Қазақстанға ғалымдар керек: Ал ғалымдарға Қазақстан керек пе?
Неге бір ғалымдар шетелге кетеді, ал енді біреулері елге оралады? Дарынды зерттеушілердің шетелдік зертханаларды емес, қазақстандық университеттерді таңдауына не кедергі? Бұл сұрақ ғылымның болашағын ғана емес, елдің технологиялық дамуын да айқындайды. Өйткені бүгінгі ғылыми жаңалық ертең медицинаны, өндірісті, тұтас бір саланың бағытын өзгертуі мүмкін. Nazarbayev University жас зерттеушілері дәрігерлерге көмектесетін жасанды интеллекті бар қолғап, инсульт алған науқастарды ойын арқылы оңалту жүйесін, аккумуляторға қажетті жаңа материалдар мен жанасуды сезетін роботтар жасап жатыр.
Біз ғылым жолын Қазақстанда жалғастыруды таңдаған төрт ғалыммен сөйлесіп, олардың елге оралуына не түрткі болғанын және Қазақстанда нағыз ғылыми ортаның қалыптасуы үшін қандай жағдай қажет екенін сұрадық.
Медицина: дәрігерге көмектесетін технологиялар
Қолмен сезілетін белгіні технологиямен анықтау

Тоғжан Сырымова инженерия мен медицинаның тоғысқан тұсынан өз жолын тапқан. Ол елордадағы №1 лицейді бітірген. Бакалавриат пен магистратураны Nazarbayev University-де тәмамдаған. Қазір осы университеттің робототехника және мехатроника кафедрасында сабақ береді. Сонымен қатар ROBIO стартапын дамытып, Tactile Robotics Lab зертханасында аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді.
Қауымдастырылған профессор Жанат Қаппасовтың жетекшілігімен ғалымдар тобы сүт безі обырын ерте анықтауға көмектесетін сезгіш қолғап жасап жатыр. Бұл – зертхана қабырғасынан шығып, нақты өмірде қолдануға бағытталған маңызды жобалардың бірі.
Құрылғының жұмыс істеу тәсілі қарапайым. Қолғапқа орнатылған датчиктер дәрігер науқасты қолмен тексерген кезде саусақтардың қаншалықты қысым түсіргенін тіркейді. Жиналған мәліметтерді жасанды интеллект талдап, тіндердің арасында тығыздалған жердің бар-жоғын, оның көлемі мен орналасқан тұсын анықтауға көмектеседі.
Алайда мұндай жүйені жасау оңай болмаған. Себебі ультрадыбыстық зерттеу мен маммографияның суреттерін таба алғанымен, адамның қолмен сипап сезгенін көрсететін дайын деректер жоқтың қасы. Сондықтан зерттеушілер қажетті мәліметтерді өздері жинауға мәжбүр болған.
Ол үшін мамандар қолғап киіп, ішіне жасанды ісік орналастырылған силикон үлгілерін қолмен тексерген. Кейін сол үлгілерді қолғапсыз да сипап көрген. Зерттеушілердің айтуынша, сынақ барысында жүйе адамның өзінен де жақсы нәтиже көрсеткен.
Ендігі кезекте құрылғыны дәрігерлер мен науқастарға сынап көру, одан кейін клиникалық зерттеулерден өткізу жоспарланып отыр. 2026 жылы ROBIO жобасы жасанды интеллект саласындағы республикалық ALEM.AI BATTLE байқауында жеңіске жетті.
"Біздің командамызда докторант деңгейіндегі студенттер бар. Машиналық оқыту бағытына Әмір Еленов жауап береді. Магистрант Камила Спанова деректерді жинау және алдын ала өңдеу жұмыстарымен айналысады. Көпшілік ғылымға келу үшін адамның бала кезінен ерекше қабілеті немесе айқын мақсаты болуы керек деп ойлайды. Шын мәнінде, ізденуге деген қызығушылық пен жауабы әлі табылмаған күрделі міндеттерден қорықпау жеткілікті. Қалғанының бәрі тәжірибе барысында қалыптасады", – дейді Тоғжан Сырымова.
Ғалымның айтуынша, сүт безі обыры әлі де өзекті мәселе. Оның үстіне бұл диагноз жас әйелдер арасында да жиі кездесіп жүр. Сондықтан зерттеуші жаңа технология тексерудің дәлдігін арттырып, медициналық көмекті қолжетімді ете түседі деп үміттенеді.
"Болашақта сезгіш датчиктер мен қолғаптың мүмкіндігі кеңейген сайын бұл технологияны басқа да көптеген салада қолдануға болады", – деп қосты ғалым.
Үйде отырып-ақ оңалуға болады

Nazarbayev University ассистент-профессоры Александр Пак мидың ақпаратты қалай қабылдап, қалай есте сақтайтынын зерттейді. Ол бакалавриатты осы университетте аяқтап, АҚШ-тағы Purdue University-де нейробиология бойынша PhD дәрежесін алған. Кейін Нью-Йорк университетінде ғылыми тағылымдамадан өткен.
Шетелде жинаған білімін енді туған елінде қолдануға бел буған ғалым университеттегі жұмысымен қатар, өз стартапын да дамытып жүр. Әріптестерімен бірге FLECTION.AI цифрлық платформасын құрған. Бұл жүйе инсульт алған, жарақаттанған немесе операциядан кейін қалпына келіп жатқан адамдарға үй жағдайында оңалуға көмектеседі.
Жаттығулар ойын түрінде ұсынылады. Ал жасанды интеллект әр науқастың мүмкіндігіне қарай тапсырмалардың күрделілігін реттеп отырады. Жоба Астанадағы клиникаларда сынақтан өтіп, стартаптар байқауларында жүлде алған. Қазір оны бірқатар медициналық мекеме мен үйінде ем-домын жалғастырып жүрген науқастар пайдаланады.
"Жүйенің жұмысы өте қарапайым. Кәдімгі веб-камера науқастың қол қимылын бақылайды. Жасанды интеллект алгоритмдері қозғалыстың негізгі нүктелерін анықтап, оны ойын тапсырмасына айналдырады. Мысалы, науқас жұдырығын түйіп-жазу немесе алақанын қозғалту арқылы экрандағы ойынға қатыса алады. Бірде допты домалатса, енді бірде заттарды лақтырады немесе пианинода ойнайды. Мұның бәрі қолдың ұсақ моторикасын дамытуға бағытталған", – дейді ғалым.
Александр Пактың пікірінше, жасанды интеллект зерттеушінің күнделікті жұмысын едәуір жеңілдетті. Бұрын бірнеше аптаға созылатын кейбір жұмыстарды қазір бірнеше күнде орындауға болады. Соның арқасында шағын зертханалардың өзі бұрын тек үлкен ғылыми ұжымдардың қолынан келетін міндеттерді атқара алады.
Мәселен, машиналық оқыту әдістерінсіз нейробиологтар жүздеген, тіпті мыңдаған нейронның белсенділігін көрсететін деректерді өңдей алмас еді.
"Бұған қоса, жасанды нейрондық желілердің өзі мидың жұмысын зерттеуге арналған модельге айналды. Оларды биологиялық мимен салыстыру арқылы оның қалай жұмыс істейтінін жақсырақ түсінеміз. Осындай тәсілдер нейротехнология мен цифрлық оңалту саласында да қолданылады. Алгоритмдер жаттығуларды әр науқастың жағдайына қарай бейімдейді", – дейді Александр Пак.
Дегенмен ғалым жасанды интеллектінің әлсіз тұстары да бар екенін ескертеді. Кейде ол жоқ деректі бар етіп көрсетіп, жалған сілтемелер ұсынады немесе шын мәнінде жоқ заңдылықтарды тауып алғандай болады. Сондықтан оның берген жауабын тексеріп, дұрыс-бұрысын ажырата білу аса маңызды.
"Жасанды интеллект ғалымның мүмкіндігін арттырады. Бірақ зерттеудің нәтижесіне жауап беру міндетін оның мойнына арта алмаймыз", – дейді Александр Пак.
Энергетика: Қазақстанның шикізатынан аккумулятор жасау
Шикізатты сатпай, дайын өнім ретінде өндіру

Қазір электромобильдер мен энергия жинақтау жүйелерінде литий-темір-фосфатты (LFP) аккумуляторлар кеңінен қолданылады. Алайда оларды жасауға қажетті материалдарды Қазақстан көбіне шетелден сатып алады. Nazarbayev University ғалымдары осы жағдайды өзгертуді көздеп отыр.
Жаңа материалдар және энергетикалық технологиялар институтының (INMET) жетекші ғылыми қызметкері Нұржан Өміров ғылым мен өндірістің бірлесіп жұмыс істеуінің нәтижесін Оңтүстік Кореяда докторантурада оқып жүрген кезінде көрген. Ол жақта университеттер өндіріс орындарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, зертханада жасалған жаңалықтарды бірден өндіріске енгізуге күш салады.
Ғалымның пікірінше, Оңтүстік Кореяның технологиялық тұрғыдан дамуына осындай әріптестік те ықпал еткен.
"Қазір осы тәжірибені Қазақстанда жүзеге асыруға тырысып жүрмін. Ұлттық ғылым академиясының академигі, NU профессоры Жұмабай Бекболатович Бакеновпен бірге қазақстандық шикізаттан аккумулятор материалдарын алу технологиясын әзірлеу және сынақтан өткізу бағдарламасына жетекшілік етемін", – дейді Нұржан Өміров.
Университет ғалымдары бұл жұмысқа 2026-2028 жылдарға арналған үш жылдық мемлекеттік қаржыландыру алған.
Жоба аясында INMET зерттеушілері Қазақстандағы темір мен фосфорға бай шикізатты түрлі қоспалардан тазартып, одан аккумулятор жасауға қажетті материал алуды үйренбек. Сонымен бірге жылына 50 тоннаға дейін өнім шығара алатын тәжірибелік қондырғы орнатып, жұмыс істейтін литий-ионды аккумулятор үлгісін құрастыру жоспарланған.
"Алынған темір фосфатынан аккумулятордың катодтық материалын дайындаймыз. Содан кейін сыйымдылығы кемінде 10 ампер-сағат болатын литий-ионды аккумулятор ұяшығын құрастырып, оның жұмыс сапасын тексереміз. Өндірістік деңгейге көшу үшін отандық және шетелдік серіктестермен де бірлесіп жұмыс істейміз. Ең алдымен технологияның қазақстандық шикізатпен қаншалықты тұрақты жұмыс істейтінін, алынған материалдың сапасын және оны ірі көлемде өндіру қаншаға түсетінін анықтауымыз керек", – деп түсіндірді ғалым.
Қазақстанда энергетика саласына қажетті шикізат жеткілікті. Бірақ оны жоғары сапалы аккумулятор материалына айналдыру үшін бірнеше кезеңнен өткізіп, мұқият тазарту қажет.
Жобаның негізгі мақсаты – осы жұмысты еліміздің өзінде атқаруға мүмкіндік беретін технология әзірлеу. Егер бастама сәтті жүзеге асса, Қазақстан шикізатты қазып, шетелге сатумен ғана шектелмей, одан құны жоғары дайын өнім өндіруге қадам басады. Сонымен қатар университетте жаңа буын зерттеушілері мен инженерлерін даярлауға жол ашылады.
Робототехника: елге оралып, ғылыми мектеп қалыптастыру
Дәліздегі бір үстелден үлкен орталыққа дейін

Nazarbayev University қауымдастырылған профессоры, Tactile Robotics Lab зертханасының негізін қалаушы Жанат Қаппасовтың шетелде қалуына мүмкіндік көп болған. Франция мен Швейцариядан бірнеше жұмыс ұсынысын алғанына қарамастан, ол елге оралып, Қазақстанда өз зертханасын ашуды таңдаған.
"Франция мен Швейцариядан жұмыс істеуге бірнеше ұсыныс түсті. Бірақ мен өз зертханамды осында дамытқым келді. Барлығы бір ғана жұмыс үстелінен бастау алды. Студенттер дәлізде отырып жұмыс істейтін компьютер де тапшы еді. Бірақ жолымыз болды, білімді студенттер жиналды. Бірге сапалы ғылыми мақалалар жазып, оларды әлемдегі жетекші конференцияларда таныстырдым. Зерттеу жобаларына гранттар да жеңіп алдық", – деп еске алады ғалым.
Жанат Қаппасов Томск мемлекеттік басқару жүйелері және радиоэлектроника университетін "Радиотехника" мамандығы бойынша үздік бітірген. Кейін Париждегі Пьер және Мария Кюри университетінде робототехника бойынша PhD дәрежесін қорғаған. Бұл оқу орны қазір Sorbonne University құрамына кіреді. Сондай-ақ Тайваньдағы Industrial Technology Research Institute ғылыми орталығында тағылымдамадан өткен.
Францияда қорғаған докторлық диссертациясы үздік ғылыми жұмыстардың қатарына ұсынылған. Жақында ғалым Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының Д.А.Қонаев атындағы сыйлығының лауреаты атанды.
Бүгінде Жанат Қаппасовтың 25-тен астам ғылыми еңбегі жарық көрген. Оның 2015 жылы роботтардың жанасуды сезіну қабілетіне арналған шолу мақаласы осы бағыттағы ең көп дәйексөз келтірілетін зерттеулердің біріне айналған. Ғалымның авторлығымен роботтандырылған қол патенттеліп, өнеркәсіптік электроника саласында да бірқатар технология әзірленген.
"Біз үнемі ғылыми мақалалар жариялап отырамыз. Біздің зертханада ғана емес, Қазақстанда да осы бағыттағы ең жоғары деңгейлі журналдардың бірінде мақала жариялау үлкен жетістік. Біздің өңірде мұндай ғылыми еңбегі бар зертханалар өте аз", – дейді профессор.
Зертхана студенттері алғашқы курстардан бастап нақты ғылыми жобаларға қатысады. Олардың бірқатары қазақстандық өндіріс орындарының сұранысы бойынша әзірленеді.
Жанат Қаппасовтың айтуынша, зертхананың басты мақсаты – студенттерді робототехника саласында бір өнімді басынан аяғына дейін өз бетінше жасай алатын білікті инженер етіп даярлау.
"Біз студенттерді жан-жақты инженер етіп тәрбиелеуге тырысамыз. Олар роботтың корпусын жобалап, оны 3D принтерден шығара білуі керек. Электрондық тақшаларды әзірлеп, бөлшектерін дәнекерлеп, микроконтроллерлерді бағдарламалайды. Күрделі роботтарды басқарады, интерфейс жасайды, деректерді дұрыс жинап, кейін оларды өңдейді. Яғни, бір жобаның басынан аяғына дейінгі барлық жұмысын меңгереді", – деп түсіндірді ғалым.
Зертхана түлектері қазір Франциядағы Parrot, Жапониядағы Woven by Toyota компанияларында, Мюнхен техникалық университеті мен Сингапур ұлттық университетінде жұмыс істеп, білімін жалғастырып жүр. Олардың бірі Нидерландта жасанды жүрек жасау жобасына қатысады.
Дегенмен Жанат Қаппасов үшін шәкірттерінің шетелде жетістікке жетуі ғана емес, алған білімін елге әкелуі де маңызды.
"Менің зертханамда білім алған жастар Еуропа, Канада, Францияның жетекші университеттеріне түсті. Оларға үнемі шетелге тек біржола кету үшін емес, тәжірибе жинап, жаңа білім алып, қайта оралу үшін бару керегін айтатынмын. Қуантатыны, Италия мен Францияға кеткен екі шәкіртім зертханаға қайта оралды", – дейді ол.
Қазір зертхана бірнеше маңызды бағытта жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында адам ағзасындағы жанасуды сезуге ұқсас қасиеті бар робот терісін жасау, діріл арқылы материалдың қандай екенін анықтайтын AIWAVE жүйесі және зағип әрі саңырау адамдардың қарым-қатынас жасауына көмектесетін технологиялар бар. Соңғы жоба Google қолдауымен Bentley University-мен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр.
Ал сүт безі обырын анықтауға арналған сезгіш қолғап жобасы 2024–2026 жылдарға жоспарланған. Оған 120 миллион теңге бөлінген.
Енді Tactile Robotics Lab жеке Robotics Center орталығына айналып, жұмыс аясын кеңейтпек. Мұнда робототехника, Physical AI және қазақстандық өнеркәсіпке қажетті сезгіш жүйелер бағытында зерттеулер жүргізіледі.
"Біз шағын зертханадан бірнеше бағытты қамтитын жеке Robotics Center орталығына айналып келеміз. Докторанттарымыз әртүрлі салада зерттеу жүргізеді. Мен негізгі бағытты айқындаймын, ал жастар ғылыми мақалаларын жариялап қана қоймай, қазақстандық өндіріс орындарымен тікелей жұмыс істеп жүр", – дейді ғалым.
Жанат Қаппасовтың басты мақсаты – Қазақстанда робототехника бойынша өзіндік ғылыми мектеп қалыптастыру. Әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті технологиялар жасап, сол саланың тілін меңгерген, тың идеяны іске асыра алатын инженерлер тәрбиелеу. Ең бастысы, шетелде тәжірибе жинаған талантты мамандардың туған еліне оралуына жағдай жасау.
Кейіпкерлер туралы қысқаша ақпарат
- Тоғжан Сырымова – Nazarbayev University робототехника және мехатроника кафедрасының оқытушысы, ROBIO стартапының негізін қалаушы. Жасанды интеллект көмегімен сүт безіндегі күмәнді тығыздалған жерлерді анықтайтын сезгіш қолғап әзірлеп жатыр.
- Александр Пак – Nazarbayev University ассистент-профессоры, FLECTION.AI стартапының негізін қалаушылардың бірі. Инсульт пен жарақаттан кейін үй жағдайында оңалуға көмектесетін ойынға негізделген цифрлық жүйені дамытып жүр.
- Нұржан Өміров – LFP аккумуляторларына қажетті материалдарды қазақстандық шикізаттан өндіру бағдарламасының тең жетекшісі. Жоба аясында жылына 50 тонна материал өндіретін тәжірибелік қондырғы салу жоспарланған.
- Жанат Қаппасов – PhD, Nazarbayev University қауымдастырылған профессоры, Tactile Robotics Lab зертханасының негізін қалаушы әрі жетекшісі, Robotics Center директоры. Роботтарға жанасуды сездіретін технологиялар мен Physical AI бағыттарын дамытып, Қазақстанда робототехника мектебін қалыптастыруды көздейді.
Жамбыл облысында оқушының жүрегі тоқтап, жансақтау бөліміне түсті: Туыстары оның әлімжеттік құрбаны болғанын айтты