"Тұмау деп жаппақ болды": Алматы тұрғыны әкесінің дәрігерлердің салғырттығынан өлім аузынан қалғанын айтты
Алматылық тұрғын EMIRMED клиникасындағы дәрігерлердің салғырттығына шағымданды. Оның айтуынша, әкесі тік ішек тұсындағы ауырсынуға байланысты клиникада ота жасатқанымен, кейін жағдайы күрт нашарлаған. Дене қызуы көтеріліп, ауырсынуы күшейген әкесіне дәрігерлер тұмау болуы мүмкін екенін айтқан. Алайда жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілгенде, науқастың сепсиске шалдыққаны анықталып, шұғыл күрделі операция жасауға тура келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жанна есімді тұрғын оқиғасын желіде баяндап берді. Айтуынша бұл жағдайдан отбасы қатты қорқып қалған.
“EMIRMED клиникасы дәрігерлерінің салғырттығы мен кәсіби біліксіздігі салдарынан біз әкемізден айырылып қала жаздадық. 25-і күні әкем тік ішек тұсындағы қатты ауырсынуға және пайда болған түзіліске шағымданып, EMIRMED клиникасының проктология бөліміне жүгінді. Сол күні оған УДЗ жасалып, артынша Талғат есімді хирург ота жасап, үйге жіберген. Алайда операциядан кейін әкемнің ауырсынуы күшейіп, қатты қиналды. Ол үнемі таңу процедураларына барып жүрді. Екі күннен кейін дене қызуы көтерілді. Біз дәрігерге хабарластық. Бірақ ол жағдайының себебін анықтаудың орнына, мұны жай ғана тұмау деп түсіндірді”, – деп жеткізді ол.
Жаннаның айтуынша, үшінші күні әкесінің жағдайы күрт нашарлап, ішінің төменгі жағы қатты ауырған.
“Бұл қалай болғаны? Отадан кейін науқастың дене қызуы көтеріліп, ауырсынуы күшейсе, дәрігер мұның бәрін тұмауға қалай жаба салады? Бізге ақыры жедел жәрдем шақыруға тура келді. Тек сол кезде ғана жағдайдың қаншалықты ауыр екені белгілі болды. Іріңді процесс одан әрі тарап, сепсис асқынған. Әкеме шұғыл түрде өте күрделі операция жасау қажет болды. Бүкіл отбасымыз ең жаман жағдайға дайындалдық. Бұл әсірелеу емес. Әкем бұған дейін екі рет инфаркт алған. Жүрегінің қан айдау көрсеткіші небәрі 25 пайыз. Онсыз да жүрегі әлсіз. Мұндай жағдайда наркоздың өзі үлкен қауіп төндірді. Ол операциядан кейін оянбай қалуы да мүмкін еді”, – деп қосты ол.
Алматылық EMIRMED клиникасының дәрігерлерін қауіпке уақытында назар аудармағанына кінәлады. Ол басқа қазақстандықтарды да осындай жағдайдан сақ болуға шақырды.
“Медицина – жай ғана бизнес емес. Әр науқастың артында біреудің өмірі, біреудің әкесі, анасы немесе баласы тұр. Біздің қандай күй кешкенімізді түсінесіздер ме? Әкемізден айырылып қала жаздадық! EMIRMED клиникасының басшылығына бірнеше сұрағым бар: Операциядан кейін дене қызуының көтерілуі неліктен толық тексеруге негіз болмады? Науқастың қатты ауырсынуы мен жағдайының нашарлауына неге назар аударылмады? Қауіпті асқынулар неліктен уақытында анықталмады? Науқастың өміріне қауіп төндіретін жағдайға жетуіне кім жауапты? Басқа отбасылардың да біз көрген жағдайды бастан өткергенін қаламаймын. Осы клиникаға назар аударып, көрсетілген медициналық көмектің сапасын, мамандардың біліктілігін және операция жасаған дәрігердің әрекетін тексеруді сұраймын”, – деп қосты ол.
Бұрын бұл клиникадан ем алған өзге желі қолданушылары да өз бастарынан өткендерін жаза кетті. Олар клиниканы тек ақша үшін жұмыс істейді деп сынады.
“Emirmed – ең нашар клиника, ол жерге баруға болмайды. Онда білікті дәрігерлер жоқ. Тек ақшаға құныққан бизнесмендер отырған сияқты. Мені де қыруар ақшаға ота жасатуға жібере жаздады. Ал басқа клиникада ешқандай ісік жоқ, бәрі таза екенін айтты”;
“Біз де Астанадағы Сауран көшесі, 1 мекенжайында орналасқан клиникасына барғанбыз! Уролог-андролог бірден бізге көптеген талдау УДЗ тапсырып, кейін ота жасайтынын айтты. Кейін анықталғандай, ол бұл клиникада мүлде ота жасамаған және науқастарға операция жасамайды екен. Нағыз бейберекетсіздік! Біз әлі күнге дейін есеңгіреп жүрміз. Ондағы дәрігерлердің білімі де, сауаттылығы да сын көтермейді”;
“Сіздерге не болған? Мұндай қателіктер мемлекеттік ауруханаларда болуы мүмкін деп түсінуге болар, бірақ жеке клиникада мұндай жағдайға жол беруге болмайды ғой. Қызмет сапасын жақсартуға неге жұмыс істемейсіздер? Науқастар сіздерге тегін қаралмайды ғой”;
“Оларда бір ғана мақсат бар сияқты – науқастың мүмкіндігінше көп ақша жұмсауы. Адамдар бұл клиникаға баруды қашан қояды екен?” – деп жазды жұртшылық.
EMIRMED клиникасының науқастарға қамқорлық көрсету қызметі оқиғаға байланысты пікір білдірді. Айтуларынша қазір жағдайға байланысты тексеру жүргізілген.
“Әкеңіздің жағдайы нашарлап, отбасыңыздың осындай қорқынышты жағдайды бастан өткергеніне өкініш білдіреміз. Әкеңізге тезірек сауығып кетуіне тілектеспіз. Біз бұл жағдайға байланысты қызметтік тексеру жүргіздік. Оның нәтижесі бойынша, әкеңіз клиникаға алғаш жүгінген күні-ақ оған УДЗ жасалған. Тексеру барысында шамамен 1 см тереңдікте орналасқан, көлемі 2 см-ге жуық іріңді ошақ анықталған. Сол күні хирург іріңдікті ашып, таңу процедурасын жасаған. Мұндай жағдайда іріңдік ашылғаннан кейін ауырсыну басылып, науқастың жағдайы жақсарады деп күтіледі. Алайда ағзаның қалпына келу барысын алдын ала нақты болжау мүмкін емес. Оған адамның жеке физиологиялық ерекшеліктері мен жалпы денсаулық жағдайы әсер етуі мүмкін”, – деді Науқастарға қамқорлық көрсету қызметінің жетекшісі Меруерт Қайназар.
Клиника өкілдері зардап шеккен науқастың жақындарымен ашық сөйлесуге дайын екенін жеткізді.
“Өкінішке қарай, дәл осы жағдайда науқастың ағзасы қалай жауап беретінін алдын ала білу әрдайым мүмкін бола бермейді. Әкеңіздің жағдайы, өкінішке қарай, нашарлап кеткен. Тексеру нәтижелерін талқылап, барлық сұрақтарыңызға жауап бере аламыз. Әкеңізге шын жүректен тезірек сауығып кетуіне тілектеспіз”, – деп қосты мекеме.
Еске салсақ, Ақсуда 63 жастағы ер адам дәрігерлердің салғырттығынан көз жұмғаны туралы хабарлаған едік. Дәрігерлер мұнда кистаны клизмамен емдеген. Туыстары оның дер кезінде ауруханаға жатқызылмағанын және қажетті тексерулерден өтпегенін айтып шағымданды.
"Тұмау деп жаппақ болды": Алматы тұрғыны әкесінің дәрігерлердің салғырттығынан өлім аузынан қалғанын айтты