"Сәбиіміздің жүрегі тоқтап қалды": Жахан Отарғалиев 17 жыл күткен перзентінен айырылғанын айтып, елді жылатты
Танымал актер әрі блогер Жахан Отарғалиев 17 жыл күткен қуанышының ұзаққа созылмағанын айтып, көпшілікті толқытты. Өнер иесі жұбайының жүкті болғанын, алайда кейін сәбиінен айырылып қалғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жахан Отарғалиев әлеуметтік желідегі парақшасында жантебірентерлік видео жариялады. Әзілкеш көп жылдан бері әке болуды армандағанын айтып, жұбайының жүкті екенін білген сәттегі қуанышын бөлісті.
“Екі ай өзімді шын бақытты сезіндім ғой. Үйге асығып келесің. Жүрек соғысын естігендегі сезімді айтып жеткізе алмаймын. Біреуге айтқың келеді. Тіпті көшеде кетіп бара жатқан адамдарды тоқтатып алып, “Сенесің бе, 17 жыл күттім, міне, енді арманым орындалды!” дегің келеді”, – деді ол.
Алайда өнер иесінің көптен күткен қуанышы ұзаққа созылмаған. Жахан Отарғалиев сәбиінен айырылғанын айтып, осы екі айдың өзі өміріндегі ең бақытты кезеңдердің бірі болғанын жеткізді.
“Бірақ Алланың қалауымен қуанышымыз ұзаққа созылмады. Сонда да шүкір деймін. Осы екі айдың ішінде өзімді шын бақытты сезіндім”, – деді әзілкеш.
Сондай-ақ ол көпшілік өнер адамдарының өмірінде ешқандай қиындық жоқ деп ойлайтынын, алайда олардың да басынан түрлі сынақ өтетінін айтты.
“Көп адам өнер адамдарында ешқандай проблема жоқ деп ойлайды. Біз тек білдірткіміз келмейді. Әйтпесе, әр адамның басынан қиыншылық өтеді. Оның бәрін әр жолы сіздерге айтып, шағымдана бергіміз келмейді. Бір сөзбен айтқанда, Алладан үмітімізді үзбейміз. Бәрі жақсы болады”, – деді Жахан Отарғалиев.

Әзілкештің видеосын көрген желі қолданушылары бастапқыда оны құттықтай бастаған. Алайда көп ұзамай жұбайы Сейіт Ақтолқын жағдайдың мән-жайын түсіндіріп, өкінішті хабарды жеткізді.
“Көбі Жахан жариялаған видеоны соңына дейін қарамай, құттықтауды бастап кетіпті. Өкінішке қарай, бәрі біз ойлағандай болмады. Сәбиіміздің жүрегі тоқтап қалды. Бірақ барлығы Алланың қалауымен. Бұйырса, әлі талай армандарымызға жетеміз. Алладан үмітіміз үзілмесін”, – деп жазды ол.
Еске салайық, бұған дейін Жахан Отарғалиев балалы болуға қатысты жан сырын ақтарып, 16 жылдан бері күтіп жүргенін айтқаны хабарланған еді.
Жамбыл облысында оқушының жүрегі тоқтап, жансақтау бөліміне түсті: Туыстары оның әлімжеттік құрбаны болғанын айтты