"Қыдырәлі ренжімесін, бірақ бәрі басқаша болған": Ерлан Көкеев "АБК" тобының құрылу тарихын айтып берді
Әнші Ерлан Көкеев “АБК” тобының құрылу тарихына қатысты көпшілік біле бермейтін жайттарды бөлісті. Оның айтуынша, үш өнерпаздың бас қосуына студиядағы бір әннің жазылуы себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі топ құру идеясын Қыдырәлі Болманов ұсынды деген пікірмен келіспейтінін жеткізді.
“Қыдырәлі маған ренжімесін, бірақ ол үнемі “бұл менің идеям еді” деп айтады. Шын мәнінде, бәрі басқаша болған”, – деді әнші.
Ерлан Көкеевnің сөзінше, сол кезде ол музыкалық студияда аранжировка жасаумен айналысқан.
Бір әнді жазу барысында үш дауыспен орындалатын тұсын өзі айтып көргенімен, нәтижесі көңілінен шықпаған.
“Бір партиясын айттым, екіншісін, үшіншісін де жаздым. Тыңдап көрсем, дұрыс естілмейді. Өйткені бір адамның даусымен бірнеше партияны орындағанда электрон әсер пайда болады екен. Сол кезде студияға Қыдырәлі кірді. Оған әннің бір тұсын айтып беруді өтіндім. Айтып беріп, кетіп қалды. Тыңдасам, бұрынғыдан жақсырақ шыққан”, – деп еске алды Көкеев.
Кейін студияға Медеу Арынбаев келген. Оған жоғарғы дауысты орындауды ұсынғаннан кейін әннің үйлесімі табылған.
“Медеуге “мына жоғарғы партиясын айтып бере аласың ба?” дедім. Ол да айтып берді. Міне, сол кезде әннің үні ашылды. Осылайша қолымда үшеуіміздің дауысымыз жазылған бір фонограмма болды”, – деді ол.
Көп ұзамай Ерлан Көкеевті қала күніне арналған концертке шақырған. Әнші ұйымдастырушылардан Қыдырәлі Болманов және Медеу Арынбаевпен бірге өнер көрсетуге рұқсат сұраған. Ал топтың атауы концерт кезінде аяқасты пайда болыпты.
“Бір кезде Алексей Сергеевич бүкіл стадионға “АБК, сахнаға!” деп хабарлады. Біз өзімізге айтылып жатқанын түсінбей отыра бердік. Ол тағы қайталады. “АБК деген кімдер?” деп отырмыз. Сосын “Арынбаев, Болманов, Көкеев, сахнаға!” деді. Қарасақ, жаман атау емес сияқты. Сахнаға шығып, әнімізді орындадық. Кейін “АБК деген атауды қалдырайық” деп келістік”, – деді әнші.
Көкеевтің айтуынша, үшеуінің үлкені Қыдырәлі Болманов болғандықтан, кейін топтың ұйымдастыру жұмыстарына белсене кіріскен. Қаржы құйып, демеушілер іздеген. Ақылдаса келе, әріптестері оның продюсер болуына келіскен.
Сондай-ақ әнші сол тұста Медеу Арынбаевқа Мәскеуге барып, жеке шығармашылығын дамыту туралы ұсыныс түскенін айтты. Оның өнеріне қаржы салуға дайын кәсіпкерлер де болған. Алайда үшеуі бірге жұмыс істеуді таңдаған.
“Жастық жігеріміз тасып тұрған кез ғой. Бір-бірімізбен бауырлас болуға серттестік. Содан кейін бірге ән жазуды жалғастырдық. Қыдырәлі қаржы сала бастады, демеушілер тапты. Ол мұндай шаруаға өте пысық. Осылайша “АБК” құрылды”, – деп түйіндеді Ерлан Көкеев.
Еске салайық, бұған дейін Сәкен Майғазиев те "МузАРТ" тобының құрылу тарихын айтып бергені хабарланған еді.
