Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында оқушының жүрегі тоқтап, жансақтау бөліміне түсті: Туыстары оның әлімжеттік құрбаны болғанын айтты

оқушы
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Жамбыл облысында мектептегі оқушылар арасында төбелес болып, бір оқушы жансақтау бөліміне түсті. Жақындарының айтуынша, баланың жүрек тұсына бірнеше рет соққы жасаған. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Редакция тілшісі оқиғаның мән жайын білу үшін жазба авторымен байланысқа шығуға тырысқанымен, ол тараптан ешқандай да жауап болмады. Жамбыл облысы Жамбыл ауданының Аса ауылында оқушылар арасындағы жанжалдан кейін жасөспірім ауыр халде ауруханаға түсті.

Жүрек тұсынан бірнеше рет соққы алған

Бұл туралы оның туысы Threads әлеуметтік желісінде жазды. Жазба авторының мәліметінше, оқиға 31 қазанда ауылда болған. Оның айтуынша, мектеп оқушыларының бас қосуында оның сыныптасы жоғары сынып оқушыларының тапсырмасымен жігіттің кеуде тұсына 4-5 рет әдейі соққы жасаған.

“Осы соққылардан кейін інім құлап, жүрегі тоқтап қалды. Жүрегі тоқтағандықтан, миына қан мен оттегі бармай қалған. Миы мен жүрегінің арасындағы байланыс 36-37 минут бойы болмаған”, – деп жазды ол.

Туысының сөзінше, дәрігерлер жасөспірімді аман алып қалғанымен, оның жағдайы өте ауыр. Қазір ол апалликалық синдроммен, яғни вегетативті жағдайда жатыр.

"31 қазаннан бері, міне, 20 күн өтті, інім ауыр комада жатыр. Ол көрмейді, естімейді және ештеңе сезбейді. Дәрігерлер оған апалликалық синдром диагнозын қойды", – дейді жазба авторы.

Оның айтуынша, ұзақ уақыт бойы қозғалыссыз жатқан жасөспірімнің қол-аяғы деформациялана бастаған. Туыстары оның мұндай жағдайда қанша уақыт жататынын білмейтінін айтып, алаңдаушылық білдірген.

Полиция істі тергеп жатыр

Оқиғаға қатысты Stan.kz тілшісінің сауалына Жамбыл облысының полиция департаменті жауап берді. Ведомство мәліметінше, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

"Күдікті анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жалғасып жатыр", – деп хабарлады полиция.

Еске сала кетейік, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жатақханасында жансыз денесі табылған Дауыл Бәкіртайды бүгін жақындары жер қойнына тапсырды. Қайғыдан есеңгіреген ата-анасы ұлдарының кісі қолынан қаза тапқанына сенімді. Олардың сөзінше, жас жігіттің өліміне бір ғана адам кінәлі емес. Көз жасына ерік берген анасы перзентін соққыға жықты деген сегіз студенттің бәрі де жауапқа тартылсын дейді.  

Ислам Әден
Бейсенбі, 19 Қараша, 2026 17:10