Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Терапевтке жазыла алмаймыз, УДЗ-ға үш ай кезек күтеміз": Қазақстандықтар МӘМС жүйесіндегі мәселелерді көтерді

дәрігер қабылдауы МӘМС қиындықтар
Фото: depositphotos.com

Қазақстандық тұрғын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында дәрігерге қаралу және тегін тексеруден өту қиынға соғып жүргенін айтып, шағымданды. Оның сөзінше, учаскелік терапевттің қабылдау уақыты жұмыс кестесімен сәйкес келмейді, ал ультрадыбыстық зерттеуге (УДЗ) үш айдан бері жазыла алмай жүр. Тегін қызметке бос орын табу қиын болғанымен, ақылы тексеруден бірден өтуге болады дейді ол. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сәния есімді қазақстандық желіде МӘМС-пен қаралуда бірнеше қиындықтар туындайтынын баяндады. Айтуынша, үнемі дәрігерлерге жазылу уақыты ыңғайсыз. 

“МӘМС пен оның аясында қызмет көрсететін емханалардың жұмысы не деген масқара! Неге біз әлі күнге дейін тек жұмыс күндері сағат 08:00-ден 14:00-ге дейін қабылдайтын терапевт арқылы ғана жазылуымыз керек? Мен де жұмыс істейтін адаммын. Оның жұмыс кестесіне қалай үлгеруім керек? Неге УДЗ маманына үнемі бос орын болмайды? Ал ақылы түрде десең шұғыл-ақ қабылдайды! Бұл не деген сұмдық? Неге терапевттің жолдамасынсыз қан тапсыруға болмайды? Неге әлі күнге дейін дәрігерлердің қабылдау кестесі мен бос уақытын өзіміз көріп, қалаған уақытымызға өзіміз жазыла алмаймыз?”, – деп жазды ол. 

Тұрғынның айтуынша, Damumed арқылы жазылу да ыңғайлы емес. Ол дәрігерлердің жұмыс кестесі мен бос уақытын көріп, соған қарай жазылғысы келетінін жеткізді. 

“Егер шынымен оңай болса, халықтың бәрі бұл мәселені көтермес еді ғой! Менің емханада дәрігерге жазылу мүмкіндігім жоқ. Жарайды, тым болмаса, былай болса, мысамен дәрігерлердің қабылдау кестесін өзім көріп отырамын. Терапевтке жазыламын. Қабылдаудан кейін жолдаманы онлайн аламын да, УДЗ маманының кестесін көріп, өзім жазыламын. Мәселе мынада, тегін қабылдауға бөлінген орын саны шектеулі. Сондықтан айдың басында үлгеріп жазылу керек. Ал ақылы қызметке келсеңіз, бес минуттың ішінде-ақ қабылдайды. Осындай жағдайлар әбден ашуландырады!”, – деп қосты ол. 

Сәнияның айтуынша ол үш айдан бері УДЗ-ға түсе алмай жүр. Себебі бос орындарды одан бұрын басқа біреулер алып қояды екен. 

Желі жұртшылығы да дәл осындай мәселелерге тап болып жүргенін жарыса жазды. Айтуларынша МӘМС-пен дәрігерге жазылуда көптеген қиындықтарға тап болып жүр. 

“МӘМС-пен дәрумендер мен микроэлементтердің жетіспеушілігін анықтайтын талдауларды да, гормондарға анализді де тапсыра алмайсың. Сонда тек жалпы қан талдауын ғана тапсыруға бола ма?! Дәрігерлер де үнемі демалыста жүретін сияқты, қабылдауына жазылу мүмкін емес”;
“Шілде айының басында инсультке ұқсас ұстама болды. Жедел жәрдем шақырдым. Олар тұрғылықты жерім бойынша невропатологке қаралуға кеңес берді. Дәрігердің қабылдауына тамыз айының соңында ғана кірдім. Ол күндізгі стационарға жатуды ұсынды. Бірақ оған қараша айында ғана кезегім келді. Осы уақыт аралығында тағы екі рет осындай ұстама болды!”;
“Мен УДЗ-ға төрт ай күттім. Бұрын сенбейтінмін, бірақ осылай жүре беруден әбден шаршадым. Сосын Денсаулық сақтау министрлігінің 1312 нөміріне қоңырау шалдым. Сол бойда маған бос орын тауып берді”;
“Иә, Damumed арқылы дәрігерге мүлде жазыла алмайсың. Қанша рет әрекет жасап көрдім, тіпті қосымшаның қолдау қызметіне де жаздым. Біздің қанша шағымданғанымыз ешкімді алаңдатпайтын сияқты”, – деп жазды олар. 

“Ауру асқынып, нашарлағанда ғана көмекке жүгініп, орын таппайды”

Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің бас сарапшысы Тоқжан Базарғалиева елімізде емханалар заңға сәйкес таңғы сағат 08:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейтінін мәлімдеді. 

“Жалпы, медициналық көмек көрсету шұғыл және жоспарлы болып екіге бөлінеді. Егер науқастың жағдайы шұғыл болса, ол ешкімге алдын ала жазылмай-ақ емханаға барып, қабылдау кабинетіне немесе мобильді бригада бөліміне жүгіне алады. Ал басқа жағдайларда науқас өзінің учаскелік дәрігерінің жұмыс кестесіне сәйкес алдын ала жазылуы керек. Егер адам кешкі сағат 20:00-ден кейін, яғни емхананың жұмыс уақытынан тыс кезде ауырып қалса, елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін 103 жедел жәрдем қызметі және ауруханалардың қабылдау бөлімдері бар. Мұндай жағдайда науқас аурухананың қабылдау бөліміне жүгіне алады”, – деп түсіндірді ол. 

Маман осы тұста қабылдау бөлімінің өзі науқастардың жағдайына қарай олар қызыл, сары және жасыл аймақтарға бөлінетінін жеткізді. 

“Қызыл аймаққа жағдайы өте ауыр, шұғыл көмек қажет ететін науқастар жіберіледі. Сары аймақтағы науқастарға көмектің кезектілік тәртібі жағдайының ауырлығына қарай анықталады. Ал жасыл аймаққа шұғыл көмекті қажет етпейтін, бірақ дәрігердің қарауынсыз үйде қала алмайтын азаматтар жіберіледі. Дәрігер оларға амбулаториялық ем тағайындап, қажет болса, әрі қарай емделу үшін емханаға жолдайды. Осылайша, емханалардың кешкі уақытқа дейін жұмыс істеуі жұмыс істейтін азаматтарға да медициналық көмек алуға мүмкіндік береді”, – деп қосты ол.

Маман осы тұста көпшіліктің жоспарлы медициналық көмектің мәнін кейде дұрыс түсінбейтінін алға тартты. Айтуынша, көбінде "Адам ауырмай тұрып, дәрігерге қалай алдын ала жазылады?" деген сұрақ туындаап жатады. 

“Жоспарлы медициналық көмек дегеніміз – ауру асқынып, жағдай нашарлағанша күтпей, ағзадағы өзгерістерге ертерек назар аудару. Мысалы, бір жері ауыра бастайды немесе аяқ-қолда жайсыздық пайда болады. Алайда көп адам мұндай белгілерге мән бермей, ауырсынуды басатын дәрі ішіп, жүре береді. Адам өз ағзасын тыңдай білуі қажет. Өйткені ағза денсаулықта бір өзгеріс болғанын алдын ала белгі береді. Ал ауру асқынып, жағдайы нашарлаған кезде ғана медициналық көмекке жүгінеді. Мұндай жағдайда, әрине, шұғыл көмек қажет болуы мүмкін. Бірақ бастапқыда бұл мәселені жоспарлы түрде шешуге болатын еді. Кейін науқас дәрігерге жазыла алмай, бос орын таппай, түрлі кедергіге тап болады. Бұған көбіне адамның өз денсаулығына уақытында назар аудармауы да себеп болады”, – деп түсіндірді ол. 

Тоқжан Базарғалиева ағзада қандай да бір белгі байқалған кезде ауру асқынғанша күтпей, дәрігерге алдын ала жазылып, қаралудың маңызын атап өтті. Айтуынша халық жоспарлы медициналық көмектің мәнін дұрыс түсінбей жүр. Әдетте дәрігерге алдын ала жазылу 3–4 күн бұрын жүзеге асырылады.

 

"Науқастар учаскелік дәрігерден жолдама алмай-ақ қандай көмекке жүгіне алады?"

Тоқжан Базарғалиеваның айтуынша, ультрадыбыстық зерттеуден (УДЗ) тегін өту үшін де алдымен дәрігердің қабылдауына бару қажет. Себебі маман науқастың шағымдарын тыңдап, денсаулық жағдайын бағалағаннан кейін ғана қандай тексеру керегін анықтайды.

“Яғни адам дәрігерге тек "маған УДЗ-ға жолдама беріңіз" деп бармайды. Ол алдымен денсаулығына қатысты шағымдарын айтып, қай жері ауыратынын және өзін не мазалайтынын түсіндіреді. Дәрігер науқастың жағдайын тексеріп, соған қарай қажетті медициналық қызметтерді белгілейді. Мысалы, УДЗ-ға немесе басқа талдауларға жолдама береді. Мұның бәрі бір қабылдау кезінде жүзеге асады. Қандай жағдайда қандай тексеру қажет екені клиникалық хаттамаларда көрсетілген. Оларды ғалымдар, дәрігерлер және басқа да мамандардан құралған біріккен комиссия әзірлеп, бекітеді. Медициналық көмек осы хаттамалар мен науқастың жағдайына қойылған диагнозға сәйкес көрсетіледі”, – деп түсіндірді ол.

Маманның айтуынша, егер дәрігер УДЗ-ға жолдама берсе, бірақ емханада жақын күндері бос орын болмаса, медициналық ұйым пациентке басқа мекемеден тексеруден өту мүмкіндігін ұйымдастыруы керек.

“Мысалы, емханада УДЗ аппараты болмаса немесе бос орын табылмаса, басқа медициналық ұйыммен қосымша келісімшарт жасасып, науқасқа сол жерден қызмет көрсету ұйымдастырылуы қажет. Бұл жүйе "бірлесіп орындау" деп аталады. Тағы бір маңызды жайт: егер пациент медициналық көмекті 15 күннен артық күтуге мәжбүр болса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгінуі керек. Себебі қолданыстағы ережеге сәйкес, медициналық қызметті күту мерзімі 15 күннен аспауы қажет”, – деп түсіндірді ол.

Тоқжан Базарғалиеваның сөзінше, кейбір жағдайда науқастар учаскелік дәрігердің жолдамасынсыз-ақ бейінді мамандарға тікелей жүгіне алады. Атап айтқанда, олар:

  • ЛОР дәрігеріне;

  • офтальмологке (көз дәрігері);

  • травматологке;

  • тіс дәрігеріне қарала алады.

Бұдан бөлек, тері аурулары байқалса, дерматологке қаралу үшін де учаскелік дәрігердің жолдамасы қажет емес. Акушер-гинекологке де әйелдер тікелей жүгіне алады. Алайда жүктілік бойынша есепке тұру тәртібі бөлек. Ал басқа гинекологиялық мәселелер бойынша маманға бірден баруға болады. Сонымен қатар жастар денсаулық орталықтарына да алдын ала жолдама алмай-ақ жүгінуге мүмкіндік бар.

“Мұнда бір маңызды жайтты түсіну керек: медициналық көмек шұғыл және жоспарлы болып екіге бөлінеді. Жолдамасыз бейінді маманға тікелей бару мүмкіндігі шұғыл медициналық көмекке қатысты. Мұндай жағдайда пациентке алдын ала жазылудың немесе Damumed арқылы кезек алудың қажеті жоқ. Мысалы, құлағы ауырған адам бірден ЛОР дәрігеріне, көзі ауырса, офтальмологке жүгіне алады. Ал жоспарлы медициналық көмек алу үшін пациент алдын ала жазылып, белгіленген уақытта дәрігердің қабылдауына келуі керек. Мысалы, адамның басы ауырып жүрсе немесе денсаулығына қатысты басқа шағымдары болса, ол дәрігердің қабылдауына жазылып, белгіленген уақытта қаралады”, – деп түсіндірді маман.

Еске салсақ, МӘМС-сіз қандай медициналық тексерулерден тегін өтуге болатыны туралы хабарлаған едік. Келер жылы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде тіркелмеген қазақтар да емханаларда бірқатар бастапқы медициналық тексеруден тегін өте алады. Егер тексеру кезінде әлеуметтік мәні бар ауру анықталса, оны диагностикалау мен емдеу шығынын мемлекет өтейді.

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 12 Қараша, 2026 19:14