Қазақстан туризмнен 303 миллиард теңге салық түсімін алды
Қазақстанда туризм саласынан түскен салық түсімдері 303 миллиард теңгеге жетті. Бұл елдегі жалпы салық түсімдерінің 2,1%-ына тең. Ал шетелдік туристер Қазақстанда 1,4 миллиард доллар жұмсаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл мәліметтерді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жариялады. Министрдің айтуынша, 2026 жылдың алғашқы жартысында Қазақстандағы орналастыру орындары шамамен 5 миллион адамға қызмет көрсеткен. Оның 4,129 миллионы – ішкі туристер, ал 642 мыңы – шетелден келген қонақтар. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5%-ға жоғары.

Осы уақытта орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі 15%-ға өсіп, 173,7 миллиард теңгеге жеткен.
Туризм саласы жұмыспен қамтуға да үлес қосып отыр. Қазір бұл бағытта 565 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл Қазақстандағы жалпы жұмыспен қамтылған халықтың 6%-ы.
Инвестиция көлемі де артқан. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында туризм саласының негізгі капиталына салынған инвестиция 1 триллион 319 миллиард теңгені құрады. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 68%-ға көп.
Министрдің дерегінше, аталған көрсеткіштер туризмнің ел экономикасындағы рөлі артып келе жатқанын көрсетеді.
Еске салсақ, Қазақстанда соңғы жеті жылда туристік инфрақұрылым айтарлықтай кеңейді. 2019-2025 жылдары елдегі қонақүйлер, демалыс базалары мен басқа да орналастыру орындарының саны 3 592-ден 4 482-ге дейін көбейген. Ал туристерді бір мезетте қабылдау мүмкіндігі 181 мыңнан 233 мың төсек-орынға дейін артты. Осы кезеңде туризм саласына салынған инвестиция көлемі де 502 миллиард теңгеден 1,26 триллион теңгеге жетіп, 2,5 есе өсті. 2025 жылы салада жалпы құны 345 миллиард теңге болатын 95 инфрақұрылымдық жоба іске асырылды.
Наурыздағы кездейсоқ кадр: Қазақстандық апа итальялық Vogue журналына қалай шықты