Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дүкен мен қызметке қатысты шағымдардан кейін қазақстандықтарға 2,17 миллиард теңге қайтарылды

ақша
Фото: Pexels

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында қазақстандықтар тұтынушылар құқығын қорғау мәселесі бойынша 72 мыңнан астам рет мемлекеттік органдарға жүгінген. Көбіне дүкендегі саудаға, интернеттен сатып алуға және тұрмыстық қызметтерге шағымданған. Мемлекеттік органдардың көмегімен азаматтардың мүліктік құқықтары 2,17 миллиард теңгеден астам сомаға қалпына келтірілген. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Қалпына келтірілген сомаға тек қайтарылған ақша емес, тауарды айырбастау немесе ауыстыру сияқты өтем түрлері де кіреді.

Шағымдардың басым бөлігі дүкендерге қатысты болған: 31 186 өтініш немесе жалпы санның 42,9%-ы. Интернет-дүкендер мен электронды саудаға байланысты 12 264 адам шағымданған. Бұл — өтініштердің 16,9%-ы. Ал тұрмыстық қызметтерге қатысты 7 065 шағым түскен. Осы үш бағыт барлық өтініштің шамамен 70%-ын құрайды.

Өтініштердің 23 мыңға жуығында тұтынушылардың талабы орындалған. Тағы 26 мың адамға заңгерлік көмек көрсетіліп, кеңес берілген. Алматы, Астана және Шымкентте қалпына келтірілген мүліктік құқықтардың сомасы жоғары болған.

Мемлекеттік органдар 107 ірі істі қараған. Соның нәтижесінде 365 адамның құқығы қорғалып, жалпы сомасы шамамен 1,03 миллиард теңгенің мәселесі шешілген. Тоғыз айда бизнеске қатысты 1 347 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 1 836 әкімшілік іс қозғалған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 54,3 миллион теңгеге жеткен.

Тұтынушы құқығын қалай қорғауға болады?

Алдымен сатушыға немесе қызмет көрсетушіге жазбаша талап жіберу керек. Онда мәселені түсіндіріп, не талап ететініңізді — ақшаны қайтару, тауарды ауыстыру немесе кемшілікті жөндеуді көрсету қажет. Сатушы талабымен келіспесе, өтінішті алған күннен бастап 10 күнтізбелік күн ішінде дәлелді жазбаша жауап беруге міндетті. 

Мәселе шешілмесе немесе сатушы жауап бермесе, Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне не оның аумақтық департаментіне шағымдануға болады. Өтінішті e-Otinish жүйесі арқылы беруге болады. Шағымға сатып алуды растайтын түбіртек, келісімшарт, сатушымен жазысқан хаттар мен жіберілген талаптың көшірмесін тіркеген жөн.

Айта кетейік, бұған дейін біз алтын мен әшекей бұйымдарды қалай ажыратуға болатыны туралы жазған едік.

 

Айнура Дарибаева
Сейсенбі, 10 Қараша, 2026 11:04