Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2027 жылдан бастап Қазақстанда ҰБТ жойыла ма: Министр жауап берді

ҰБТ
Фото: gov.kz

Қазақстанда 2027 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) бұрынғы форматы сақталады. Ал жаңа қабылдау тесті әзірге пилоттық режимде іске қосылып, талапкерлерге балама нұсқа ретінде ұсынылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Брифинг барысында журналист министрден 2027 жылғы ҰБТ-ға қатысты тараған қауесеттерге пікір білдіруін сұрады. Желіде тараған ақпаратта Астанадағы кейбір мектептерде 10-11-сынып оқушыларына келесі жылы ҰБТ болмайтыны, оның орнына жаңа тестілеуге дайындалуға шақырып жатқаны айтылған. Тіпті оқушыларға осы мақсатта жекеменшік оқу орталықтарының қызметін пайдалану ұсынылған.

Министр бұл ақпаратты жоққа шығарып, келесі жылы ҰБТ бұрынғы тәртіппен өткізілетінін нақтылады.

"Келесі жылы ҰБТ сақталады. Жаңа тест тек пилоттық режимде іске қосылады. Ол талапкерлер өз қалауы бойынша таңдай алатын балама нұсқа болады", – деді Саясат Нұрбек.

Сондай-ақ министрліктің мұндай ақпаратты таратқандарға қатысты тиісті органдарға шағымданатыны атап өтілді.

Министрдің пікірінше, бұл қауесеттер ата-аналарды балаларын жаңа тестілеуге дайындайтын курстарға жаздыру және сол арқылы ақша табу мақсатында таратылған болуы мүмкін.

"Ең бастысы, біз әлі таныстырмаған тестке олар қалай дайындық жүргізбек? Оның әзірлену үстінде екенін ескерсек, мұндай әрекетті қалай бағалауға болатынын білмеймін. Бірақ мен мұны алаяқтық деп атар едім", – деді министр.

Саясат Нұрбектің айтуынша, жаңа тестілеу туралы толық ақпарат арнайы баспасөз мәслихатында жарияланады. Осыған байланысты ол оқушылар мен ата-аналарды тек Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығының ресми хабарламаларына сүйенуге шақырды.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда ҰБТ форматы өзгеріп, талапкерлер 14 пән бойынша тест тапсыратыны туралы жазған едік. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Нұрсейіт Байжанов орталықтың ETS халықаралық ұйымымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан Admission Insight Test (AIT) жобасын таныстырды. Жұмыс 2026 жылдың ақпанында басталған және 2030 жылға дейін жалғасады.

Жаңа тест екі бөлімнен тұрады: 14 бейіндік пән бойынша пәндік тесттер және дағдыларды бағалау тесті.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 12 Қараша, 2026 22:58