Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кистаны клизмамен емдеген: Ақсуда 63 жастағы ер адам дәрігерлердің салғырттығынан көз жұмды

аурухана
Фото: Ашық дереккөз

Ақсу қаласында ішінің қатты ауырғанына шағымданып, ауруханаға екі рет барған 63 жастағы ер адам көз жұмды. Туыстары оның дер кезінде ауруханаға жатқызылмағанын және қажетті тексерулерден өтпегенін айтып шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпрат агенттігі Hola News басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

63 жастағы Валерий Березкин ішінің қатты ауырғанына шағымданып, Ақсу қаласындағы ауруханаға екі рет барған. Алайда оны ауруханаға жатқызудың орнына клизма жасап, түрлі тексерулер тағайындаған. Екінші рет барған кезде ер адамның жағдайы күрт нашарлап, бірнеше сағаттан кейін көз жүмған. Марқұмның туыстары оған уақытылы медициналық көмек көрсетілгенде, қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді деп есептейді.

2025 жылғы 30 маусымда Валерийдің жұбайы Надежда Березкина оны аурухананың қабылдау бөліміне жеткізген. Әйелінің айтуынша, күйеуінің ішінің жоғарғы тұсы үш-төрт күн бойы қатты ауырып, тамақ іше алмай, дәретке де шыға алмаған.

Кезекші хирург Тұрар Жансейітов ер адамға қан талдауын тапсырып, ауырсынуды басатын дәрі егіп, клизма жасауды ұсынған. Алайда процедурадан кейін Березкиннің жағдайы одан әрі нашарлаған. Ауырсынуы күшейгеніне қарамастан, дәрігер оны үйіне жіберген.

"Күйеуімді ауруханаға жатқызуды сұрадым, бірақ қабылдамады. Рентгеннен кейін хирург бізге 1 шілдеге ФГДС пен УДЗ-ге жолдама берді", – дейді Надежда.

Келесі күні Валерийдің жағдайы одан әрі нашарлаған. Сағат 14:00 шамасында ауырсынуы күшейіп, туыстары 15:10-да жедел жәрдем шақырған. Алайда отбасының сөзінше, фельдшер ауырсынуды басатын дәрі көмектеспегеніне қарамастан, науқасты ауруханаға жатқызуға негіз көрмеген.

Содан кейін туыстары ер адамды қайтадан ауруханаға жеткізуді талап еткен.

Қабылдау бөлімінде одан қайтадан талдау алынып, рентген жасалған. Отбасы тексеру нәтижесін күтіп отырғанда, Валерийді бірде ыстық, бірде суық тер басқан. Дәрігерлер оны қарап, алдын ала "жедел ішек өтімсіздігі болуы мүмкін, кахексия" деген диагноз қойған.

"Мен дәрігерден әкеме УДЗ-ді қашан жасайтынын бірнеше рет сұрадым. Олар "Ауруханаға жатқызған соң жасаймыз"деді. Мен "Қашан жатқызасыздар? Әкемнің жағдайы нашар екенін көріп тұрсыздар ғой" деп сұрадым. Оған операция қажет болуы мүмкін екенін де айттым. Хирург болса "Жақында жатқызамыз" деп жауап берді", – деп еске алады Валерийдің қызы Оксана.

Оның айтуынша, осыдан кейін әкесін тағы да клизма жасауға жіберген. Алайда бірден ауруханаға жатқызбаған.

Сағат 17:45–17:50 шамасында Валерий ауруханаға жату үшін кезек күтіп отырған кезде жағдайы күрт нашарлаған.

Қызының сөзінше, ер адам осы уақытқа дейін ауырсынудан бүктетіліп отырған. Кенет орнынан тұрып, көзі аударылып, денесі құрыса бастаған.

"Мен жанымызда тұрған медбикеге "Не қарап тұрсыздар, жағдайы нашарлап кетті ғой" деп айқайладым. Ол әкем есінен танып қалды деп ойлап, бетінен бірнеше рет ұрды. Содан кейін әкемді диагностикалық палатаға алып кетті. Ол жерге екі дәрігер келді, бірақ хирург болған жоқ. Дәрігер әкемнің бетінен қағып, "Әй, еркек" деп жатты. Медбике жүрегіне массаж жасай бастады. Кейін әкемді жансақтау бөліміне алып кетті. Сол жерден жас дәрігер шығып, әкемнің қан қысымы күрт төмендегенін, оның себебін білмейтіндерін айтты", – дейді Оксана.

Кешке қарай туыстары науқастың жағдайы туралы хабар күтеді. Сағат 21:10 шамасында оларға Валерийдің көз жұмғаны хабарланған.

Марқұмға жасалған сот-медициналық сараптама нәтижесінде оның ұйқы безінде  киста болғаны анықталған. Ауру қан құйылу, көп мөлшерде қан жоғалту және геморрагиялық шокпен асқынып, соңы бірнеше ағзаның қызметі бұзылуына әкелген.

Осылайша, науқас өмірден өткен кезде қойылған "жедел ішек өтімсіздігі" диагнозы өлімнің нақты себебі болмаған. Ер адам ұйқы безі ауруының ауыр асқынуынан көз жұмған. Алайда бұл дерт оның көзі тірісінде анықталмаған.

Валерий көз жұмғаннан кейін медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті тәуелсіз хирург-дәрігерді қатыстыра отырып, Ақсу қалалық ауруханасында жоспардан тыс тексеру жүргізген.

Тексеру барысында науқастың ауруханаға екі рет жүгінген кезінде де заңбұзушылықтар анықталған.

"Диагнозды уақытылы қоймау науқасты қажетті хирургиялық отадан дер кезінде өткізу мүмкіндігінен айырды және емдеу нәтижесіне тікелей әсер етті", – делінген департамент жауабында.

Тексеру материалдары Павлодар облысының полиция департаментіне жолданған. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 317-бабының 3-бөлігімен, яғни “медицина қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу” дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Марқұмның отбасы Ақсу қалалық ауруханасына қарсы моральдық зиянды өтеу туралы талап арыз берген. Жұбайы мен қызы әрқайсысына 20 миллион теңгеден, жалпы 40 миллион теңге өтемақы өндіруді талап етіп отыр.

Талап арызда отбасы сотқа жүгінуіне жақын адамынан айырылу ғана емес, оған медициналық көмек көрсету кезіндегі жағдайлар да себеп болғанын көрсеткен. Туыстарының пікірінше, диагноздың уақытылы қойылмауы мен қажетті тексерулердің толық жүргізілмеуі Валерийді тиісті ем алу мүмкіндігінен айырған.

Осылайша, талапкерлер өндіруді сұрап отырған моральдық зиян өтемақысының жалпы сомасы 40 миллион теңгені құрайды. Отбасының айтуынша, бұл қаражат материалдық пайда табу үшін емес, жақынынан айырылу салдарынан шеккен қайғы-қасіреті мен жан күйзелісінің өтемі ретінде талап етіліп отыр.

Еске салсақ, Ақтөбеде тіс дәрігеріне жазылған 37 жастағы әйел дәрігердің қателігінен бірнеше тісінен айырылып, жүйкесі зақымданған. Науқас тіпті ана болу мүмкіндігінен де айырылуы мүмкін.

Ақтөбе облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаменті бөлімінің басшысы Нұрлыгүл Бисенованың айтуынша, науқасқа стоматологиялық көмекті орта медициналық білімі бар маман, яғни тіс дәрігері көрсеткен. Ал стандартқа сәйкес, медициналық көмектің екінші деңгейінде мұндай қызметті жоғары медициналық білімі бар маман көрсетуі тиіс.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 05 Қараша, 2026 22:50