Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы отбасылардың көп бөлігі айына 150–300 мың теңгемен күн көреді

Отбасы бюджеті
Фото: iStock

Ұлттық банктің қыркүйектегі сауалнамасына қатысқан отбасылардың 30,9%-ы айлық табысы 150 мыңнан 300 мың теңгеге дейін екенін айтқан. Бұл — сауалнамадағы ең жиі кездескен табыс санаты. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Респонденттердің 23,6%-ы отбасының айлық кірісі 300–500 мың теңге екенін көрсеткен. Ал 13,4%-ы 500 мың теңгеден көп табыс табады.

Кейбір отбасылардың табысы бұдан әлдеқайда аз. Сауалнамаға қатысқандардың 12,6%-ы айына 100–150 мың теңге, 5,4%-ы 70–100 мың теңге алатынын айтқан. Отбасылардың 3,9%-ы 40–70 мың теңгемен, тағы 3,9%-ы 40 мың теңгеден аз қаражатпен күн көреді.

Көпшілік үшін негізгі табыс көзі — жалақы: оны респонденттердің 75,4%-ы атаған. Мемлекеттік жәрдемақы, зейнетақы немесе шәкіртақы алатындар — 33,2%, туыстары мен жақындарынан ақша көмегін алатындар — 9,2%.

Сауалнамаға қатысқан отбасылардың 60,3%-ында жинақ жоқ екенін айтқан. Ақшалай қоры барын 27,9%-ы растады.

Бағаның өсуін де көпшілік сезген: респонденттердің 47,3%-ы соңғы жылы тауарлар мен қызметтердің қымбаттауы бұрынғыдан жылдам болды деп есептейді. Тағы 37,7%-ы баға шамамен бұрынғы қарқынмен өсті деген пікірде.

Айта кетсек, біз бұған дейін ауылда және қалада тұратын отбасының шығынын есептеп көрген едік.

Айнура Дарибаева
Сәрсенбі, 11 Қараша, 2026 11:53