Петропавл тұрғыны мүмкіндігі шектеулі ұлымен баспанасыз күн кешіп жүр
Петропавлда жалғызбасты әке мүмкіндігі шектеулі ұлымен бірге темір контейнерді паналауға мәжбүр. Екі жыл бұрынғы алапат тасқын кезінде баспанасынан айырылған азамат осы уақытқа дейін мемлекеттен көмек ала алмаған. Себебі үйге қатысты құжаттарды уақытында рәсімдемеген. Енді ол қала әкімдігінен көмек сұрап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Темір контейнер Евгений Михайловтың бір жарым жылдан бергі баспанасы. Әкесі мен баласы небәрі 12 шаршы метрлік темір контейнерде тұрады. Тар бөлмеге диван, үстел, тоңазытқыш пен газ плитасы сыйып кеткен. Олар осы жерде ұйықтап, тамақ әзірлеп, ас ішеді. Ал қақаған қыста темір үйшікте күн көру тіпті қиындай түседі.
“Темір контейнер, әрине, жыл он екі ай тұруға арналған баспана емес. Бұл – тек бой жылытып, тамақ ішуге болатын орын. Дегенмен саяжай қауымдастығы мен жергілікті тұрғындардың көмегімен оны жылытып алдық. Қазір 12 шаршы метр жерде тұрып жатырмыз. Әкімнен көмек сұраймын. Басқа барар жерім жоқ”, – деді тұрғын Евгений Михайлов.
Евгений екі жыл бұрын алапат су тасқыны кезінде жалғыз баспанасынан айырылған. Алайда үй толықтай оның атына рәсімделмегендіктен, анасы қайтыс болған соң мұрагерлік құжаттарын уақытында реттеп үлгермеген. Соның салдарынан мемлекет тарапынан көрсетілетін тұрғын үй көмегіне қол жеткізе алмапты.

Баспанасынан айырылған соң мүмкіндігі шектеулі ұлымен бірге біраз уақыт танысының үйін паналаған. Кейін Есіл өзенінің жағасындағы саяжайға күзетші болып жұмысқа орналасып, сол аумақтан уақытша тұратын орын сұраған. Саяжай қауымдастығының төрағасы оған темір контейнер беріп, жөндеп, жылытуға көмектескен.

Алайда бұл жердің де өзіндік қиындығы бар. Көктем сайын аумақты су басатындықтан, әкесі мен баласын контейнерімен бірге қауіпсіз жерге көшіруге тура келеді. Биыл олар Бескөл ауылына эвакуацияланған. Сол кезде баласының мүгедектігін растайтын құжаттарды рәсімдеу де қиынға соққан.
“Біздің үйіміз болды. Бірақ бұл аумақты жыл сайын көктемде су басады. Сондықтан бізді контейнермен бірге эвакуациялайды. Биыл Бескөл ауылына көшірді. Сол жерде баламның мүгедектігін растай алмадық. Ол көп жүре алмайды. Енді биыл жәрдемақы да ала алмай отырмыз”, – деді тұрғын Евгений Михайлов.
Ал қала әкімдігі Евгений Михайловқа әзірге тек уақытша баспана ұсына алатынын мәлімдеді.
Шенеуніктердің айтуынша, азамат су тасқынынан зардап шеккендерге арналған өтемақы мен тұрғын үй көмегін алу үшін қажет құжаттарды белгіленген мерзімде тапсырмаған.
“Заңға сәйкес, су тасқынынан зардап шеккен азаматтар төтенше жағдай жарияланған күннен бастап екі ай ішінде тиісті құжаттарын тапсыруы керек. Алайда Евгений Михайловтың үйге қатысты құқық белгілейтін құжаттары болмаған. Себебі анасы қайтыс болған соң мұрагерлік рәсімін уақытында аяқтамаған. Қазір оған баспана тек мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілуі мүмкін. Ол үшін соттың тиісті шешімі қажет”, – делінген әкімдік хабарламасында.
Айта кетейік, алапат тасқыннан соң баспанасыз қалғандардың арасында Евгений Михайлов қана емес. Құжаттарын белгіленген мерзімнен кеш тапсырған тағы онға жуық азаматтың мәселесі қазір сотта қаралып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Алматылық мүгедектігі бар белсендіні Kinopark киноға кіргізбей қойғаны туралы жазған едік.