Ер адам дәрігерге тап беріп, қылқындырған: Ақтаудағы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Ақтауда облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде баласын тексерткен ер адам дәрігерге шабуыл жасап, оны мойнынан қылқындыра ұстаған. Оқиғаға қатысты аурухана мен полиция департаменті түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Медициналық мекеменің мәліметінше, оқиға кезінде ауруханаға полиция қызметкерлері шақырылған. Аурухана қызметкерлерінің айтуынша, балалар хирургі науқас баланы қажетті тексеруден өткізіп, қарау нәтижесін әкесіне сабырмен түсіндірген. Баланы ауруханаға жатқызуға медициналық көрсетілім болмаған. Алайда баланың әкесі аяқпен үстелді теуіп, кенеттен дәрігерге тап берген. Оны бірнеше адам әрең дегенде медицина қызметкерінен ажыратқан.
Бүгінде балалар хирургі жұмысқа қайта кірісіп, кезекшілікке шыққан. Ал өңірлік полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазір тергеу жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Оқиға кезінде ауруханада болғанын айтқан әйел әлеуметтік желіде жанжалға қатысты өз нұсқасын жариялаған. Оның сөзінше, күйеуі мен сол жерде болған басқа адамдар жанжалдасушыларды ажыратуға тырысқан.
"Мен кез келген зорлық-зомбылыққа қарсымын. Әсіресе адамдар көмек сұрап келетін медициналық мекемеде мұндай әрекетке жол берілмеуі керек", – деп жазды ол.

Желі қолданушыларының басым бөлігі ер адамның әрекетін айыптап, оны жауапқа тартуды талап етті. Кейбірі ауруханалардағы күзетті күшейту қажет екенін айтты.
Дәрігерге шабуыл жасағаны үшін 12 жылға дейін сотталуы мүмкін
Қазақстанда қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қоқан-лоқы көрсету немесе күш қолдану үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Тиісті өзгерістер Қылмыстық кодекске 2026 жылғы 7 наурызда енгізілген. Жаңа 380-3-бапта қорқыту мен зорлық-зомбылықтың сипатына қарай әртүрлі жаза белгіленген.
Атап айтқанда, күш қолданамын деп қорқытқаны үшін 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке (865 000 теңге – 2 162 500 теңге) дейін айыппұл салу, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту, сондай-ақ екі жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қарастырылған.
Ал өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін күш қолданғаны үшін 500-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке (2 162 500 теңге – 4 325 000 теңге) дейін айыппұл салынуы, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін. Сондай-ақ екі жылдан үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы көзделген.
Егер зорлық-зомбылық адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал ауырлататын мән-жайлар болса, жаза мерзімі жеті жылдан 12 жылға дейін ұлғаюы мүмкін.
Еске салайық, Қазақстанда медицина қызметкерлеріне күш көрсету мәселесі соңғы уақытта жиі көтеріліп жүр. 2026 жылғы наурызда дәрігерлер мен жедел жәрдем қызметкерлеріне қызметтік міндетін атқару кезінде қорқыту немесе күш қолданғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Енді денсаулық сақтау министрлігі жұмыс кезінде шабуылға ұшырап, денсаулығына зиян келген медицина қызметкерлеріне сақтандыру өтемақысын төлеу тәртібін әзірлеп жатыр. Сонымен қатар медициналық қызмет салдарынан зардап шеккен науқастарға да өтемақы беру қарастырылған.