Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ішімді екі қолымен қатты басты": Қазақстандық әйел босану кезінде дәрігерлерді салғырттық танытты деп айыптады

бала
Фото: Айнагүл Бекбергеннің жеке архивінен

Жаңаөзендік әйел жергілікті перзентхана дәрігерлерін босану кезінде жауапсыздық танытты деп айыптады. Оның сөзінше, дәрігерлердің салғырттығы мен медициналық көмектің жеткіліксіздігі салдарынан сәбиі ауыр жарақат алып, бір қолы сал болып қалған. Stan.kz тілшісі оқиғаның мән-жайын білу үшін аурухана әкімшілігіне ресми сауал жолдады.

Жаңаөзен тұрғыны Айнагүл Бекберген босану кезінде дәрігерлердің салғырттығы мен медициналық көмектің жеткіліксіздігі салдарынан сәбиінің ауыр жарақат алғанын мәлімдеді.

“Мен, Жаңаөзен тұрғыны Бекберген Айнагүл Бекбергенқызы, биыл 17 наурызда дүниеге келген баламның босану кезінде дәрігерлердің жауапсыздығы, медициналық көмектің жеткіліксіздігі және уақытылы шешім қабылданбауы салдарынан ауыр жарақат алғанына байланысты жауапты маманды дәрігерлік қызметпен айналысу құқығынан айыруды сұраймын. Босану барысында баламның иық тұсы жарақаттанып, оң қолының сүйегі сынды. Сол қолы сал болып, қимылсыз қалды. Мұның бәрі оның болашақ өміріне үлкен зиян келтірді. Сонымен қатар дәрігерлер тарапынан жеке шекарамды бұзу, балағаттау және кемсіту әрекеттері болды”, – дейді Айнагүл Бекберген.

Жаңаөзен қаласының тұрғыны әлеуметтік желіде жергілікті перзентхана дәрігерлерінің үстінен шағым түсірді.

"Жаңаөзен перзентханасының дәрігері М.Қ. өз жұмысына жауапсыз қарап, акушер Н.Т. орынсыз сөздер айтқан. Тоғыз ай бойы құрсағымда дұрыс дамып, дені сау болған баламды мүгедек етті. Мұның бәрін баланың жағдайына жаба салды. Дәрігерлердің қателігінен сәбиім өлі күйінде дүниеге келді. Оны балалар дәрігерлері ғана аман алып қалды!" – дейді әйел.

Әйелдің айтуынша, перзентхана басшылығы жіберілген қателікті мойындаған. Алайда дәрігерді жұмыстан бір айға ғана шеттеткен. Жазба авторы дәрігердің қайта жұмысқа кірісіп, басқа балалардың да денсаулығына зиян келтіруі мүмкін екеніне алаңдайтынын жеткізді.

"Босану кезінде М.Қ. ішімді қатты басты. Қатты ауырсынып, ішімнің ауырып жатқанын айттым. Бірақ ол екі қолымен тіреліп тұрып, "Онда өзің босан" дегендей бас жағыма тұрып алды. Сол кезде баламның денесі жартылай шығып тұрған еді. Егер баланы өзім босанатын болсам, онда сен перзентханада не істеп жүрсің?! Қыздар, неге осы уақытқа дейін үндемей келдік? Неге өз құқығымызды қорғай алмаймыз? Неге дәрігерлердің жауапсыз әрекетіне көз жұма қараймыз? Бас дәрігер мәселені қолға алатынын жазып жатыр. Ендеше, осы мүмкіндікті пайдаланып, талап-тілегімізді жеткізейік!" - деп жазған әйел.

Айнагүл Бекберген сәбиінің жағдайы мен алты ай бойы басынан өткен қиындықтарды бөлісті. Оның айтуынша, ауыр босану салдарынан баланың жүрегі тоқтап, оң қолы сынған, ал сол қолы қимылсыз қалған.

Фото: Айнагүл Бекбергеннің жеке архивінен

Нәресте 21 күн реанимацияда жатып, бірнеше рет наркоз алған. Анасы баласының жағдайын жақсарту үшін Астана мен Ақтөбеде ем-дом алып, оңалту курстарынан өтіп жатқанын жеткізді.

"Осы алты айдың ішінде балам алты рет наркоз алды. Катетер салу кезінде 20 жерінен тесілген күндер де болды. Мұның бәрін ана ретінде көру оңай емес. Мұны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осы уақытқа дейін алты курс Войта терапиясын алдық. Әр он күн сайын күніне екі сеанстан өттік. Сонымен қатар үш курс моторлық онтогенез, ОФК емін қабылдадық. Астана қаласындағы UMC-де екі рет жатып, толық диагностикадан өттік. Екі айынан бастап Ақтөбе қаласында Войта терапиясын алып келеміз. Ауылда болған кезімізде де ОФК және моторлық онтогенез жаттығуларын жасатамыз. Себебі әрбір күн маңызды. Баланың қолы қимылсыз қалмауы керек", – дейді Айнагүл Бекберген.

Айнагүл Бекбергеннің айтуынша, сәбиі алты айға толған. Осы уақыт ішінде олар қимылсыз қалған қолының қызметін шамамен 20%-ға қалпына келтіре алған.

"Ешкімге ренішім жоқ, ешкімді кінәламаймын. Бірақ сол кездегі менің жан дүниемнен өткен жағдайдың да өз жауабы бар деп сенемін. Мен тек балам үшін күресіп келемін. Қазір бар тілегім – баламның жақсы болып кетуі. Иншалла, бұл қол әлі талай жеңіске жетеді. Біз әлі талай белесті бірге бағындырамыз. Қалғанын Аллаға тапсырамын", – деп жазды Айнагүл Бекберген.

"Бірінші жағдай емес..."

Мәселен, пікір қалдырған әйелдердің бірі М.Қ-ның көмегімен екі рет босанғанын жазған. Оның айтуынша, дәрігердің әрекеті мен сөйлеген сөзі көңілінен шықпаған. Сондай-ақ ол босану кезінде толғатып жатқан әйелге "семіріпсің ғой" деп күлгенін, серіктессіз кірген кезде телефонын тартып алғанын айтып, мұндай әрекеттерді орынсыз деп бағалаған. Бұған қоса, акушердің санитарларды жіберіп, ақша сұратқанын да алға тартқан.

Тағы бір әйел 2024 жылғы 2 шілдеде тұңғышын босанған кезде осы дәрігер кезекшілікте болғанын жазған. Оның сөзінше, толғағы басталып, суы кеткен соң кезекші мамандарды шақырғанымен, біраз уақыт ешкім келмеген. Таңғы сағат 03:00 шамасында ғана оны босану бөліміне апарып, Н есімді акушер қабылдаған. Әйел толғақ кезінде акушердің оны қайта-қайта КТГ түсіруге жатқызғанын, ал өзі жатуға шамасы келмегенін айтады. Оның пікірінше, сол сәтте медициналық қызметкерлер босануға көмектесудің орнына ұрысып, зекіген.

пікірлер
Фото: threads.com желісінен скрин

Тағы бір пікір қалдырушы жүктілік кезінде бүйрегі ісініп, жағдайы ауыр болғанын, босану кезінде жылағаны үшін дәрігердің ұрысқанын еске алған. Оның сөзінше, дәрігер оны тыныш босанып жатқан басқа әйелге көрсетіп, "қара, қалай тыныш туып жатыр, жылай берме" деген мазмұнда сөз айтқан. Сондай-ақ ол дәрігердің өзіне ғана емес, келініне де дөрекі сөйлегенін жазған.

"Біреудің желіге жазған пікірі негізінде дәрігерді жұмыстан шығара алмаймын"

Жаңаөзен перзентханасының бас дәрігері Марат Қайырғалиевич Stan.kz тілшісіне берген түсініктемесінде оқиғаға қатысты қазір бірнеше бағытта тексеру жүріп жатқанын айтты. Оның сөзінше, аурухана ішіндегі тексеруден кейін акушер-гинеколог М.Қ-ға сөгіс жарияланып, ол бір ай мерзімге кезекшіліктен шеттетілген.

"Біз өз тарапымыздан ішкі тексеру жүргіздік. Соның нәтижесінде дәрігерге сөгіс жариялап, бір айға кезекшіліктен шеттеттік. Акушер-гинеколог дәрігері М.Қ. Ж. 2026 жылғы 12 тамыздағы бұйрыққа сәйкес тәртіптік жаза қолданылды. Аталған бұйрық негізінде дәрігер бір ай мерзімге кезекшіліктен шеттетілді. Осы кезеңде перзентхана бөлімшесінің ішкі жұмысын ретке келтіру, анықталған кемшіліктерді жою, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, сондай-ақ медицина қызметкерлері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу шаралары қарастырылды. Ал қазір Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тарапынан тексеру жүріп жатыр. Егер құзырлы орган дәрігерді жұмыстан шығару туралы шешім қабылдаса, біз оны орындаймыз", – деді Марат Қайырғалиевич.

Ол дәрігерді жұмыстан шығару туралы шешімді аурухана басшылығы өз бетінше қабылдай алмайтынын атап өтті. Бас дәрігердің сөзінше, мұндай шараға негіз болатын өрескел заңбұзушылықтар мен тиісті тексеру қорытындылары болуы керек.

"Мен біреудің әлеуметтік желіге жазған пікірі негізінде дәрігерді жұмыстан шығарып, оның дипломы мен көп жылғы еңбегін жоққа шығара алмаймын. Дәрігердің де өз құқығы бар. Егер тексеру барысында өрескел заңбұзушылық анықталып, құзырлы органдар тиісті шешім қабылдаса, біз соған сәйкес әрекет етеміз", – деді ол.

Бас дәрігер әлеуметтік желіде аталған дәрігерге қатысты өзге әйелдердің де шағымдары жарияланғанын білетінін жеткізді. Осыған байланысты перзентхана қызметкерлерімен жиналыс өткізіп жатқанын айтты. Сондай-ақ әйелдердің пікірлері мен шағымдарына заң аясында жауап беру үшін заңгерлерді тарту мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, аурухана басшылығы осы мәселемен де айналысады. Дегенмен мекеменің негізгі міндеті – науқастарға медициналық көмек көрсету деп тоқталды бас дәрігер.

Марат Қайырғалиевич ауруханада жыл сайын шамамен 18 мың науқас емделіп, 3600-ге жуық сәби дүниеге келетінін айтты.

"Аурухана болған соң, өмірде өлім де болады. Біз оны жасырмаймыз. Бірақ дәрігерлер тарапынан өрескел қателік кеткені туралы әзірге тіркелген факт жоқ. Қазір әлеуметтік желіде айтылған айыптаулардың бәрін қарастырып, тиісті жұмыстар жүргіземіз", – деді бас дәрігер.

Сондай-ақ өткен жылмен салыстырғанда нәресте шетінеу көрсеткіші 30%-а азайғанын жеткізді. 

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 02 Қараша, 2026 18:52