға мүмкіндік береді.
Сенатордың пікірінше, бұл шектеуді алып тастау арқылы саяси себептермен туындайтын қаржылық дағдарыс қаупін жоюға болады.

Биыл тамызда АҚШ-тың мемлекеттік қарызы алғаш рет 40 триллион доллардан асып, тарихи рекорд орнатты. The New York Times басылымының жазуынша, қазіргі қарыз алу шегі 41,1 триллион долларға жетті. Бұл көрсеткішке 2027 жылдың ақпан немесе наурыз айында жетіп, одан асып кетуі мүмкін.
Мұндай жағдайда АҚШ Қаржы министрлігі төтенше шараларды қолдану арқылы мемлекеттік міндеттемелерді уақытша орындауды жалғастыра алады. Алайда жағдай қолайсыз өрбісе, ел тамыз айында дефолт қаупіне тап болуы ықтимал.
Мемлекеттік қарыздың жоғарғы шегін көтеру жаңа шығындарды бекіту дегенді білдірмейді. Бұл бұрын қабылданған міндеттемелерді, соның ішінде зейнетақы төлемдерін, әскери қызметшілердің жалақысын және мемлекеттік қарыз бойынша пайыздарды төлеуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін Қазақстанның Қытайдан 1,5 миллиард доллар қарыз алғаны туралы жазған едік. Қазақстанның мемлекеттік борышы 38,5 триллион теңгеге жетті. Бұл жалпы ішкі өнімнің 20,9 %-ына тең. Оның ішінде сыртқы борыш көлемі 8,4 триллион теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 4,5 %-ы.
"Балалардың қызуы 40°C-қа дейін көтеріліп, ауруханаға түсіп жатыр": Алматыда қандай инфекциялар таралып жатқаны белгілі болды