Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Толасыз жауған жаңбырдан соң Алматы көшелерін су басты: Тұрғындар арық жүйесін сынға алуда

Алматы жауын су басу
Фото: Желі кадрларынан скрин

Алматылықтар нөсер жауынның салдарынан қаланың бірнеше ауданын су басқанын айтып шағымдануда. Жаяу жүргіншілер өткелі, тротуарлар мен автокөлік жолдарынан бөлек тіпті Алатау метро станциясының кіреберісін суға толған. Тұрғындар бұл жағдайға қаладағы кей арықтардың бетін жабу себеп екенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тұрғындар түнімен желіде жаппай толасыз жауған жауынның салдарынан жол маңына су жиналып, таңмен қозғалыстың қиындағанын жазуда. 

“Жаңбырдан кейінгі Алматы: Мақатаев – Байтұрсынов көшелерінің қиылысы мен MEGA Park сауда орталығы маңындағы Сейфуллин көшесін су басқан. Арықтар қоқысқа толып, су жиналып қалған. Жаңбыр суын ағызу жүйесі де оған төтеп бере алмай жатыр. Жолдар мен жаяу жүргіншілер өткелдерін су басқан. Асфальттағы үлкен шалшықтардың астында шұңқырлар жасырынған. Жаяу жүргіншілер жұмысқа жету үшін айналма жол іздеп, судан секіріп өтуге мәжбүр. Алматыда асфальттың үстіне қайта-қайта асфальт төсеп, жаңа бордюрлерді жаңасына ауыстырып жатады. Бірақ арықтарды уақытылы тазалап, жаңбыр суын ағызатын жүйенің дұрыс жұмыс істеуін неге қамтамасыз ете алмайды? Қаланы күзгі жаңбыр мен қысқы қарға дайындау соншалық қиын ба?” – деп жазды Айгерім есімді тұрғын. 

Бұдан бөлек тұрғындар Алатау метро станциясының кіре берісі суға толған сурет, видеолармен де бөлісті. Айтуларынша бұл аймақта су басу мәселесін тұрғындар бұрыннан көтеріп жүр. 

“Қаланы абаттандырумен айналысатын адамдардың біліксіздігі осындайда көрінеді! Абай мен Жароков көшелерінің қиылысы! Жыл сайын Жароков көшесінде жаңбырдан кейін өзен пайда болатынына шағымданамыз. Бүгін де Жароков пен Құрманғазы көшелерінің қиылысын су басып, айнала көлкіп жатыр. Жароков көшесінде мектеп бар, ата-аналар балаларын көтеріп алып жүруге мәжбүр. Енді бұған тағы мына жағдай қосылды!”, – деп жазды тағы бір тұрғын. 

Көпшілік қаладағы биыл беті жабылып жаңартылған арық жүйесін сынға алды. Айтуларынша, олардың беті жабылғандықтан жаңбыр суына төтеп беру қиындаған, ал беті ашық арықтар қоқысқа толып қалған. 

“Алматы, ал, тағы да жүзіп жүрміз. Қалаға жаңбыр суын ағызатын кәріз жүйесін қайтарыңыздаршы! Біз бәрібір Венецияда емес, алып мегаполисте тұрамыз ғой. Кеше жаңбыр небәрі 30 минут жауды, ал көшелер әп-сәтте өзенге айналды. Мұндайды бұрын-соңды көрмеппін. Бір-екі тамшы жауса болды, бірден топан су басады екен”;
“Арықсыз өткен алғашқы жаңбыр. Көшелердің дәл осылай су астында қалғанын алғаш рет көріп тұрмын. Розыбакиев көшесін қайта жаңғыртудың нәтижесі осы”, – деп жазды жүртшылық. 

Алмалы мен Наурызбай ауданының тұрғындары да жауыннан кейін қозғалыс қиындағанына шағымдануда. 

“Құрметті Наурызбай ауданының әкімдігі, өздеріңіздің қастарыңызды әдемілей бергенше, төмен түсіп, көрсеңіздерші жағдайларды. Кішкене жаңбыр жауған түрі осы болса, күні бойы жауса не боларын түсініп тұрған боларсыздар. Бұл - Алма сити 5, қанша жылдан бері ештеңе өзгермеді”;
“Кеше түнгі сағат 12 шамасында ғана тазалау жұмыстары жүргізіліп, арықтардағы бітелген жерлер ашылғанын, жаңбыр суы жүйелері тазартылғанын хабарлаған едіңіздер. Алайда бүгін таңертең жағдай қайтадан осындай болып отыр. Алмалы ауданының әкімдігінен осы мәселеге назар аударып, тиісті шара қабылдауды сұраймыз!”, – деп жазды олар. 

Редакциямыз қаладағы таңертеңмен басталған дүрбелеңге байланысты Алматы қаласының әкімдігінен пікір сұрады. Әкімдік арықтар жүйесі қаланың барлық жерінде жабылмағанын, ашық арық жүйелері жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Әкімдік ауа райына байланысты алдағы күндерде де жауын жалғасатынын және су басуға қарсы жұмыстар жүргізіліп жатқанын алға тартты. 

”Алматыда 10 қараша кешінен бері толассыз жаңбыр жауып тұр. "Қазгидромет" РМК мәліметінше, 11 қараша сағат 10:00-дегі жағдай бойынша қалада 23 мм, Медеу ауданында 26 мм, Каменск үстіртінде 36 мм жауын-шашын түскен. Коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп, көшелер мен аулаларда су жиналған жерлерді тазалап жатыр. Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы өкілдерінің мәліметінше, түнде қаланың бірнеше ауданында су жиналғаны анықталған. Қолайсыз ауа райының салдарын болдырмау және жою үшін жалпы саны 1 579 адамнан құралған 85 жедел бригада кезекшілікке шықты. Жұмысқа 415 техника мен 97 мотопомпа жұмылдырылып, 2 950 құм салынған қап дайындалды. Тәулік бойғы жұмысқа 3 253 жол саласы жұмысшысы тартылды”, – деді әкімдік. 

Ведомство сонымен қатар қала тұрғындарына қолайсыз ауа райында жолда абай болып, көлік жылдамдығын азайтуды ескертті. 

“Сондай-ақ көліктерді су жиналуы мүмкін аумақтарға қоймау керек. Қатты жел кезінде ағаштардың түбінде және жарнама құрылымдарының маңында жүрмеген жөн. Синоптиктердің болжамынша, 11 қарашада жаңбыр күні бойы оқтын-оқтын жауады. Тағы 10 мм-ге дейін жауын-шашын түсуі мүмкін. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Күндіз ауа температурасы +5…+7 °C шамасында болады. 12 қарашада жауын-шашынсыз ауа райы болжанып отыр, тұман түсуі мүмкін”, – деп қорытты әкімдік.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда көшелерге брусчатка мен жиектер орнатқан құрылыс компанияларына жаппай айыппұл салынған еді. Абаттандыру талаптарын бұзған үшін 43 құрылыс компаниясына жалпы сомасы 5,7 миллион теңге айыппұл салынды.

Гүлсезім Мұхатай
Сәрсенбі, 11 Қараша, 2026 11:33