ҰБТ-да "Химия – Физика" комбинациясы өзгере ме? Талапкерлерге қатысты шешім қабылданды
2027 жылы "Химиялық инженерия және процестер" білім беру бағдарламалары тобына оқуға түсетін талапкерлер бейіндік пәндер ретінде "Химия – Физика" немесе "Химия – Биология" комбинациясының бірін таңдай алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, мұндай шешім талапкерлердің өтініштерін ескере отырып қабылданған. Өтпелі кезеңде талапкерлер өз қызығушылығы мен болашақ жоспарына қарай екі комбинацияның бірін таңдай алады.
"Химия – Биология" пәндер комбинациясына көшу туралы ұсынысты Республикалық оқу-әдістемелік кеңес пен жұмыс беруші кәсіпорындар енгізген.
Өзгерістің мақсаты – талапкерлерге қосымша мүмкіндік беру және саладағы кадр тапшылығын шешу.
Жаңа пәндер комбинациясы грантқа түсу мүмкіндігін де кеңейтеді. Себебі бұл бағыт бойынша грант конкурсына төрт білім беру саласы мен 18 мамандық қатыса алады. Ал бұрынғы "Химия – Физика" комбинациясы бойынша тек бір білім беру саласына ғана түсуге мүмкіндік болған.
"Химия – Биология" таңдау пәндеріне толық көшу 2028 жылғы ҰБТ-дан бастап жоспарланып отыр.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде 2027 жылдан бастап болашақ химия инженері мамандары ҰБТ-да "Химия – Физика" пәндерінің орнына "Химия – Биология" комбинациясын тапсыруы мүмкін деген ақпарат талқыланған еді. Мұндай жаңалық физика пәніне дайындалып жүрген түлектер мен олардың ата-аналарының алаңдаушылығын тудырған.
Сондай-ақ 2027 жылы қазақстандық мектеп түлектері ҰБТ мен жаңа тестілеу форматының бірін таңдай алатыны хабарланған еді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда ҰБТ форматын өзгерту жоспарланып отырғанын жазған едік. Жаңа жүйе бойынша талапкерлер 14 бейіндік пәннен тест тапсырып, сыни ойлау, академиялық жазу, цифрлық сауаттылық және жасанды интеллектіні қолдану дағдылары бойынша да бағалануы мүмкін. Жаңа форматты Ұлттық тестілеу орталығы ETS ұйымымен бірлесіп әзірлеп жатыр. Жобаны 2027 жылдың көктемінде пилоттық режимде сынақтан өткізу жоспарланған.
Қазақстандық әйел дүкеннен сатып алған шырынның орнына дәрет құйылғанын айтып, шағымданды
