Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астаналық оқушы үш жылда 800 кітап оқып үлгерген

Батыр кітап
Фото: Астана әкімдігі

Астанадағы №83 Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Батыр Балтабеков үш жылда 800-ден астам кітап оқып, 100-ге жуық өлең жазған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

800 кітапты үш жылға бөлсек, Батыр аптасына орта есеппен бес кітаптан оқыған. Яғни, ол күніне бір кітапқа жуық шығарманы аяқтаған.

Оқушы қандай кітаптарды оқиды?

Елорда әкімдігінің мәліметінше, Батыр қазақ және әлем классиктерінің шығармаларын оқығанды ұнатады. Оның сүйікті авторларының қатарында Мұхтар Әуезов, Абай Құнанбайұлы және Мұқағали Мақатаев бар. Ол кітаптарды қазақ және орыс тілдерінде оқиды.

Батыр кітап оқуға деген қызығушылығын достарына да сіңіруге тырысады. Біреуге шығарма ұсынбас бұрын оның қандай жанрды ұнататынын сұрап, талғамына қарай кітап таңдап береді.

Оқушының кітапқа деген қызығушылығын отбасы да қолдайды. Батыр үйде оқыған шығармаларын әдебиетке құмар әжесімен жиі талқылайды.

Сонымен қатар ол тек кітап оқумен шектелмейді. Өзі де өлең жазады. Қазір оның 100-ге жуық өлеңі бар.

"Батыр шағын мақалалар мен өлеңдерден бастап көлемді романдарға дейін әртүрлі жанрдағы шығармаларды оқиды. Оның танымға деген қызығушылығы өте жоғары. Әдеби байқаулар мен шығармашылық сайыстарға жиі қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр", – деді сынып жетекшісі Нұрбек Шалғынбай.

Мектеп кітапханасында оқушының формулярын екі рет ауыстырған

Батыр мектеп кітапханасына төртінші сыныптан бастап тұрақты түрде барып жүрген. Кітапханашы Әсия Әбілдинаның айтуынша, осы уақыт ішінде оқушының оқырман формулярын екі рет ауыстыруға тура келген.

Ол кітаптардың басым бөлігін мектеп кітапханасынан алады. Көбіне көркем әдебиет пен классикалық шығармаларды таңдайды.

"Ол – кітапханаға жиі келетін, ең белсенді оқырмандарымыздың бірі. Кітапты үнемі алып тұрады. Әсіресе көркем әдебиет пен классикалық шығармаларды ұнатады. Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне ерекше қызығады", – деді кітапханашы.

Қазір Батыр мектеп бітіру емтихандарына дайындалып жүр. Соған қарамастан кітап оқуын жалғастырған. Сондай-ақ ол "Кітап оқитын ұлт" республикалық марафонына қосылып, осы уақытқа дейін бес-алты кітап оқып, олар туралы пікірлерін жариялаған.

Мектепті аяқтаған соң Батыр тарих мамандығын меңгеріп, мұғалім болуды жоспарлап отыр. Қала әкімдігі оқушының 800 кітаптан басталған оқырмандық жолы алдағы уақытта да жалғасады деп үміттенеді.

Еске салайық, қазақстандық БАҚ беттерінде Айханым Оқасова есімді оқушы қыздың Гарвард университетіне оқуға шақырту алғаны туралы ақпарат тараған еді. Сонымен қатар оның шетелдегі басқа да университеттерге қабылданғаны, тоғыз тіл білетіні және FLEX бағдарламасына қатысқаны айтылды. 

Бәрі неден басталды?

Айханым Оқасова туралы ақпарат алғашында Digital Business басылымында жарияланған. Басылым Павлодардағы №47 мектептің 11-сынып оқушысы Гарвард университетіне оқуға қабылданғанын хабарлады.

Олардың дерегінше, 17 жастағы оқушыға Гарвард университетінің Harvard Extension School бөліміндегі Bachelor of Liberal Arts (ALB) бағдарламасы бойынша білім алу ұсынылған. Басылым оның оқу ақысын толық өтейтін грант иеленгенін де жазды. Айханымның айтуынша, қабылданғаны туралы хат оған 30 қазанда келген. Ал оқуын 2027 жылдың күзінде бастауды жоспарлаған.

Оған қоса оқушы тоғыз тіл меңгергенін, TOEFL емтиханынан 110 балл жинағанын айтқан. Сонымен қатар қытай тілінен HSK 5 сертификатын алғанын және корей тілі бойынша біліктілік сынағынан өткенін жазған. Сонымен қатар Айханым тіл үйрету саласында тәжірибесі барын, осы уақытқа дейін 700-ден астам оқушыға сабақ бергенін мәлімдеген. Оған қоса, Ailingo атты тіл үйренуге арналған білім беру платформасын дамытып жатқанын жеткізген.

Айханым Гарвардтың аталған бағдарламасына 2025 жылы, 10-сыныпта оқып жүрген кезінде қызығушылық танытқан. Болашақта педагогика, шет тілдері және білім беру технологиялары бағытында білімін жетілдіріп, алған тәжірибесін Қазақстандағы білім саласын дамытуға пайдалануды көздейтінін айтқан.

Алайда көп ұзамай оқушының жетістіктеріне қатысты күмән туындады.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 11 Қараша, 2026 10:01