Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дипломы бар журналистер қайда?" Дина Төреәлінің "Хабар" арнасына шақырылуы жұрттың наразылығын тудырды

Төреғали және Дина Төреәлілер
Фото: Instagram.com/tattti_kyz/

Әнші Төреғали Төреәлінің қарындасы, блогер Дина Төреәлінің “Хабар” телеарнасына жүргізушілікке шақырылуы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Желі қолданушылары кәсіби журналистердің мүмкіндігін сөз етіп, телеарнаның шешімін сынға алды. Бұған жауап ретінде блогер дипломы жоқ екенін жасырмайтынын айтып, өз ұстанымын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Даудың шығуына Дина Төреәлінің Instagram парақшасында “Хабар” телеарнасынан ұсыныс алғанын хабарлауы себеп бопты.

“Хабар телеарнасынан маған жүргізушілікке ұсыныс түсті. Бір күн бойы ойланып, өзіме де қызық болғандықтан, келістім. Ол кезде мен Стамбұлда қыдырып жүрдім. Сөйтіп, Астанаға келе салысымен Қазмедиаға барып, редактор-продюсерлермен кездесіп, бір келісімге келдік”, – деді ол.

Блогер телеарнада тікелей эфирге шығуға дайындалып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, эфир алдында үш күндік арнайы дайындық қарастырылған.

“Маған эфирдің алдында үш күн бұрын тракт болады деді. Мен де сіздер секілді тракттың не екенін білмедім. Сөйтсем, ол эфир алдындағы арнайы дайындық күндері екен. Енді тікелей эфирде қалай болар екен деп өзім де күтіп жүрмін”, – деп жазды Дина.

“Онда журналистер төрт жыл не үшін оқиды?”

Алайда бұл жаңалық әлеуметтік желіде бірқатар қолданушының наразылығын тудырды. Әсіресе журналистика мамандығын оқып жүрген студенттер мен жас мамандардың еңбек жолына қатысты мәселе көтерілді.

“Онда болашақ журналистер не үшін қиналып, кемі төрт жыл жоғары оқу орнында оқып жүр? Егер осындай ұлттық телеарналар сол саладан базалық білімі жоқ біреуді алатын болса, шымшық сойса да қасапшы сойсын”, – деп жазды Threads қолданушыларының бірі.

Кейбірі телеарнада тәжірибеден өтіп жүрген жастардың еңбегі ескерусіз қалатынын айтып, наразылық білдірді.

“Жұмысқа кіру үшін қаншама ай тегін жұмыс істейсің. Жұмсамайтын жері, бермейтін тапсырмасы жоқ. Ал соңында сені жай ғана ысырып қойып, жұлдыздар мен блогерлерді еш практикасыз алады”, – деп жазды пікір білдірушілердің бірі.

“Бір қағаз диплом ештеңені шешпейді”

Желіде айтылған сыннан кейін Дина Төреәлі Instagram желісіндегі сторисінде жауап берді. Блогер 23 жаста екенін, үш баласы барын айтып, кезінде жоғары білім алудың орнына отбасын құруды таңдағанын жеткізді.

“Менің жасым 23-те! Аллаға шүкір, үш балам бар. Оқуды емес, отбасы болуды таңдадым сол сәтте. Оқу, білім алу ешқашан да кеш емес және одан қашпаймын. Бірақ сендер ойлаған бір қағаз диплом ештеңені шешпейді. Потенциалың жоқ болса, 10 дипломың болса да көмектеспейді”, – деді ол.

Дина жоғары білім туралы дипломы болмаса да, өз кәсібі мен табысы бар екенін алға тартты.

“Дипломым жоқ – бизнесім бар. Дипломым жоқ – табысым бар. Көзім ашық, көкірегім ояу, шүкір! Күнделікті даму үстіндемін”, – деп жазды блогер.

Блогер келесі жазбасында диплом алуды өмірдегі басты мақсат санамайтынын айтып, өзін сынағандарға тағы жауап берді.

“Диплом мен үшін өмірдің мәні болатын болса, жұрттың (байдың) балалары сияқты баяғыда дипломды сатып алып, шіреніп жатар едім. Маған бірақ ондай көрсетушілік керек емес. Барымды бар, жоғымды жоқ деп айтамын”, – деді ол.

Сондай-ақ Дина өз өмірін өзгелердің талабына сай құруға міндетті емес екенін мәлімдеді.

“Мен өзіме ұнайтын өмірді сүремін. Кей адамдардың атам заманда қалып кеткен ұстанымдарымен өмір сүруге міндетті емеспін”, – деп жазды блогер.

Бұдан бөлек, Дина Төреәлі өзін сынаған желі қолданушыларының біріне қатысты да пікір білдірді. Ол сол адамның аккаунтының скриншотын жариялап, оның Қазақстанның ұлттық арнасында жұмыс істеуіне күмән келтірді.

“Қит етсе, блогерлерді жау көріп, соларға тиісуге әуес. Телевидение менің орным болмаса, мұндай сауаты төмен адам қалай Қазақстан ұлттық арнасында жұмыс жасайды? Кім болып жасайды? Осы сұрағыма жауап берсінші біреу! Әлеуметтік желіде шектен тыс сауатсыз әңгіме айтатын адам телевидениеде не жоғалтып жүр?” – деп жазды Дина.

Дина Төреәлі жазбасы
Фото: Instagram.com/tattti_kyz/

Еске салайық, бұған дейін Фариза Төреәлінің су жаңа кітабының бағасы сынға ұшырағаны хабарланған еді. 

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 20 Қараша, 2026 14:44