Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жарыста жеңіске жетіп, пәтер иеленген қазақстандық спортшыдан үш жылдан соң баспананы босату талап етілді

тіркеу пәтер Алматы
Фото: pexels.com

Талдықорғанда халықаралық жарыста жоғары нәтиже көрсеткені үшін пәтер кілтін алған спортшыны үш жылдан кейін баспанасынан шығармақ болған. Шенеуніктер жалдау шартын жасаудан да бас тартқан соң, азамат сотқа жүгінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Кассациялық соттың мәліметінше, Ф. есімді азамат мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген бұл пәтерде 2022 жылдан бері тұрып келген.

“2022 жылғы қарашада велоспорттан өткен халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткені үшін жергілікті атқарушы орган оған салтанатты жағдайда пәтер кілттерін табыстаған. Осы уақыттан бастап Ф. аталған пәтерде тұрып, коммуналдық қызметтер ақысын төлеп, тұрғын үйді күтіп-ұстауға байланысты шығындарды өз мойнына алған. 2025 жылғы қазанда Талдықорған қаласының Тұрғын үй қатынастары бөлімі Ф.-ға тұрғын үй комиссиясының шешімі, тұрғын үй беру туралы әкімдік қаулысы және жалдау шарты болмағанын негізге алып, пәтерді босату қажеттігі туралы хабарлама жолдаған”, -делінген сот хабарламасында. 

Бұдан кейін спортшы өзі нақты тұрып жатқан тұрғын үйге жалдау шартын жасасу туралы өтінішпен бөлімге жүгінген. Алайда оған бас тартылған соң, сотқа арыздануға мәжбүр болған. 

“Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар пәтердің берілгенін растайтын тиісті түрде рәсімделген құжаттардың болмауына байланысты талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан. Алайда кассациялық сот өзгеше қорытындыға келді. Сот отырысында мемлекеттік органдардың өкілдері пәтер кілттерінің Ф.-ға жергілікті атқарушы орган тарапынан ресми түрде табысталғанын және оның тұрғын үйді өз бетінше иеленбегенін растады”, – деді ведомство. 

Сот мәліметінше, азамат мемлекеттік органның өзіне берген тұрғын үйін қабылдай отырып, адал әрекет еткен. 

“Мемлекеттік органдар тарапынан жіберілген қателіктер немесе әкімшілік рәсімдердің сақталмауы азамат үшін теріс салдарға әкеп соқпауы тиіс. Сонымен қатар Ф.-ның жалған мәліметтер ұсынғанын, жалған құжаттарды пайдаланғанын, өз құқығын теріс пайдаланғанын немесе өзге де жосықсыз әрекеттерге барғанын растайтын мән-жайлар анықталмаған”, – деп қорытты сот. 

2026 жылғы 24 қыркүйекте кассациялық сот бұған дейінгі екі соттың шешімін жойып, азаматтың пайдасына шешім шығарды.

Сот Талдықорған қаласының Тұрғын үй қатынастары бөлімі пәтерді жалға беру шартын жасаудан заңсыз бас тартқанын мойындады. Енді бөлім азаматпен өзі тұрып жатқан пәтерге қатысты жалдау шартын жасасуға міндетті. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылды.

Еске салсақ, Қазақстандық ашық құдыққа түсіп кеткені үшін әкімдіктен 600 мың теңгеге жуық өтемақы өндіріп алған еді. Сотта құдықтың айналасында ешқандай қоршау да, жүргізушілерге ескерту жасайтын белгі де болмағаны анықталды.

 

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 06 Қараша, 2026 11:35