Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыда ашық құдыққа түсіп кеткен жүргізуші әкімдіктен 600 мың теңгеге жуық өтемақы өндіріп алды

Қарағанды тұрғын
Фото: Ақ Жайық

Қарағандыда ауладағы ашық құдыққа түсіп, көлігін бүлдіріп алған ер адам сотта жеңіп шықты. Сот қалалық құрылыс бөлімін  көлікті  жөндеуге кеткен 597 мың теңгені өтеуге міндеттеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға биыл наурыз айында тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған. Ер адам көлігімен қақпағы ашық жатқан құдыққа түсіп кеткен. Кейін сотта құдықтың айналасында ешқандай қоршау да, жүргізушілерге ескерту жасайтын белгі де болмағаны анықталды. Салдарынан көлік қатты зақымданып, оны жөндеуге 597 мың теңге кеткен. Жүргізуші шығынды өз қалтасынан төлеген, алайда кейін сотқа жүгінген. Ол көліктің бүлінгенін растайтын құжаттарды, жөндеуге кеткен ақшаның түбіртектерін және мамандардың қорытындысын ұсынған.

Ер адам сотқа жүгінген кезде  қалалық құрылыс бөлімі мен жергілікті жылумен қамту мекемесінен шығынды өтеуді талап еткен. Қарағанды қаласының Қазыбек би ауданындағы №2 аудандық сот оқиға орнынан түсірілген фото және бейнежазбаларды қарап, істің мән-жайын зерттеп-зерделейді. Нәтижесінде көлікке келген шығынды қалалық құрылыс бөлімі өтеуі керек деген шешім шығарады.

"Жауапкерлер көлікті жөндеудің қажет болмағанын немесе жөндеу құны негізсіз көрсетілгенін дәлелдейтін айғақ ұсынбады. Азаматтық кодекстің 917-бабына сәйкес, заңсыз әрекеттен немесе әрекетсіздіктен келген зиянды оған жауапты тарап толық өтеуге міндетті", – деп түсіндірді сот.

Осылайша, сот жүргізушінің 597 мың теңге өндіру туралы талабын қанағаттандырды. Ал жылумен қамту мекемесіне қатысты талап қабылданбанған жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін Шымкентте 14 жастағы бала тереңдігі 12 метр болатын құдыққа құлап кеткен еді. Оқиға жеке үйдің ауласында болған. Құтқарушылар арнайы құралдардың көмегімен баланы құдықтан шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырған еді.  

Қарлығаш Асқарова
Жұма, 30 Қазан, 2026 15:23